11 қар, 2016 сағат 10:17

Сыбайластықпен күрес білімнен басталады

Қоғамның барлық саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендету бойынша күнделікті оқыту және тәрбиелеу бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналды. Осы орайда кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру саласы өкілдерінің қатысуымен еліміз өңірлерімен бейнебайланыс арқылы жалғанған селекторлық кеңес өткізді.

Агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев аталған шараны аша отырып, сыбайлас жемқорлық стратегиясын жүзеге асырудың ең басты басымдығы өмір бойы сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту, ағарту және тәрбие беру болып табылатынын айтты. Қазіргі кезде агенттік, Білім және ғылым министрлігі ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығымен бірлесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оқыту және тәрбие мәселелерін білім беру бағдарламасына енгізіп отыр. Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектеп оқушыларын тәрбиелеудің қа­нат­қақты бағдарламасы өңірлерге жө­нел­тілген. Және де агенттік бас­та­масымен 113 жоғары оқу орнында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» элективті оқу пәні енгізілген. Бұл өз кезегінде қоғамның барлық саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендетуге оң ықпал беруі тиіс.

Осы тұрғыдан келгенде, А.Шпекбаев білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бизнес-процестерде адам факторын болдырмауды автоматтандыру ерекше маңызға ие екендігін алға тартты. Әсіресе, білім беру саласындағы кез келген сыбайластық жағдайды туғызатын себептердің алдын алуға ерекше назар аударылды. Өйткені, елімізде осы сала айтарлықтай сыбайлас жемқорлыққа ұрынған салалардың бірі болып саналады. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда биыл сыбайлас жемқорлық көрсеткіштері 50 пайызға артқан. Тек биылдың 9 айы ішінде білім саласында 61 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Өңірлер бойынша қарастырсақ, жазаланғандардың басым бөлігі Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарынан екен. Білім беру саласы қызметкерлерінің басым көпшілігі өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу мен пара алғаны үшін қылмыстық жазаға тартылыпты. Ал қылмыстардың дені облыстық әкімдіктің білім беру басқармаларының басшылары, білім беру саласын бақылау жөніндегі комитеттер, директорлар мен есепшілер тарапынан жасалатыны белгілі болып отыр. Әсіресе, мектеп директорлары тарапынан бюджет қаржысын жымқырудың жүйелі қайталануы орын алуда. Тек үстіміздегі жылдың 9 айында колледждер мен мектептер директорларына қатысты 30 айыптау үкімі шығарылған. Мұндай жүйелі заң бұзушылықтар, әсіресе, қолдан жасалған аттестаттар мен сертификаттар берумен, «өлі жандарға» еңбекақы төлеумен, кадрлық мәселелерді шешумен байланысты ұрлық және қызмет бабын асыра пайдаланумен байланысты көрінеді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»