19 ақп, 2020 сағат 13:28

Сырым Шәкизада: «Білімнің діни және дүниәуи деп бөлінуін құптамаймын...»

Дін саласы асқан жауапкершілікті талап ететін, қиын да маңызды сала екені белгілі. Бүгінде Қазақстан Республикасы бойынша дінге бет тұрған жастар саны артып келеді. Оның бірден бір дәлелі – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін таңдайтын мыңдаған шәкірт. Жуырда аталған университеттің докторанты, Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, еліміздегі алғашқы ислам онлайн академиясының негізін салушылардың бірі – Сырым Шәкизаданың «23 жастағы докторанттың ONLINE OFFLINE ОЙЛАРЫ» атты кітабы жарық көрді. Автордың алғашқы тырнақалды туындысы онлайн және оффлайн кезінде туындаған қысқа-нұсқа ойлардан жинақталған. Ал негізгі мазмұны өмір, дін және білім тарауларынан құралады. Одан өзге әрбір жазылған сөз бірнеше бетпен түсіндірілмей, мәтіннің негізгі меңзеген мағынасы мен түпкі ойын анықтауды оқырманның еншісіне қалдырған. Осы орайда «Ұлт» порталы жас ғалымды әңгімеге тартып, дін саласының мүмкіндіктері мен қиындықтары хақында сұхбат құрды.

– «23 жастағы докторанттың ONLINE OFFLINE ОЙЛАРЫ» атты кітабыңыз жарық көріпті. Құтты болсын! Әңгімемізді осыдан бастасақ. Кітап не туралы, қалай жазылып, қалай жарыққа шықты?

– Рақмет. Кітап - афоризм форматында жазылған қысқа-нұсқа ойлар жиынтығы. Бұл шағын кітапшаны жазып әрі оны жинақтау 23 жасымда докторантураға аяқ басып, ғылыми-зерттеу жолына түскен сәтте туындады. Сол үшін де еңбектің атауы 23 жастағы деп басталады. Мінеки, сол уақыттан бастап қазірге дейін жазған ойларымды бір кітапшаға жинақтадым. Кітапшаны оқып отырып кейде күлесіз, кей уақытта терең ойланасыз. Сарказм, ирония, анализ де, философия да бар...

– Бұл кітап арқылы не айтқыңыз келді? Жас мамандарға берері бар ма?

– Кейде бір мәселенің түйінін, түсіндірмесін парқына барып, дұрыс пайымдалмаған парақтар мен сәні келмей тұрған суреттер емес, керісінше оның орнын бір ғана сөйлемнің мазмұны қамтиды. Іштегі қалауды сыртқа шығартатын, жауларды қайта жолдас ететін сөздің құдіреті мен айтпасам да, ерекше күшке ие ғой. Сондықтан сөздің құдіреттілігін жеткізгім келді. Сондай-ақ оқырманға бір тамшы ойдан ой туындатса, сол жан оқып отырып "шынымен-ақ солай екен" деп харекетке қадам басса, демек пайдасы тиді деген сөз. Кітап арнайы жас мамандар үшін арналмаған. Кез келген жастағы әрі кез келген саладағы адам еркін, еш қиындықсыз оқи алады.

– Кітаптың негізгі мазмұны өмір, дін және білім тарауларынан құралады дейсіз. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторантысыз ғой, жалпы өзіңіздің діни біліміңіз толығымен қалыптасты дей аласыз ба?

– Білімім толығымен қалыптасты дей алмаймын. Сол үшін де магистратура мен докторантура жолын таңдап, тереңірек оқып-меңгеруді қалап, зерттеу үстіндемін. Бірақ жалпы теория бойынша ғылымды толықтай игеруге адамның ғұмыры жете бермейді. Сондықтан тал бесіктен жер бесікке дейін тағылымы бойынша үздіксіз ізденіс керек.

Негізі білімнің діни және дүниәуи деп бөлінуін құптамаймын...

