Фото: Самұрық-Қазына
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының кооперативті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың қорға тиесілі еншілес компаниялардың басшылық құрамға сыйақы төлеу саясаты туралы сауалына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Ғибрат Ауғанов жазда ғана қоғамда резонанс туғызып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген мәліметтің күзде Мәжіліс мінберінен қайта көтерілгеніне таңғалып отыр.
«Бұл мәселе шілде айында айтылып, бүкіл БАҚ-қа түсіндірме ретінде ақпарат бергенбіз. Тіпті KASE алаңында осы мәселеге байланысты баспасөз мәслихатын да өткіздік.
Неліктен бүгін қойылғанын білмеймін. Екі ай болды. Е.Саиров мырза қоғамдық кеңестің отырысына келген жоқ. Өзінен сұрайтын едік. Қоғамдық отырыстарда да жауап бергенбіз», - дейді ол.
Акционерлік қоғам өкілі депутат сауалында аталған компания қызметкерлерінің айлығы мен сыйақыларын төмендетуге болмайды деген пайым айтты.
«Неге төмендетуге болмайды? Біздің компанияларымыз – ұлттық компаниялар. Жалпы «Самұрық-Қазынада» 270-тен астам еншілес компания бар. Әр компания – нарық. Мысалы, бір компанияның басшысын алайық. Ол лауазымға тағайындалу үшін тиісті білімі болу керек. Жауапкершілік алады. 5 мың, 10 мың жұмысшыға жауапты болады. Оның бәрінің бизнес көрсеткіштерін, қаржылық көрсеткіштерін орындау керек. Қазақстанның дамуына үлес қосатын, соған нақты лайықты басшы болу керек. Нақты лайықты басшы болу үшін, нақты лайықты жалақы болу керек», - дейді акционерлік қор директоры.
Айтуынша, басшылар мен менеджерлердің айлығы мен сыйақысын төмендетсе, қазіргі қызметтерінде тұрақтап қалмауы мүмкін.
«Біздегі проблеманың бірі мынадай: Біздің жақсы менеджерлерімізді ішкі нарық, ішкі бизнес бәсекелестік жолмен тартып алады. Жалақысын біздегіден көтеріп ұсынады да, біз дайындаған мамандарды алып кетеді. Сол себепті басшыларға төлейтін сыйақыны төмендету мәселесін копоративтік регламенттер шешеді. Әр компанияның шарттары, ережелері бар. Біз операциялық мәселелерге кіре алмаймыз. Әр компанияға «басшыларға мынанша төле» деп міндет қоя алмаймыз. Себебі лимит бар. Лимиттерді қайта қарап жатқан жоқпыз. Бірақ біз 2022 жылдан бастап ең төмен жалақы алатын жұмысшылардың айлығын Қазақстандағы орташа жалақыға дейін көтеру бағытында үлкен жұмыс атқарып жатырмыз», - деді Ғибрат Ауғанов.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазына» қоры құрылымындағы компаниялардың қаржылық операцияларын тексеруді сұраған болатын.