01 қаң, 2017 сағат 17:04

Светқали Нұржан. "Тарғыл тағы" (дастан)



АЙТ-МАН – Светқали Нұржан – қаншалықты нәзік иірімді лирик қаламгер болса, соншалықты кең құлашты терең тынысты эпик ақын. Әсіресе, тарихи тақырыпқа қалам тербегенде шабыты тасып еркін көсіледі, оқырманын да өзімен бірге еріксіз ертіп отырады. Таңдандырады, тамсандырады, танымын арттырады, көзқарасын қалыптастырады, көңілге мақтаныш та, өкініш те ұялатады... Ол әр дастанында Ұлы Даланың талайлы тарихын, ұлы тұлғалардың трагедиялық тағдырын жыр тілінде сөйлетеді. Оның кейіпкерлері – әулие-пірлер, хандар, батырлар мен билер, ақын-жыраулар... Әрқайсысы бөлек бейне, бүтін бітім. «Хан кегі», «Қараған Босаға қырғыны», «Еңсегей бойлы Ер Есім», т.б. дастандары – өз дәуірінің көркем тарихы. Бұл бағыттағы балладалары – бөлек тақырып. Орыстың отаршыл патша үкіметіне қарсы Маңғыстаудағы 1870 жылғы Иса-Досан көтерілісіне арналған автордың кезекті бір дастаны «Тарғыл тағы» – қайсар халықтың әділетсіз соғыстағы жанкешті ерлігі, тығырыққа тірелген түбек халқының тар жерде тәуекелге бел буған тарихи шешімдері туралы шығарма. 

 Ұлт порталы өз оқырмандарына ақын С.Нұржанның 55 жасқа толған туған күнінің құрметіне осы дастанын арнайы ұсынып отыр. Мархабат! 

ТАРҒЫЛ ТАҒЫ 
(дастан

Алағыр, Арқа, Маңғыстау, 
Қаразым, Жаңғақ – көлемнен, 
Жарыса көшіп жаз жайлап, 
Тырнадай шулап күз қайтып – 
Сарыарқа сала өзеннен; 
Ақырап жұлдыз туғанда 
Тұнық су ішіп тереңнен; 
Жеді жұлдыз туғанда 
Маңғыстауды паналап, 
Қонысқа Адай бөленген. 

Сәттіғұл Жанғабылұлы 

Доспамбет би ауылы. Бәймәмбет. 1869 жыл. Күз 

Бисмиллә-һир-рахмаанир-рахиим! 

Бидің ауылы Қиянды аңғарында, 
Түйемойын-Шаппаның Сам жағында... 
Мейман отыр көргенін мағұлым қылып 
Теккедегі* ұлыққа барғанында. 

– ...Қабылдады «Ереже»* патша ақыры, 
Үлкен елдің, әрине, мақсаты ірі. 
Қазақ қасқа сойылар ешкі болды 
Алқымына тақаған ақ сапыны. 

Жер-әлемге сыймаушы ек кергі-жын боп, 
Бұл-бұл ұшты еркіңше енді жүрмек. 
Мал есебі алынбақ, жан есебі, 
Қазынаға барлық жер ендірілмек. 

Патша заңын темірдей тұр ұстанып, 
Өздері үшін бұлжымас дұрыс бағыт. 
Ел болыс пен ауылға бөлінеді, 
Ру қалып, бұрынғы ұлыс қалып. 

*Текке – Орал қаласы. 
*Ереже – «Уақытша ереже» («Далалық облыстарды басқару жөніндегі ереже») 1868 жылы 21 қазанда бекітілді. 

Ояздық сот – ендігі үкімші анық, 
Жүре алмайсың би алып, бітімші алып. 
Болыстар мен ауылнай сайланады, 
Көбейеді екі есе түтін салық... 

– Қарсылассақ... 
– Күткені сол емес пе?! – 
Тоймайтын ел туғаннан төбелеске. 
Исатай мен не болды Кенесары? 
Сырым қайда?.. 
Барсыз ғой сол егесте! 

Қарсыласты Теке мен Торғай жағы, 
Қан-қасапта қырылып сор қайнады. 
Сейіл* менен Беркіндер* тұтқында отыр, 
Сылынды елдің тағы да, мен – қаймағы! 

Ойлап кетсең ар жағын ой тұмандар, 
Көкжиектен көрінді жойқын аңдар... 
Қаналылар* басымен қайғы болып, 
Оққа ұшыпты Қобылан*, Кейкімандар*. 

Әскерімен толтырды Шағадамды*, 
Ойыл, Жайық, Жем бойын қамал алды*. 
Жарты әлемде – орысқа бағынбаған 
Адайың мен Хиуа ғана қалды. 

Ел болдық қой жазылмас қанды қотыр, 
Қыл көпірден жіңішке – алғы көпір. 
Осы жолы адайлар қайтеді деп, 
Қаптауы мен Орынбор аңдып отыр. 

Осы жолы... түндікті қырық тіліп, 
Аузымызды ай жаққа ұлыттырып; 
Бағынбасақ, – бұқтырмақ қырып тұрып! 
Ұғынбасақ, – ұқтырмақ ұрып тұрып! 

*Сейіл, Беркін, Қаналы, Қобылан, Кейкіман – Байұлының батырлары. 1869 жылғы «Ел ауа» көтерілісінің басшылары. 
*Шағадам – Красноводск (қазіргі Түркменбашы) қаласы. Көтеріліс кезінде онда 3600 орыс әскері болды. 
*1868-1869 ж.ж. Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз сынды Адайлар жайлайтын өзендер бойына әлденеше қамал-қорғандар салынып, оған бірнеше мың әскер әкелінді. Жағыдайды Кавказдан Ұлы князь Михаил, соғыс министрі Милютин, Орынбор генерал-губернаторы Крыжановский, Орал әскери губернаторы Веревкин қадағалап отырды. 

– Өзің қандай ой таптың?.. 
– Тапқан ойым: 
Ұрпақ керек білім мен хатқа бейім. 
Хаққа мойын бұратын әл қалды ма, 
Ұсынғасын біржола жатқа мойын? 

Ендігі ұлға керек-дүр екі тұрақ – 
Елге сонда жанады жеті шырақ. 
Оқытқан жөн орысша балаларды, 
Мұсылманша қалыбын бекітіп ап. 

Неміс, орыс, ар жақта ақ қылшығың, 
Бізден ұлық деп пе едің, тап бір шыным! 
Жат білімін алдымен игермесең, 
Қалай ғана білесің жаттың сырын?! 

Қазақ та енді сойылмақ бір бағылан, 
Айрылмағай жұртынан, жұрнағынан. 
Қырық жылғы алдымды көруші едім, 
Орыс әзір шығармас тырнағынан! 

Кіріп жүріп сондықтан ұлыққа ана, 
Көмейіне пұл тығып, ұрып пара, – 
Оқытуға келістім – қырық жыл бойы, 
Әр жыл сайын іріктеп қырық бала! 

Мен осылай алдыма меже қойдым, 
Не болса да бойымды тежемеймін!– 
Оқу-шығын сол жылдар ішіндегі, 
Ішіне әлгі кіреді «кеженейдің»*. 

Жатты, білем, жанына ақша, бәлем! – 
Иліккендей Веревкин қақсал әрең. 
Адайларды көндірсем «Ережеге», 
Бұл жайында келіспек патшаменен! 

Қой боғындай оқ кірмей қаңқа басқа, 
Тірі қалсақ осы бір жанталаста, 
Қырық жылда қазан да азан жаңа, 
Ел боламыз үлгі ұрған алты Алашқа! 

