01 қар, 2016 сағат 10:10

Табиғи аумақтағы туризм әрі демалыс, әрі табыс көзіне айналып отыр

Елбасымыздың Ұлт жоспары – бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 57-қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту жайы атап көрсетілген. Оңтүстікте туризм бағыты, оның ішінде экологиялық туризмнің даму қарқыны қалай? Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрылуы, ондағы туризм бағытындағы атқарылып отырған істер мен туристердің келу қарқыны туралы айтпақпыз.

Бұл орайда елімізде 2000 жылдардан бері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде экологиялық туризмді дамыту тетіктері қолға алына бастады.

Кезінде алаштың айтулы азаматы Тұрар Рысқұловтың айрықша еңбегі, елге жанашырлығы мен көрегендігінің арқасында 1926 жылдың шілде айында республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. Биыл оған 90 жыл толды. Қорық аумағында бүгінгі күні жаяу жүргіншілерге, атқа мініп серуен­деушілерге, автокөлікпен жүріп тамаша­лаушыларға арналған, талай шетелдік туристердің табаны тиген Талдыбұлақ, Жетімсай, Байбарақ, Кіші Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды асуы, Кіші Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды шатқалы, Үлкен Қайыңды шатқалы – Бойдақсай шатқалы – Қыз өлген көлі – Қасқабұлақ шұқыры, Үлкен Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды асуы, Ақсу өзені каньоны – Ақсу өзенінің көпірі, Ақсу өзені каньоны – Таяқсалды шатқалы, Көксай шатқалы – Көксай көлі бағыттарындағы 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл соқпақтар арқылы Талас Алатауы, Қаратау және Боралдай тауларының әсем табиғатын, өсімдіктер дүниесін тамашалап қана қоймай, жабайы жан-жануарлармен жиі ұшырасуға болады. Атап айтқанда Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау ешкісі, Тянь-Шань және Қаратау арқарлары сияқты аң­дар осы қорық аумағын мекен етеді. Сон­дай-ақ, қорық кеңсесінде жабайы аң-құстарға арналған музей орналас­қан.

Өткен жылы қорық 1 471 турист қабылдап, туристік және рекреациялық қызметтен 5 395 мың теңге көлемінде қаржы түсірген. Туристердің ішінде елі­­міз­­ден өзге АҚШ, Еуропа, Азия құрлықтарының бірнеше мем­ле­кет­те­рі­нен туристер келген. Бүгінгі таңда Жабағылы ауылында қорықтың 10 адам­ға арналған қонақүйі мен жеке кәсіпкерлердің қонақ-үйлері жұмыс істейді.

Қуантарлық жағдай, 2015 жылдың мау­сым айында ЮНЕСКО тарапынан «Ақсу-Жабағылы» қорығына био­с­фера­лық резерват дәрежесі берілді. «Ақсу-Жабағылы» қорығын он жылдан аса басқарған қорық басшысы А.Меңлібековтің айтуы бойынша, көптеген жылдар бойы жоғалып кеткен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қар барысы мен Түркістан сілеусіні соңғы жылдары мемлекеттік инспекторларға ұшыраса бастаған.

«Ақсу-Жабағылы» қорығынан кейін 2004 жылға дейінгі сексен жыл­ға жуық уақыт аралығында заң­ды тұл­ға мәртебесі бар ерекше қор­ға­ла­тын табиғи аумақтар оңтүстік өл­ке­міз­де құрылмаған. Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының «Қызыл кітабына» ен­ген Қаратау арқары құрдымға кетіп бара жат­қан тұста, осы арқарларды қор­ғау мақсатында Түркістан өңіріндегі Қара­тау тауының 34 300 гектар учаскесіне 2004 жылы «Қаратау» мемлекеттік таби­ғи қорығы құрылды. Осылай бұл­ да бір шешімін тапқан іс болды. Себе­бі, қорық құрылған жылы қорық аума­ғын­да арқарлар саны шамамен 38
бас­ты құраса, қорғау және күзету бағы­тындағы жұмыстарды мекеме басшысы Ж.Әділбаевтың жүйелі жолға қоюы нәтижесінде он шақты жылда 8,5 есеге көбейіп, биылғы жылдың басына 321 басты құрап отыр. Бұл қорықта да Хантағы-Кемпіртас бағытында туристік соқпақ ұйымдастырылып, жұмыстар атқарылуда. 2015 жылы барлығы 86 турист «Қаратау» қорығы аумағында болып, табиғатын тамашалаған. Туристік және рекреациялық қызметтен түскен қаржы көлемі 500 мың теңгеге жетті.

Осыдан кейін 2006 жылдың ақпан айында облыстың Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарының таулы аумағында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Биылғы жылы бұл парктің құрылғанына он жыл толды. Он жыл көлемінде паркте туризмді дамытуда, ғылыми жұмыстар жасау, қорғау күзету бағыттарында ау­қым­ды істер атқарылды. Бұл паркті сөз ет­кенде, оның құрылуына мұрындық бо­лып, он жыл көлемінде басқарған Же­ңіс­бек Тұрғановтың елеулі еңбегін атап өту жөн.