– Еліміздегі алғашқы ислам онлайн академиясының негізін салушылардың бірі екенсіз. Осы туралы айтыңызшы, академияның мақсат-міндеттері не? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ислам онлайн академиясы өз жұмысын 2019 жылы қараша айында бастады. Қазіргі таңда 1-кезеңнің дәрістері жүріп жатыр. Академияның негізгі мақсаты: қазақ қоғамының ғылыми әрі діни-рухани әлеуетін тиімді жолмен көтеру мақсатында ислам ілімдерін, нақтырақ айтқанда классикалық әрі заманауи ислам ілімдерін платформа арқылы онлайн жүйесінде ұсыну. Негізгі міндеттерінің бірі – түрлі діни топтар мен жекелеген теріс пікірді тұлғалардың экстремизмдік, террорлық көзқарастарынан сақтану ретінде, әрі мемлекеттің мүддесі мен халықтың ауызбіршілігін нығайту мақсатында еліміздің заңнамалық жүйесіне сай ақидада/сенімде матуриди, фиқһ/құқықтық қарым-қатынаста ханафи мектебін іргелі еңбектер негізінде баяндау.

Қазір даму үстіндеміз. Жұмыстар қарқынды жүруде. Алғашқы кезеңнің 1-семестрін, яғни 3 айын да аяқтап қалдық. Екі апта үзілістен соң, екінші семестрді де бастаймыз. Сондай-ақ бірнеше айдан кейін екінші кезеңге қабылдау басталады.

– Діни саланы таңдауыңызға не себеп болды? Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Барлығы мектеп кездегі жұма намазынан бастау алған. Діни саланы таңдауым осы дінге қызығушылығымнан пайда болды. Арнайы ұстаздардан ислам ілімдерінің негізгі іргетасын үйреніп, Нұр-Мүбаракқа оқуға түстім. Бастапқы уақыттағы дінге қызығушылығым махаббатқа айналды. Хакім Абай айтпақшы, «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді. Енді сол адам атына лайық болайық деп тырысып жүрміз (күліп).

– Жас исламтанушы ретінде айтыңызшы, еліміздегі бүгінгі діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Өте төмен де, жоғары да емес, орта деңгейде деп бағалар едім. Діни ахуал сол елдің әрбір тұрғынына байланысты. Әр адам - өз дінінің айнасы.

– Болашақта экстремистік топтар мен жат ағымдарға қарсы күресуші топқа қосылатын ойыңыз жоқ па? Егер қосылсаңыз, күресті неден бастар едіңіз?

– Мақсат-міндеттері айқын қарсы күресуші топтар болса, ойланып көруге болады. Егер қосылсам, біріншіден, мына жайтты түсіндіру керек деп ойлаймын. Дін – ол бөлек бір әлем емес. Қоғамға ең алдымен дін мен өмірдің бір екендігін түсіндіру қажет. Мұсылмандықты мешітпен, тақиямен ғана шектемеуіміз керек. Себебі Ислам – бес минуттық намаз, айлық ораза яки маусымдық қажылық емес, Ислам – өмір сүру жүйесі. Яғни Ислам тек Алланың алдындағы құқықтарды ғана реттемейді. Керісінше адам мен адам арасындағы, тіпті өз-өзімен қалай мәміле жасалу керек екендігін де түсіндіреді.

Екіншіден, исламтану саласы бойынша алып қарастырсақ, экстремистік топтар мен жат ағымдардың негізгі қателігі – діни мәтіндерді тұтастай біріктіріп түсінбеуінде. Яғни бір Құран аяты мен хадис мәтініне сүйену арқылы діни үкім шығарғысы келеді. Ал ислам теологиясы мен ислам құқығындағы кейбір мәселелерге бір ғана аят және хадиспен үкім беріле бермейді. Сондықтан осы тұсын да ескеріп, айтқан жөн деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, ой сананы жаңарту, оны дамыту жолдарынан бастаған жөн. Себебі ойы, санасы жақсы жаққа, дұрыс бағытқа өзгерген адам ізгілікке бір қадым жақын болары сөзсіз.

– Әңгімеміздің соңында өзіңіз туралы дерекпен және болашаққа құрған мақсат-жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– 1994 жылы дүниеге келгенмін. Қызылорда облысының тумасымын. 2012 жылдан бастап Нұр-Мүбарак университетінде оқып жатырмын. Қазір докторантураның екінші курс студентімін.

Әрине, енді жоспарлар көп. Ең бастысы - докторлығымды сәтті қорғап шығу. Әл-Фараби: «Білімді болу деген жаңалық ашуға қабілетті болу», – дейді. Алдағы уақытта әлемдік деңгейде тың, жаңа дүниелер ашпасақ та, қазақ қоғамы үшін тиімді әрі пайдалы жаңа жобаларды ұсыну жоспарымызда бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота МҰСАБЕК