ЕСКЕРТУ: Отаршыл жендеттердің есім-ныспылары әдейі көрсетілмей, тек қана фамилиялары алынды (Сөз Иесі). 
*«Кеженей» – салық түрі. 

Көз ашпаған бұлағай-алағайдан, 
Ақылы артта жұрт едік – ала майдан. 
Құптар ма екен, би ата, талабымды, 
Шынымды айтсам, қорқамын сол Адайдан?! 

– Қалған ел ғой, қайтерсің, дөңде жортып, 
Ұстатпаған бұйдасын пендеге еркіп. 
Бәймәмбет-жан*, сен емес, 
Адайыңнан 
Жүзге келген отырмын мен де қорқып. 

Ізет кеткен еліңнен, ыза басым, 
Екі телі тыңдамас жүз ағасын. 
Жүректерін арам қан билеп барад, 
Пір Бекеттің заманы ұзағасын. 

Жат көзінше, жұқпайды жұмбақтасаң, 
Ұқтырарсың ұқпасты – ымдап қашан?.. 
Саған қауіп болады-ау, қарағым-ай, 
Өзім барып Адайды тыңдатпасам!.. 

...Би Доспамбет* деміне діріл қосып, 
Жүрмек болып қамданды, түрілді есік... 
Доспамбеттің алдынан, 
Адай түгіл, 
Өткен жоқ ед Байбақты Сырым кесіп. 

Ішін тартып тұрған жел тісін тығып, 
Үнсіз қалды дүние, дүсір тынып. 
Орамалы жағынан сыпырылып, 
Тұра алмады қарт баба үш ұмтылып... 

– Көтерем қудай талпынғам – жандалбаса, 
Кімге өкпе айтам, қимылдар хәл қалмаса? 
Жазбапты ғой бізге енді бір жүруді, 
Бір Аллаң мен Пір Бекет жар болмаса!.. 

...Бастап ала жөнелді түздің жолы, 
Өшіп жатыр әп-сәтте іздің мөрі... 
Еңкілдеген қарт қалды төр алдында, 
Әупілдеген үріп тұр күздің желі... 


*Бәймәмбет (Баймұхамбет) Маяұлы – би. Адайдың Мұңал-Бәйімбет аталығынан. Жоғарғы дистанцияның басшысы. 1868 жылы Ресей өкіметі Адайларды Жоғарғы, Төменгі дистанцияға бөлді. 
*Көшкі Доспамбет Қыдырбайұлы – атақты би. Адайдың Жеменей Көшкі аталығынан. 

Хантөрткүлдегі кеңес. Исаның ауылы 

Бұл ұлық көрінгеннен, жанымды алды, 
Сұрамай өрісімнен малымды алды. 
Атан-нар, арғымақ ат – азаматтан 
Өзіне керегінде – бәрін де алды. 
Иса Тіленбайұлы* 

Қара күз. 
Аяқ жағы қарашаның, 
Кетіріп тынған кезі дала сәнін. 
Жыйылған Адайдың бар жақсылары, 
Елінің кеңеспекке болашағын. 

«Бас Шорым», 
«Аяқ Шорым», 
«Орта Шорым» 
Сайлаған Хантөрткүлге ортасы орын. 
Бір жақта Алаторпа-Қошақ жатыр, 
Ежелден бермейтін жер торқасы өңін. 

Жамылған торқаларын тоғыз қабат, 
Өңшең би барыс көзді, өгіз қабақ – 
Ортаға Бәймәмбетті орап отыр 
Исаның ордасында сегіз қанат. 

Теңселмес терек сынды ырғағанда, 
Бұлардан мықты бар ма бұл далаңда?! 
Сардиған салуалы сақаданы 
Запызың шырын табар тыңдағанда! 

Нән басы керегеден аса төніп, 
Өзінің бітіміне аса сеніп; 
Бәрінен жасы да үлкен, жолы да үлкен 
Еңменді Мәмбетнияз* баса шөгіп. 

*Иса Тіленбайұлы – би. Адайдың Мұңал Бәйімбет аталығынан. Көтеріліс басшыларының бірі. 
*Мәмбетнияз Төлепұлы – би, Бәймәмбеттің бел-немере ағасы. 

Арғымақ жайтақтар ма жар келгенге, 
Албөрі байқастар ма қан көргенде! 
Қуырып әр қиянға тықсырмай ма, 
Қарт бура келені айдап – кәрленгенде! 

– Әй, Бәймеш! – Сөйлеп кетті асқан зілмен, 
Інісін байқалады жасқау бірден. – 
Алшайып біз тұрғанда Маңғыстауда, 
Адайды орыс ала ма астау мінген?! 

Адайға Құдай берген айбат, көрік, 
Тұрған жоқ дәл қазір де қайрат кеміп... 
Одан да келіп тұрмын демейсің бе, 
Кәпірге қол-аяғын байлап беріп?! 

– Ақкөке-ай, қарасаңшы қадамыңа, 
Ел-жұрттың қаламыз ғой обалына. 
Жалаң қол – найза, қылыш боқ қыла ма, 
Орыстың жалын құсқан жарағына?! 

– Тұра тұр, ей, Бәймәмбет, құрақ ұшпай! 
Ұштың ғой орыс десе, сірә, құстай... 
Дұшпаның келіп тұрып, көріп тұрып, 
Жығылған кімді көрдің бір алыспай?! – 

Ер еді би Ермембет* еңіреген, 
Туғаннан тейі қатты, тегі – берен, – 
«Дұшпаннан көргеніңше қорық»! – деген, 
Мен өзім дұшпанымды көріп өлем!.. 

Бәймембет қарады оған аңтарылып, 
Қалғандай дос сөзіне қаңтарылып. 
Жан досы – бар сенгені Ермембет-тін, 
Жүрегін жіберді ол да занта қылып. 

– Жүруші ед ел жолында ниетің бұрын, 
Бұрылды қайда, Ер-еке, бетің бүгін? 
Көрмесең, – дүниені алған дұшпаныңды, 
Жан-құрдас, шын екен ғой соқырлығың*! 

– Құдайдан – жер жүзіне құйса әлемет! – 
Бұйрықпен зауалын да тыйса керек... – 
Отырған үнсіз тыңдап үй иесі, 
Тамағын сөйлеп кетті Иса кенеп: 

*Ермембет Тұрұлы – атақты би. Адайдың Жеменей Есен аталығынан. 
*Ермембеттің бір көзі соқыр болған. Би соны меңзеп отыр. 

– Кім үшін сонда барлық төккен терің? – 
Бір жақтан көбеңді орыс сөккен сенің. 
Бір жақтан Хиуа талап, 
бақтың тағы 
Қанқабақ Нұралының* көп тентегін. 

Баяғы кімге дәрі буралығың, 
Кешкенің жүрегіңнен туғалы мұң. 
Иемдеп Еділ, Жайық, Жем, Сағызды, 
Теңіздің тартып алды қу балығын! 

Ал енді, су түгілі, жерді алады, 
Билейді кер даланы көр қамалы. 
Қатының, ұлың, қызың – бәрі ортақ боп, 
Бұланттап жеріңді алса, нең қалады?! 

Салықпен титықтатып тағы басты ол, 
Айналды жаз-жайлауға жарымасқа ел. 
Адайға ерулікке келген жоқ қой 
Жайлаған Жем, Сағызды қалың әскер... 

