22 қыр, 2016 сағат 12:45

Таласбек Әсемқұловтың көптомдығы жарық көрді

Өзінің «талтүсіне» келген шағында тар дүниені тәрк еткен Таласбек Әсемқұловтың «Қазақ энциклопедиясы» шығарған бес томдық кітабының тұсаукесері өтті. Жақсының артында іздеуші, түгендеуші, жанашыр адамдардың болуы заңдылық қой. Астананың кешін осы күні талантты Таласбекке арналған бас қосу әсерлі етті. Жасампаздардың түйсігі түрткіленді. Інілердің ізеті үлгілі болды. Ағалардың естелігі ескі күндерден жаңа ақпар берді. Ет пісірім уақытқа созылған жиында тұлғамен етене танысып, болмыс-бітімі айшықталды. Ал шығармашылық қуатымен бес томдық кітапта жүздесуге мүмкіндік бар.

Жазушы қазақ өнерінің, мәдениетінің жанашыры болатын. Екі буынды есейтіп, кейінгі із кесушіге эрудит шығармалар қалдырған тұлғаның биігіне қашан, кім жетері беймәлім. Ғалым Тұрсын Жұртбай айтпақшы, «Таласбектің бойында бес кісіні тарихи тұлға ететін қасиет бар» еді.

таласбек.jpg

Дәулескер күйші, қиялы көреген суреткер, танымы терең публицист, ешкімге есесін жібермейтін этногроф, төл киноның шырақшысы деген теңеудің бәрі аталмыш тұлғаға артық етпейді. Артығы былай тұрсын, тіпті бұл кем ғой. Оның өз қолынан жасалған домбыралары өнер адамдары арасынды қолданылып жүр. Бұл туралы Тұрсын Жұртбай: «Таласбек маған үш домбыра жасап берді. Соның бәрі қолдан-қолға өтіп, Жәнібек Кәрменов бастаған өнерпаздардың еншісіне бұйырды. Қазір сол домбыралардың екеуін сахналардан көріп қалам. Олар менікі болатын» дейді. Таласбектің композиторлығы бір төбе. Авторлық күйлерін шәкірттері орындағанда көпшіліктің көзінен еріксіз аққан жасты көрдік. Босаған буын, тазарған көңілді сезіндік. Жаңбырдан кейінгі жаңашылдық жанымызға ұялағандай болды. Сөз соңында Тұрсын ағамыз, «Таласбек эпикалық тұлға. Бірақ оның үлгі тұтар ағасынан гөрі, ізгі тұтар інілерінің қарасы көп. Сол ізбасарлар жазушының екінші өмірін биік межеге жеткізеді ғой деп ойлаймын» деді.

Сонымен қатар Таласбек Әсемқұловтың шәкірттері Дидар Амантай, Ерлан Төлеутай, Ықылас Ожайұлы өз ойларымен бөлісіп, өнерлерін ортаға салды. Ықылас ақынның айтуынша, «қазіргі сөз ұстартқан жастардың арманы Таласбектің танымына бойлау» екен. Дидар Амантай, жазушының аудармашылығын жоғары бағаласа, Ерлан Төлеутай, өнер танудағы танымын үлгі етті.

Омар Жәлел, абайтанушы:

- Бүгін үлкен оқиға болып жатыр. "Нағыз талант кітаптарының шығуына кедергі келтіреді" деген тәмсіл бар. Көзі тірісінде шықпаған кітаптар енді жарық көріп жатыр. Бірақ Таласбек ағам өзінің ұстанымын «Талтүсте» айтып кетті. Атасы айтады ғой, «балам қандай жағдай болмасын өнеріңді сатпа» деп. Ол кісі өнерге адал болды. Енді аз жасады, көп жасады деп кесіп айтуға болмайды. Бұндай пікірлер Есенин өзіне қол жұмсап, өмірден өткенде де көп айтылған. Сонда Марина Цветаева: «Есенин беретінін беріп кетті, оған өкініш білдірудің қажеті жоқ» деген екен. Тәкең ұлы әдебиетшілікпен қатар «парадоксальді ойлаудың» шебері еді. Ол ойлары өзі айтатын анекдоттарында кездесіп жататын. Бұл кісінің қоғам алдындағы қорғанысы осындай әңгімелер арқылы болды ғой деп ойлаймын. Нормаға сыйматын адам, анекдоттар арқылы өмір сүру формасын көрсетті. Барлығына тойтарыс беріп, жоққа шығарып отырды. Бұл Абайдан келе жатқан дәстүр еді ғой. Тәкеңнің бейнесі – шын мұсылмандық еді. Тағы бір айта кететіні бұл кісімен әңгімелесу қарапайым адамға қауіпті болатын. Генийлік пен адасушылықтың арасы бір-ақ қадам дейді ғой. Ясперс айтады: «Ницщені байқап оқу керек. Оның шығармаларының қайссы сау ақылмен, қайссы шалықтап отырып жазылғанын айыру қиын. Ницшеге үлкен дайындық керек», дейді. Бірақ бұндай құбылыс Тәкеңнің ауызекі әңгімелерінде ғана болатын. Бұл деңгей шалықтаушылық емес, мол білімнің арқасында келеді деп ойлаймын.

Бағлан Оразалы,

"Әдебиет" порталы