Ұлттық парктің қорықтарға қа­ра­ғанда ерекшелігі: мұнда шектеулі ша­руа­шылық аймақтарында белгілі бір ша­руашылықпен айналысу мүмкін­ді­гі бар. Қазіргі таңда парктің даму жоспарына сәйкес 34 учаске ұзақ мерзімді жалға берілді. Атап айтқанда, «Алтын Дән» ЖШС, «East West company LTD» ЖШС, «Balnur» ЖШС, «Қасқасу Тур» ЖШС демалыс аймақтары, онда тек жергілікті емес шетелдік туристер де келіп таза ауамен тыныстап, демалыс­тарын өткізіп жатады. Өткен жылғы маусымда барлығы 15 764 адам туристік рекреациялық мақсатта парк аумағында болған. Ақылы қызметтен 15930,7 мың теңге қаржы түсірілген.

Парк аумағында бүгінгі таңда Мақпал көлі, Өгем ауылы – Сусіңген көлі, Сазан ата өзені бойындағы петроглифтер, Сайрамсу көлі, Сарыайғыр өзені – Сусіңген көлі, Бозторғай жылғалары, Сайрамсу өзені – Владислав шыңы – Сайрамсу өзені, Қасқасу өзені – Сусіңген көлі, Сарыайғыр өзені бойындағы шатқал, Құс базары туристік бағыттары жұмыс жасап келеді.

Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар­­дан өзге жергілікті маңызға ие Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік таби­ғи паркі 2012 жылы құрылды. Өңірлік парк аумағында да Боралдай шатқалы – Тұра жартасы, Шұқыршақ сарқырамасы, Бұқар бұғылары туристік соқпақтары ашылған. Түркістан қаласы аумағындағы Бұқар бұғылары соқпағымен серуендеу барысында парк филиалының Сырдария өзені жағалауынан бұқар бұғыларын кездестіріп, тамашалауға болады. Бұл бұғылар кезінде Түркістанның 1500 жылдық тойына Елбасы Н.Назарбаевтың тартқан үлкен тартуы болатын. Бүгінгі күні бұғылар саны көбейіп жүзден асып отыр.

Осы жерде тағы бір айта кететін жағ­дай, Елбасының бастамасымен Астана маңында құрылған «Жасыл аймақ» белдеуі оңтүстік өңірінде де жалғасын тауып, Шымкент қаласы маңындағы «Жасыл аймақ» белдеуі 6 000 гектарға жуықтап келеді. Бұдан бөлек, Қостұра – Тұттыбұлақ қойнауы – Қасқабастау – Мойнақ өткелі – Боралдай шатқалы, Қаражан тауы – Орта Сүңгі шатқалы, Аяқ Сүңгі өзені – Аяқ Сүңгі шатқалы, Шардара су қоймасы маңы – Байырқұм көпірі туристік маршрут­­тары бекітілген.

Өңірлік парк құрылғанға дейінгі осы аумақтарда қызметтерін атқарып келген 13 аңшылық алқап қызметтерін тоқтатып, бүгінгі күнде ол жерлерде туризм бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 9 учаске ту­ристік және рекреациялық мақсатта ұзақ мерзімді жалға берілді. Өткен жы­лы парк аумағында 2 184 азамат бол­ған. Туристік қызметтен түскен қаржы кө­лемі 1 831 мың теңге.

Жалпы алғанда өткен жылы облыс­та­ғы ерекше қорғалатын табиға аумақтарға ке­лу­ші­лердің саны 19 505 адамды құ­рап, туристік және рекреациялық қыз­меттерден 23 млн теңгеден астам қаржы түсірілген. Биылғы жылдың 9 айында табиғи аумақтарды тамашалауға келген туристер саны 20 470 азаматты құрап, 16 млн-нан астам қаржы бюджетке құйылды.

Әлі де өлкемізде туризмді дамыту мақсатында қыруар жұмыстар жасауды қажет етеді. Сондықтан, оңтүстік өңі­­рін­де туризм индустриясымен және рекреациялық қызметтермен ай­налысатын ұйымдарды бір жерге то­ғыстыру, үздік инвесторлар тарта отырып туристік кластерлер құру – сала ма­мандарының басты міндеті.

Мемлекет басшысының 2013 жыл­ғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен бекітіл­ген Қазақстан Республикасының «Жа­сыл экономикаға көшу» тұжырым­дама­сының экожүйелерді тиімді басқару жә­не сақтау бөлігінде орман, балық ша­руа­шылығымен бірге тірі табиғатты ке­шен­ді басқару мен экологиялық туризм мә­селелері қаралған болатын. Онда Қазақстанда экологиялық туризм­нің, оның ішінде инфрақұры­лым­ның қарқынды дамып келе жат­қан­дығы, сонымен бірге, экотуризм ландшафтарының сақталуына баса көңіл бөлу көрсетілген.

Сөйтіп, біз Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы­­­ның ұлттық парктері мен қо­рық­тары жайлы сөз еттік. Отаны­мыздың осындай байлығы тұрғанда көптеген қалталы аза­мат­тарымыз өзге мемлекеттердің эко­­тур­изміне қаржы құйып жатады. Шынтуайтына келгенде, біздің жері­міз­­­дің табиғаты әлемдегі мақтаулы ел­­­дер­­дің ғажайыптарынан еш кем түс­пей­ді. Өзіміздің экотуризмді дамыту – елі­­міздің келешегіне салынған зор ин­вес­тиция екендігін азаматтарымыз ұмытпаса екен.

Мұхиддин АЯЗОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және

жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы

ШЫМКЕНТ

2642_oko_5

2642_oko_6

2642_oko_3