Қайтесің бір-біріңе текке өкпелеп, 
Түзеу жөн тар өткелден өтпекке бет. 
Бірігіп осы жолы жөн таппасақ, 
Көкке ұшып, жерге кіріп кетпек керек! 

– Заманның төнгені ырас жұты нағыз! 
Мен басқа көрмей тұрмын құтылар із. 
Күштімен күрескенше бел кетіріп, 
Ұтпасақ уақыттан – ұтыламыз. 

Ел едік ордасы – құт, күймесі – иман, 
Жерге енді сыймайды ине, түйме сыйған. 
Апырмай, неге аблыға бересіңдер, 
«Халыққа хан болмай ма – үйге сыйған»?! 

Елім – от. Мен – сол оттың көбелегі, 
Өлуден басқа қолдан не келеді? 
Алдымды жорып емес, көріп тұрмын, 
Күйдіре бересіңдер неге мені?! 

*Нұралы (1704-1790) – Кіші жүз ханы. 

Мен кеше ерің едім бек қалаған, 
Бұралқы итпін бе енді көп талаған?.. 
Соңымнан басты байлап еріңіздер, 
Иншалла, өтем алып оттан аман!.. 

Көз алмай самаурынның сылабынан, 
Бәймәмбет сөйлеп отыр шын арыған. 
Ер Досан, бағанадан тіл қатпаған, 
Қылышын қозғап қойды қылабы қан. 

– Бай-еке! – 
Ер гүр етті арыстандай, 
Жарқ етті қанды көз бен қарыс маңдай. – 
Отыр ем бағаналы – 
нұр түкірген 
Билермен болмайын деп жарысқандай... 

Ал сонда нендей үміт ертеңімнен? 
Не қайыр жадыланған өркенімнен? 
Иманым, жиғанымды кәпір алса, 
Кімге би, 
кімдерге ие, 
серкемін мен? 

Қызықтап кәпірге ерген ұл-қызымды, 
Далама қаптатам ба түрлі жынды? 
Жатса ертең әулиеме жын артылып, 
Нәлет де өйткен менің тірлігімді! 

Жер – талақ, шағалалы көлмен көркем! 
Көл – талақ, жағадағы елмен көркем! 
Пір Бекет, 360 әулиенің 
Алдына не деп барам өлгенде ертең?! 

Түсімде дала көрем – денесі қан, 
Үзілер сойды* бүгін көне шыдам... 
Өтейін босағаңда құлың болып, 
Бай-еке! 
Жауап берші тек осыған!.. 

Бәймәмбет үнсіз қалды тас түйіліп, 
Осы еді өзінде де басты күйік... 
– Күн үшін көніп едік, – 
гу етті жұрт, – 
Дін үшін өлу керек басты қиып! 

*Сойды – сынды, сықылды. 

– Құл қылар қор қылды әбден шарт жасалып, 
Не сұмдық – жасқа салық, қартқа салық?! 
Патшаға берім бермей мерт болуға, 
Кәнеки, Құран ұстап анттасалық!.. 

– Қашанғы итшілейміз – қан-қан борша! – 
Алысып өлген артық арландарша. 
– Кеудеңнен жанды алғанша жағалас сал, 
Хақтан – нұр, 
бабаңнан қан қалған болса!.. 

Кетті енді өңі өзгеріп күрт бәрінің, 
Үйіріп шыға келді ұртқа зілін. 
Қозғанда көп әруағы, 
орынынан 
Тұрды Иса баса сөйлеп жұрт дабырын. 

– Далаңның кешері хақ қара қанды, 
Алыспай өлгенде не пана қалды? 
Ығында қылышының өтейін мен, 
Бастаса Досан жауға аламанды! 

– Бастаймын! 
Құс қонатын оба ғұрлы 
Кием бар. – 
Көргендер сан тоба қылды. 
Көтеріп кіріп кетем қара жерге, 
Жамағат, артсаң маған обалыңды! 

Қадалса көкірекке қанды сүңгі, 
Демеймін: бел бүгілді, жан қысылды. 
Өтейін не де болса, 
қан-қамаудан 
Арқалап алғысың мен қарғысыңды. 

Тумаған қазақты да құлдық үшін, 
Мерт тапсақ, – қияр далаң бір қуысын. 
Самсаған сары орысты жеңбесем де, 
Өлгенше сілтеп өтем дін-қылышын! 

Отырман боқ илеген күрек бағып, 
Мендегі тілек те анық, жүрек те анық. 
Жауымды жеңе алам деп соғыспаймын, 
Тек артқа кетерім хақ бір от жағып. 

Қалмаса сол от сөніп мына қырда, 
Атойлар әлі талай құлағыңда... 
Торғайдай тозып кетпей топ түскенде, 
Болады бірге жүрсең ұранымда!.. 

Досан тұр серт-дауысын түнге қарып, 
Келгендей бір байламға дүрмек анық. 
Келісті, амал өте Пір Бекетке 
Садақа шалмақ болып бірге барып. 

Бәймәмбет тұрды, көзін шел қамаған: 
– Жоқ екен маған орын енді арадан... 
Ей, Адай! 
Алты ай шыда! 
Тапсаң көрдім 
Тірі жан осы отырған кер даладан!.. 

Бәймәмбет кетті шығып қалжыраған, 
Қамын жеп қазағының қан жылаған. 
...Еңкілдеп құла түзге безіп барад, 
Әупілдеп жел үреді әр жырадан. 

...Көп мейман – тұлпар мінген таң астырып, 
Иса тұр – көзіменен жал астырып. 
Қысымен қару-жарақ қамдамаққа, 
Күбініп елдеріне тарасты жұрт. 

Бұлтты жел жітіргенде алысқа ырғап, 
Жатқандай іргеліктен барыс тырнап. 
Қатайып әупілдеген желдің үні, 
Батыстан келе жатты қар ұшқындап... 


Бозащы билері: Иса Тіленбайұлы, Ермембет Тұрұлы, Мәтжан Тілеумағамбетұлы 
(Маңғыстау өңірінде бірнеше рет болып, өлке өміріне, этнографиясына байланысты еңбектер жазған неміс ғалымы Рихард Карутц 1893 жылы түсірген фото) 

Үшауыз шайқасы. 1870 ж. 22 науырыз 

Кездескен жері – Үшауыз, 
Шығанақ теңіз – Айналма... 
Сәттіғұл 

Кездескен жер – Үшауыз шығанағы, 
Арасында қос таудың сына-дағы. 
Қаракеуек-Шүлдір мен Емді тау тұр, 
Ақмая мен Бөлектау – мына жағы. 

Кілең шыңның арасы – ашық алаң, 
Талай жұққан тат басқан тасына қан. 
Шығанаққа қанжардай шаншылады 
Күн сәулесі шыңдардан шашыраған. 

Қарайтын жер жай кезде құмар басып, 
Тауға соққан әр дыбыс шығанға асып. 
Жердің буын көтеріп күннің нұры, 
Тұрады ылғи қоймалжың мұнар басып. 

Тұрады ылғи қоймалжың мұнар басып, 
Сай-салаға сүт сынды тұман қашып. 
Суға түскен өзінің суретімен 
Қарап қалған кіл ожар шың арбасып. 

...Іштен сарбаз, сырттан шың қамап алып, 
Әулігіп тұр Рукин шабаланып. 
– Басурмандар! Құртамын тұқымыңды! – 
Деген сөзін жел кетті талап алып. 

Коменданты – Торғайдың қамалының, 
Келгеніне осында шамалы күн. 
Торғай жақтың қазағын тоз-тоз қылған, 
Әлі қаны кепкен жоқ жарағының. 

Пристав боп, полковник шенін алып, 
Тұла бойын жүр еді желік алып. 
Екі жылдың салығын бір жинамақ, 
Сол шаруаға кірісті өңі жанып. 

Көз алдына көгіс бір ісік жүріп, 
Қарар еді көп жұртқа түсін бұзып. 
Мағынасын «Уақытша Ереженің» 
Тағыларға қайтпақ ед түсіндіріп. 

Әрбір ісін әркімге мақтан қылған 
Империя төлі еді – ақтан құрбан. 
«Зытады, – деп, – қырғыздар мені көрген!..» – 
Ғафурға* да мақтанған – сақтандырған... 

*Ғафур Қалбин – би. Төменгі дистанция басшысы. Зауряд-хорунжий. 

Кіжінеді сол шері әулігіп бір, 
Үнін басып баратыр жау бүріп бұл. 
Бар оғымен көзінің қазақты атып, 
Бар білетін қарғысын жаудырып тұр. 

Басын шайқап пендеге имейтұғын, 
Жаудырады боқтықты, түйрей тілін. 
«Киргизге» атқан «оғының», 
қайдан білсін, 
Бұл жердегі қазаққа тимейтінін?! 

Бұрып қойған жан-жаққа жарақты еппен, 
Жүр пристав жау жаққа қарап кекпен. 
Коменданттан қосымша көмек сұрап 
Фортқа кеше шапқылап Қабақ* кеткен. 

Орал жаққа үлгерсе беріп хабар, 
Әскерді алып ұзамай келіп қалар. 
О, сол кезде шұбырған шибөрінің 
Бойындағы жын ұрған желік тарар. 

Қосым* келген тығылып, жыраны ықтап, 
Шенді алдында қашанда ол құрағытпақ... 
Қабақпенен бір кеткен қылышкерді 
Ұстап апты бір «киргиз» бұғалықтап*... 

Қалың қол боп басардай қалың шың кеп, 
Сындырғандай болды енді сағын сын жеп. 
Ғафур менен жұмсады Бәймәмбетті: 
«Иса-Досан тез маған бағынсын!» – деп. 

Дүрбісімен Рукин жатыр бағып, 
Барды екеуін, әнеки, батырға алып... 
Көп ұзамай Бәймәмбет қырға тартты, 
Қойды қолдың ішінде Ғафур қалып. 

Ғафур би Қалбыұлы 

– Сатып кетті!.. 
Сілімтік жабайылар! – 
Төкті төре сөздерін анайы бар. 
Бәймәмбеттің соңынан қуып біреу 
Мылтық атты!* – 
Мұнысын қалай ұғар? 

 *Қабақ Ермәмбетов – патша сенімінде өткен адам. 
*Қосым Мырзабаев – отаршылдар қызыметшісі. 
*Багайдинов деген қылышкерді Бәйімбет-Медет руынан шыққан Қалдыбекұлы Есбай бұғалықпен ұстап алған. 

Боқтап тұрған Рукин сатқындарын 
Түсінді енді тағдырдың тап қылғанын. 
Досан қуып ақырды әлгі адамға, 
Құшып кетті Бәймәмбет аттың жалын. 

Жылжығандай аждаһа – обатын жал, 
Шырпып келіп ұқсады соғатынға, ал... 
Бұйрық берді Рукин: 
– Зеңбіректі ат! 
Шапшаң, барлық қарудан оқ атыңдар!.. 

Барабандар кеудесін ұрып кекті, 
Дар айырды сол дауыс тұнық көкті. 
Ұлып кетті зеңбірек қайта-қайта, 
Жер аспанға әп-сәтте шығып кетті! 

«Қашар, – деген Рукин, – сасар», – деген, 
Қаһарменен топ айтқан осал ма өлең! 
Шаң сейіле бергенде... 
О, сұмдық-ай, 
Келіп қапты ағызып Досан деген!.. 

Кірпік ұра бергенде, қас қағыла 
Досан келіп қалыпты қастарына. 
Жалт бұрылды құйындай, 
солдатының 
Екі-үшеуін найзалап тастады да! 

Досан бұған үш шапты сол шапқаннан, 
Көк сауыт бар үстінде моншақтанған. 
Үшіншіде... жер құшты зеңбірекші, 
Быт-шыт болып солдаттар қоршап қалған. 

«Ух, дьявол!.. 
Бұл өлмес – сайтан өлсе!..» 
Мұндай сиқыр көрмепті, айта берсе. 
Баратқандай болад та аттан ауып, 
Ат үстінде келатад – қайта көрсе! 

*Бәймембет Маяұлының өлімін Бақытжан Қаратаев: «орыстардан болды», – деп дәлелдейді. Ал дастанда ел жадындағы дерек пайдаланылды (Сөз Иесі). 

Шайқас көрген мұны да көк күйрейтін, 
Жезайырдың добымен көпті илейтін. 
Солдаттардың кетті енді есі шығып: 
«Адам емес, сайтан, – деп, – оқ тимейтін!..» 

Бұйырғандай Досанға оңаша бақ, 
Барады да қолына – дара шабад. 
Бес жүз сарбаз ығысқан зеңбіректен 
Бұл қызықты тұр үнсіз тамашалап. 

Сойқан болды мынау бір – соғысқа жат, 
Талай көзде үрей мен тоғысты азап. 
Ойқандап жүр жалғыз ер: 
«Кімдігімді 
Біле жүрсін, – дегендей, – орыс-қазақ!..» 

Тамашалап тұрған қол жаңа ғана 
Қаптай ұшты... 
Мыңғырған шағала ма?.. 
Рукиннің жанары кетті ақшаңдап, 
Лаулап келе жатқандай қара дала. 

Жаңа ғана ер еді жарағы қан, 
Салмақшы еді бұл мимырт далаға ылаң. 
Аз өмірде кешкен көп қызықтары 
Өте шықты жарқылдап жанарынан. 

Кеше ғана... 
патшадан шен алғалы 
Көбелектей билеген көгалдағы. 
Оятпақ ед ұйқыдан «түземдерді», 
Көп арманы құриды-ау, обал-дағы. 

«Неткен ел, – деп, – өрбіген жын-аралдан?» – 
Адайларды өзіне сұрап алған. 
Тұрғызбақ ед мылтықпен мылқау қырды, 
Әділетсіз не деген мына жалған?! 

Зор болам деп келгенде – сор қайнады, 
Бара жатыр тартылып борбайлары... 
«Қырғыздарды» жүргенде «тәрбиелеп», 
Бір оқиға түсті еске Торғайдағы. 

Кеше ғана танытып біразға атын, 
Таптап жүрген піл болып жуәз*-жатын... 
Қарынын жарып қылышпен жібергенде, 
Тілін тартпай қарғаған буаз қатын. 

Жабайылар көзінен ұшқын ұшып, 
Құлай берген сорлы әйел ішті қысып. 
Шар-шар... 
Қан-қан құлаған шарананы 
Атып жатты солдаттар қышқырысып. 

Сол оқиға түсіп тұр неге есіне? 
Қарғыс құйып тұрғандай төбесіне. 
Қабындаған бір дауыс барады алып, 
Шарылдаған сәбидің елесі ме?.. 

Рукиннің жанарын қан шалды да, 
Тез өтсе деп тіледі сарсаң мына... 
Қайта ашқанда кірпігін... 
Көк сауытты 
Досан келіп қалыпты қарсы алдына. 

Жетті Досан атқалы қаһар-тасын, 
Қан жуғандай Рукиннің сақал-шашын, – 
Жаналғышқа жанары жалын кұсқан 
Кезей берді қолдағы тапаншасын. 

Тапаншасы шаңқ етті... 
Тиді кімге? – 
Ол жағы енді Тәңірдің билігінде... 
Қырық солдат, бес төре жайрап қалды 
«Инебуазқұмардан» шүйгінінде... 

Шыңды жалап теңіздің қанды тілі, 
Басты қырдың тағы бір шаңды түні. 
...Рукиннің жасанған жасағынан 
Қосым-тыңшы жалғыз-ақ қалды тірі... 

*Жуәз – тышқанның баласы. 

Бәймембет бидің бейіті 

Ақкетік қырғыны 

«...20 жыл... офицер бола жүріп, талай соғыстарды өткере жүріп, мұндай табанды да көзсіз шабуылды күткен жоқ едім... Осындай бірнеше шабуыл Форттың тағдырын шешіп кетуі әбден мүмкін еді. Онда... немен аяқталғанын елестетудің өзі қорқынышты болды». 
Қала коменданты Зелениннің жазбасынан 

«Маңғышлақтағы жағыдай қиын. Қырғыздар түгел көтерілді... Көмек керек!..» 
Граф Кутайсовтың Кавказдағы ұлы князь Михаилға, ұлы князьдың патшаға жіберген телеграммасынан 

Жыр қылып кім алғанын қай жендетті, 
Көп сарбаз қырдан құлап, сайды өрлепті... 
Маяның қасына әкеп – 
Түбіжікке 
Жерледі ел кешегі өлген Бәймәмбетті. 

Бұйырмай бауырынан басқа бақыт, 
Бейбақ ер тыныс тапты тасқа жатып. 
Досанның: 
«Тиме!» – деген сөзін ұқпай, 
«Сатқын!» – деп бір туысы тастады атып... 

Белгісіз – кімде қалды қарғыс, кінә, 
Жүрегін туысының ар қысты ма?.. 
Ер Досан жауды жайғап жеткен шақта, 
Бәймәмбет... жүре берді... қан құсты да. 

Қан құсты ең соңғы ірет құса-жүрек, 
Досан тұр: 
«Мынау ненің нышаны?» – деп. 
...Тауларды жатты көктің пышағы іреп, 
Жалған бұл – нышаны мен мысалы көп. 

Шекесі ай-пышақтың кетік аздап, 
Жөнелді сарбаздардың оты маздап. 
Еңіреп елін сүйген бар айыбы, 
Қоштасты үнсіз ғана екі боздақ. 

...Жібімей жүректегі қатқан қаны, 
Тұр, міне, Ақкетікке аттанғалы... 
Дуылдап қалың сарбаз шыға келді 
Қуылдаң жал астынан қапталдағы. 

Қашаннан тітіреткен тепкісі қыр, 
Жарадың, кекті сүйек, текті сіңір!.. 
Соңында шұбап төрт жүз аламаны, 
Баласы Ер Шабайдың жетті Сүгір. 

Досанның құдасы әрі құрмаласы 
Ер Сүгір – әруақты елдің бір баласы. 
...Шайылып көңілінің кір-наласы, 
Кеткендей толып демде қыр-даласы. 

Тағы бір қосылғасын ері келіп, 
Баратыр боздақтардың жері кеңіп. 
Қауышқан қақақулап көп дауысқа 
Қаңғаның тауы жатты тебіреніп... 

Көп жігіт сыймай жөңкіп жер төсіне, 
Кетікке жетті желіп ертесіне. 
...Баратты әлдеғайда таулар көшіп, 
Бұлттарды теңдеп алып өркешіне... 

Ер Досан қабақтарын түйді кенет, 
Айналды қолбасыға билігі ерек... 
Алдында темірсауыт тұрды қамал, 
Тоқтады мың аламан Шүйліге кеп. 

...Күбініп түніменен, таң атты ақыр, 
Әскерін келе жатыр қарап батыр. 
Әлібай, ағасы Алғи, Диқан, Шүрен, 
Өтеген, Жұбанияз, Барақ та тұр. 

Жан кіріп жүре берді алапқа ақыр, 
Бітеді көп ұзамай жараққа тіл. 
Қосақ пен Ожыр, Қиыр – кіл көкбөрі, 
Демеген, Бықыл, Қазан, Орақ батыр. 

Тулап кеп тірі қан боп тәмәм дала, 
Түспекші өз еркімен аранға ана – 
Қарасай, Көпмағамбет, Қарамұрат, 
Күмісбек, Жарас пенен Жаманбала. 

Жұққанда бұлт көзінің шыңға жасы, 
Бұланып қоя берді жылға басы. 
Кірпікпен тас қамалды кеміріп тұр 
Құтжан мен Тілеуберген – Құлбаласы*... 

*Құлбаласы – ру аты. 

Алмауыт жер сүзгенде жүген керіп, 
Тағы бір, кім бар, кім жоқ, түгенделік. 
Алқалап Ер Досанды ортаға алған, 
Жаулының үш баласы* түгел келіп! 

Пір шыққан ауыл ед деп, бұл да аты бар, 
Ел қарар Асар* тұтқан туға шұбар. 
Сол туды ап жетіпті ол да – 
Ер Досанды 
Баулыған жастайынан Піл Көтібар*! 

Естіліп баба-сарын кер даладан, 
Қамалға ажал болып төнді аламан. 
Тапсынып – Нар Тұрмамбет*, Дүр Ақбала*, 
Жас Мәтжан*, Қарт Алушы*, Ер Баламан*. 

Дәл қазір отқа түсіп күйермен боп, 
Естілед көп ішінен күй өңмендеп. 
Қалнияз* домбырасын бебеулетіп, 
Тыңдап тұр Иса менен Би Ермембет. 

Күй ертіп бара жатыр тыңдағанды, 
Түнде әскер ақын айтқан жырға қанды. 
Оңғалбай, Көреғұлдар* күйініп жүр: 
«Біз салып беріп ек, – деп, – бұл қамалды!..» 

Жалына күрең күннің жалын өрген 
Таң атып келе жатыр сары белден. 
Ескі дос – мылтығына тұр сүйеніп, 
Әруақты Айназардай* кәрі мерген. 

Сәуірдің сай бойынан желі кеулеп, 
Бабаурап тоқтады күй, еңіреулеп. 
Сүгірдің ту сыртында сазарысқан 
Кіл Ақпан, Құнанорыс* – темірөң бет. 

*Жаулының үш баласы – Ескелді, Қосқұлақ, Жары. Адайдың Мұңал тақтасынан тарайтын аталықтар. 
*Асар сұпы Жәрмембетұлы – Қосқұлақ аталығынан. Бекет Ата ұрпағы. Тубегі. 
*Көтібар Жаулының – Қосқұлақ; Тұрмамбет, Ақбала – Ескелді; Мәтжан, Алушы, Баламан – Жары аталықтарының би-батырлары. 
*Қалнияз Шопықұлы – Адайдың Қосай Шалбар тайпасынан. Жорық жырауы. 
*Оңғалбай, Көреғұл Қаражүсіп балалары – Жары аулының мөрлі шеберлері. 
*Айназар Тасқынбайұлы – Адайдың Тобыш Бәубек аталығынан. Әруақты мерген. 
*Ақпан, Құнанорыс – ру аттары. 

...Қан жағып жаңа шыққан гүлді көкке, 
Қызғалдақ, елден бұрын дір-дір етпе!.. 
Көп найза қан-шапаққа айналды да, 
Көтеріп шығарды еппен күнді көкке. 

Тас қамал тас табытқа айнала ма? 
Бұл сапар бастар екен қайда ғана?.. 
Күн бүгін үркітердей кей көңілді, 
Қан тамып әр жерінен айналаға. 

Саңқ етті Досан: 
– Алдым жаңа хабар, 
Шашыпты Қосым-тыңшы қалаға жар. 
Он сегіз зеңбіректі үш жүз солдат – 
Сақадай сай тұр екен ана қамал! 

Жүрмеңдер оған бола әсте өкініп, 
Жауыңды әлсіз көру – мәстекілік! 
Орыстар қалашығы* көседегі*, 
Алыпты «Әрмән-қала»* тас бекініп. 

Ерлерім, қалмап еді қайда басың, 
Бүгін бір қайрат қылып пайдаға асың?! 
Талқандап мәйек, пошты, нән базарды, 
Қамалдың тазартамыз айналасын. 

Тегістеп кәпірлердің жын ұясын, 
Шашамыз желге барлық дүниясын. 
Қалдырмай жанды жауға, 
осы жерге 
Тапқанда ораламыз күн ұясын. 

Тас қамал болады ертең ермегіміз, 
Деймісің орыстың да көргені біз! 
Далаңа тамыр жайып кетпей тұрып, 
Бүгін бір Ібілістің өрмегін үз! 

Ел Адай! 
Танушы еді атыңды Алаш, 
Болса егер таныр ма еді затың қораш?! 
Жазықсыз мерт болмасын қатын-қалаш, 
Ұл-қызын теліміңе ал, тақымға бас! 

*Орыстар қалашығы – Николаевск станицасы. 
*Көсе – мүйіс. 
*Әрмән-қала – армяндар слабодкасы. 

Тексіз ит төбеңде ойнап тұлғаланып, 
Төріңде шірігенше құр қамалып, 
Жаралған атаң – нұрдан, 
өле кетсең, 
Қайтадан қосыласың Нұрға барып! 

Шын жауды көріп жеттің арманыңа, 
Ілінсін қанды шеңгел қармағыңа. 
Бір қолды мен бастаймын, бірін – Сүгір, 
Алланың өзі ие ғой қалғанына!.. 

...Батырлар кетті қолды дүрк көтеріп, 
Жіберді бұлт көз жасын күпке* төгіп, 
Көрді де бұлтпен көшкен көп сарбазды, 
Қақырап, қалды қамал күрт жөтеліп. 

Бастауын анау қара дөңнен алып, 
Жарқылды қылыш жүзін желге жанып; 
«Аллалап» көп аламан қоя берді, 
Қамалды екі жақтап сел боп ағып. 

Теңіздің балығына тегін шөккен 
Көп көпес, – 
жері жоқ-тын шегіншектер. 
Әр үйді айналдырған тас қамалға, 
Жасанып келген баста келімсектер. 

Төндіріп солдатқа еріп қоса апатын, 
Қарашы мыналардың машақатын!.. 
Қашаннан келімсектің әдеті еді 
Тасаңнан байырғы елге тас ататын!.. 

Тұр еді «армян-базар» хас қалқан боп, 
Қалыпты аспан астын басқан шаң кеп. 
Екі сең алма-кезек соққан шақта, 
Кеткені жел қайықтай тас-талқан боп! 

Ушығып жүректегі жанған жара, 
Күннің де жүзі күйді қаннан қара... 
Тұсынан «түземдерді» өткізбейтін, 
Тұлпарға тулақ болды «Әрмән-қала»! 

*Күп – су сақтайтын табиғи суат-қойма. 

Аламан ойрақан сап шәрлі жерге, 
Бойдағы ырық берді кәрлі желге. 
Аттанып су түбіне почта-кеме, 
Маякты екі бірдей алды демде. 

Шаһардың отқа оранып көшелері, 
Сарбаздар күшін қайта еселеді. 
«Ит кіріп, қырғыз ғана кірмейтін жер» – 
Қалды алда «орыс-қала» көседегі... 

Тұрған жер – теңізге енген тұрғыны алып 
Келгенін сезген сынды қырғын анық... 
Екі қол бірікті де – нән кемені, 
Мысалы, жар-толқын боп ұрды барып! 

Нән кеме... кетті қирап сықыр етіп, 
Қаусатып толқын барад түтіп өтіп. 
Жөнелді жалын жалмап – жылым жұтып, 
Көп орыс қолға түсті құты кетіп. 

Нән кеме бара жатты күйреп-сынып, 
Аспанға түтін-желкен билеп шығып. 
Алқынған аламан жүр 
әрбір үйден 
Жалқын шаш қыз-қатынды сүйреп шығып. 

Күн батты көкжиекке балқып ағып, 
Үйлердің жатыр қазір арты жанып... 
Өңкиген нән орыстар сигектеп тұр 
Алдында «киргиздардың» қалтыранып. 

Қан құсап көк теңізді көмген арай... 
Жерге ұрып біраз жауын жеңген Адай – 
Қозғалып бара жатты желе-жортып 
Шүйлінің сыртындағы дөңге қарай. 

...Тапсырып шейіттерді даласына, 
От жағып жатыр тағы бәрі асыға. 
Кей жігіт «құтты болсын» айтысып жүр 
Бүгінгі соғыста алған жарасына! 

Сабулап уақытша қалың үркін, 
Түн басты терең қазып қабірін тым. 
Жалғаннан барады өтіп жалын-қанат 
Түтінін тауға тыққан тағы бір түн. 

Бұл түн де өтті заулап жалын-қанат, 
Күн шықты тырнағының қанын жалап. 
Шеп түзеп тас қамалға тартты сарбаз, 
Төсінде туған жердің дамылдап ап. 

Кетпепті түтін исі аймақты алған, 
Тілінген бауыр сынды айлақ қан-қан. 
Кешегі шулы шаһар жатыр алда, 
Бір күнде тып-типыл боп жайрап қалған! 

Кепкенде шөп басынан шамал жаңа, 
Азынап кетті кенет аран-дала. 
Төрт құлаш биіктіктен қан түкіріп, 
Тіл бітіп жүре берді қамалға да. 

Жер де ойран, 
тауың да ойран, 
аспан да ойран, 
Сәт жеткен қос жаққа да бастар майдан. 
Топ түсіп – атқан шақта жерді аспанға, 
Шыңғырып шыңға карай қашқан хайуан. 

Тас қамал от құсады ысылдаған, 
Барады түтін басып ішін жаман. 
Бетінің шіркеуі бар, 
көріп тұрып 
Қандасқа кеше қолын ұсынбаған. 

Әрине, қазақтарда шығын басым, 
Осылай өлген дұрыс – қырылғасын!.. 
Тас қамал аясын ба, 
арда қазақ 
Өзі кеп нысанаға ұрынғасын! 

Қазақтың ойы жоқтай бір де іркілмек, 
Тауысты қара бұлтты күн жыртып жеп. 
Ұртына қызыл тілі сыймай ісіп, 
Тас қала қас далаға тұр зіркілдеп. 

Адайың жатпайды екен бой тасалап, 
Дұшпанмен өлу мұрат айқаса қап. 
Тұрса да оқпен қырқып, топпен ойып, 
Шегінген болады да қайта шабад! 

Неткен ел – жетуге асық қорымына?! 
Тұтады сонда бұлар нені мұра?.. 
Іліп ап мерт болғанын кетеді де, 
Бірі өлсе, – оны ұмтылад орынына! 

Бұйырса ырза сынды бүйтіп өлім, 
Біледі басына елі үй тігерін... 
Аңдасып атыс салған мергендер жүр, 
Қамдасып қырлысы мен шитілерін. 

Шөл басар шербеттей-ақ қалқыған қан, 
Кіл мұндар безіп алған пәркі-жаннан. 
Пайдаға бүгін асқан сыңайы бар 
Көп мылтық – кеше жаудан тартып алған. 

Әлі де баспағанмен іс ілгері, 
Ызаны бір шығарды тісіндегі. 
Қос мерген тас обаға шығып алып, 
Жауды атып жатыр қамал ішіндегі. 

Қылтадан қиып атып карайғанын, 
Патшаның жер құштырған талай нәнін – 
Тасалап бір тұрғыда Айназар тұр, 
«Тазалап» зеңбіректің маңайларын. 

Оқпенен құмды естіріп, тау тестіріп, 
Қаншама ышқынғанмен жау сес қылып, 
Күркірі зеңбіректің үнін басып, 
Қалады Ер Досанның даусы естіліп! 

Шынымен қалған сынды апат төніп, 
Жатқан жоқ солдаттар да тақат көріп... 
Шегінді есіл ерлер амал таппай, 
Қамалға әлденеше тақап келіп... 

Көрген жоқ мұндай шайқас төсі қырдың, 
Белгісіз айтатыны кесігін кім. 
Жалғасты осы қырғын кешке дейін, 
Кеш емес, үш күн болды осы қырғын*!.. 

*Қамал – шабуылдың соңғы 8 сәуірдегі үшінші күні әр мылтықтан екі мың патрон, әр зеңбіректен 25 снаряд атқан (Соғыс мәліметтерінен). 

Дұшпанға осы бетпен бермесе ырық, 
Тас қамал құлайтындай жерге сынып... 
Болды әмір үшінші күн шегінуге, 
Бір күндей ес жинамақ кеңге шығып. 

Ақыры байлаған соң басты ажалға, 
Түспейді осы жолдан басқа жолға. 
Ағаштан әлденеше саты жасап, 
Арғы күн түнде шаппақ тас қамалға. 

Батырлар бір-біріне «торықпа» деп, 
Тоқтады Берке, Арықша-Қорыпқа кеп. 
Шүйлінің сайларынан ағаш кесіп, 
Жігіттер қамданбақшы жорыққа бек... 

Граф Кутайсовпен шайқас 

«...өлке түгел көтерілген... орасан шығындарына қарамастан, еңселері түспейді. Олар төтенше күшті, Құдайға шүкір, тек қарулары нашар. Олармен бірінші кездескенде қатты шошыдық, бір де біреуі қанша атсақ та құламайды. Шауып келеді, шауып келеді, өлі-тірісін айырып болар емес, сөйтсек, олар өздерін ерге таңып тастайды екен. Адам шошырлық аласат. Мұндай аласапыранда әскердің бас-аяғын жинап ұстау өте қиын еді». 
Граф Кутайсовтың Дағыстандағы армия қолбасшысы генерал-майор Меликовке телеграммасынан 

Дәл сол түні, қаупі жоқ ештеңеден, 
Жатты сарбаз самалда еспелеген. 
Дәл сол түні... әйгілі Кутайсов 
Келіп түсті жағаға қос кемемен. 

Өзі граф, патшаның жандаралы, 
Қандағалы қапысыз сары даланы – 
Жалдамалы жүз елу әскері бар, 
Төрт рота – 
«кавказдық таңдамалы». 

Болған жайға түнімен қан қақырып, 
Маңайының бәріне болды ақырып. 
Дауылпазын шалдырып шықты қырға, 
Әзер-алда дегенде таңды атырып. 

Жүре бермей мал бағып әуресімен, 
Жаңылыпты малғұндар тәубесінен. 
Зеңбірекпен төмпештеп, оқпен сабап, 
Кетпестей ғып үйретпек мәңгі есінен! 

Сенуші еді граф та өзіне бек, 
Жарап тұрған бурадай кезіне кеп. 
Адайларды бұтарлап тастамаққа, 
Келе жатыр «бір көрсет көзіме!» деп. 

Жорық әні күркіреп жан-жағынан, 
Жел еседі еспелеп алдарынан... 
...Жауды көріп жасанған, 
бір топ жігіт 
Жалт бұрылды Шүйлінің аңғарынан. 

Сына кірмес сықылды саптарына 
Қарап граф, көз тіккен қапталына. 
Шошып кетті... 
Самсаған сарбаздар тұр, 
Бәрі мініп үлгерген аттарына. 

Жауға келген байқамай таяп қалай? – 
Қақпанына бір түссең, – аяп па Адай!.. 
Әскерінің үндері өшті демде, 
Айтып келген әндерін аяқтамай. 

Қанша айтқанмен жат өлке, жат аймақ бұл, 
Солдаттар да қалғандай тоқайрап кіл. 
Көк сауытты біреу тұр қол алдында, 
Біреу биік басында атойлап тұр. 

Тастамақ ед Адайды құнсыз күреп, 
Қазір қалай сыр берді бұл сыз жүрек? 
– Анау – Досан, – 
Қосым кеп сыбырлады, – 
Жекпе-жекке шақырып тұр сізді! – деп. 

«Шығып еді дәл бүгін не тіленіп?..» 
Сарбаздар тұр – аспанды шеті керіп. 
– А ну, жоғал!.. – 
«Қандасы қанша айтқанмен, 
Сыбырлайды сатқын ит екіленіп!..» 

– Меніменен шықпақ па? – 
Бетсіз – неден?! 
Айт анаған: 
«Сөйлеспен көп сізбенен! 
Мен – ақсүйек. 
Патшаның бегзадасы, 
Ақсүйектер шықпайды тексізбенен!..» 

Қосым барып оралды төмен түрмен, 
Досан бір-ақ кесіпті берен тілмен: 
«Таңдаулысын шығарсын!.. 
Айтпақшы, әлгі, 
Ақсүйек пе ед Рукин де мен өлтірген?..» 

«Көрсетермін, а ну, гад, өлтіргенді, – 
Жең түргенді! 
Қол бастап желпінгенді! 
Шыңғыс хан мен Темірлан – арман саған! – 
Содан жұққан мен жазам дертіңді енді!..» 

– Ах, жауыздар! 
Жаралған жынмен егіз, 
Сөйлесерміз, бұйырса, түрмеде біз. 
Шық, Трифонъ! 
Жәукемдеп таста ананы, 
Оған дейін шеп құрып үлгереміз! 

Трифонъ да жөнелді мұртын бұрап, 
Жирен аты жүгенін жұлқып жырақ. 
Кавказдағы әйгілі қылышкер-тін, 
Жүрген талай бұлқынған сылқымға ұнап. 

Көк теңселді – дауыстан: 
«Бекет-теген!..» – 
Қалнияз тұр көз жасын етектеген: 
«Бір шал өтті Адайда Бекет деген, 
Пендесінің тілегін екі етпеген!..» 

Ұмтылғаннан Ер Досан өтті ақырып, 
Көздерінен көк-жасыл өт қақырып. 
Бір-біріне қос жалын ағып жетіп, 
Өрелесіп қалғандай көкке атылып. 

Трифонъды әп-сәтте оншақты ұрып, 
Тасқа шашты қылышын моншақ қылып... 
Бауырында жиреннің кетті бейбақ, 
Алқымынан алкүрең қан шаптырып... 

Алғы қатар мызғымай самсап тұрып, 
Шебін орыс үлгерді қоршап құрып. 
Қасасындай айғырдың зіл-зеңбірек 
Қоя берді жапанға зәр шаптырып. 

Қолға көшіп бар қайрат арқа қысқан, 
Запыранды шақ келді сарқа құсқан. 
Дүниеғайым орнады жер бетінде, 
Майдан сынды мың дию арпалысқан! 

Көзден мейір безініп, ойдан иман, 
Өрт-тасқындай екі әскер – сайға құйған. 
Жанталасты – «таңдаулы патша әскері 
Барлық соғыс өнерін бойға жиған». 

Қуат алған сарынды даласынан 
Адайды да кем деме дәл осыдан. 
Әрбірінің қолында жарқылдап жүр 
Қалған құрал баяғы бабасынан! 

Жердің шаңын аспанға шаншып өріп, 
Қылыш ұрып жатыр жұрт сәл шіреніп. 
Мына қырда шарпысқан шақ еді бұл 
Штык пенен көк найза қарсы келіп. 

Енді келді ешкімді аямас жер – 
Жауын көрсін! – 
Шаңытпай, баяу ес, жел! 
...Соғыспақ ед тәсілмен Кутайсов, 
Араласып кетті атты, жаяу әскер. 

Жаннан күдер бәрі де үзді білем, 
Қызыл қаннан жапқандай түзді кілем. 
Кутайсов ортада алақтап жүр, 
Айрылып қап соғыстың тізгінінен. 

Мана ғана мажырап жатқан аймақ 
Өре тұрып кеткендей қаптағайлап. 
Адай деген нәлеттер соғысқанда 
Тастайды екен өздерін атқа байлап. 

Тірі, сірә, салып жүр бұлағайды, 
Өлісі де атпенен сыналайды. 
Болады адам – кентавр кездескендей, 
Атса дағы, шапса да құламайды. 

Шекесіне көздерін шатынатып, 
Шебін бұзып өтердей қақыратып – 
Шауып келед, 
тоқтаусыз шауып келед, 
Түгесерсің қайсының атын атып!.. 

Көрген жоқ ед бұрын ол ар күйелеп, 
Сан шайқастың жеңісін алды иелеп. 
Аты шыққан ер еді Кутайсов – 
Талай шешен, шеркесті «тәрбиелеп». 

Енді мынау.., болмай тұр ойлағаны, 
Келе жатыр жау қамап айналаны. 
Бірін тірі қалдырмас бұл түрімен, 
Тығылмаса қамалға – қайда амалы?.. 

Жаңа да бір найзадан жаны қалды, 
Төніп келед ақ қылыш тағы қанды. 
Барлық қолдың кететін үнін басып 
Досанның да дауысын танып алды!.. 

Қылыш, найза төнгенде нажағайлап, 
Үлгеріп жүр алды-артын азар ойлап... 
«Бандиттерді» қамалдан күтіп алмай, 
Шыққан шығар дәл бүгін ажал айдап... 

Тыныш тұрсаң тісіңе тіл шегелеп, 
Шығуыңа далаға кім себеп ед?.. 
...Жақын жерден шықты енді Досан даусы, 
Өзін іздеп ол дию жүрсе керек?! 

...Алдаспаны Досанның – түйе мойнақ, 
Ажал болып жауына тиеді ойнап! – 
Перзентінің сүйсініп қимылына, 
Арқаланып жатқандай киелі аймақ. 

Жел күшейді, 
қимылын құп алып дөң, 
Қара қанға қақалды жыра біткен!.. 
Зеңбіректі – 
маңайын тоз-тоз қылып, 
Сүгір сүйреп кетті, әне, бұғалықпен! 

Түңілетін күн болды жат жанынан, 
Әлі бірі ауған жоқ ат жалынан. 
Алғи, Орақ ұмтылса, 
Диқан, Шүрен, 
Қарамұрат жетеді қапталынан. 

Ақырғанда Ер Досан – алқақыран, 
Жібереді қоздырып арқаны ұран. 
Кірген жерін күйретіп жүре беред 
Бес бағылан – 
соңында алты оғылан... 

Қанмен бүгін қанғандай дала шөлі, 
Бір биіктеп қалғандай аласа өрі. 
...Сергей деген ұлықты бауыздап, бүгін 
Көпмағамбет* атанбақ «Қарасері»! 

...Екі жақ та қансоқта – қидаланып, 
Сан боздақты қыршыннан қиғаны анық... 
Кутайсов шегінді кенет бірден, 
Әскерінің аяғын жинап алып. 

Кіл Адай жат – тигенде бұлағайлап, 
Ар-шынжыры үзілді шыдамай қап... 
Бегзадалық намысын сыртқа тастап, 
Қашып кірді қамалға тырағайлап. 

Жұрт алдында насыры он бүгіліп, 
Тырағайлап қамалға келді кіріп. 
Қанталауға тап болып жан көрмеген, 
Әскерінің ширегін қолды қылып.. 

Таңда кеткен биік боп бар кісіден, 
Кешке келді... қуды ажал шалғысымен. 
Сары қолдың самсынан үрейі ұшып, 
Тас қамалды құлыптап алды ішінен!.. 

...Қолда тұрған айрылып жендетінен, 
Тиген сынды Досандай ерге түлен. 
Күркіретіп, сарбазын дүркіретіп, 
Екі шапты қамалға сол бетімен! 

*Байшағыр Көпмағамбет Бәйтерекұлы – батыр. 

...Қоңызды алып оқтары – доңызды атқан, 
Басты өкініш ерлерді тоғыз батпан. – 
Көкжиекті көмкеріп көп пароход, 
Келе жатты көп әскер теңіз жақтан*. 

Нар қамыстай теңселіп желді күнгі, 
Алғаш ірет еңселіп ер бүгілді. 
...Бәймәмбеттің неліктен қан құсқанын, 
Тар қыспағын дүниенің енді білді. 

«Еш кетті, – деп, – неше күн еткеніміз, – 
Өкінішті Иса тұр өкпелі жүз. – 
Алдан шықты-ау әнеугі қарбаласта 
Оғыландыға бара алмай кеткеніміз!..» 

Жатыр дала тазалап төсін желмен, 
Шегінді қол, алдында көсілген дөң... 
Кәрі жолдас – мылтығын жанына алып, 
Мерт тауыпты Айназар – есіл мерген. 

Шайқас өткен манағы араға кеп, 
Шейіттерін қалды алып – дала бөлеп. 
«Қырғынтөбе» қос бірдей қала барды, 
Бірі – «Айназар», біреуі – «Қараоба» боп... 

*9-12 сәуір аралығында Фортқа бірнеше кемемен Кавказдан әлденеше рота әскер келіп жетті. 

Қырдағы қида 

Жаз жайлау Сарыарқаны алды орыс, 
Қыс қыстау Маңғыстаудан бермей қоныс. 
Солдаты алды-артымды бірдей қамап, 
Ерулеп отырмадым бір күн тыныш... 
Иса 

Қыр жатыр. 
Сол баяғы жалаңаш бел, 
Қан құсты торлы аранда қара-қасқа ел. 
Орынбор, Орал, Кавказ, Шағадамнан 
Адайды алды түгел қамап әскер. 

Көп әскер от боп жалмап жүрген жерін, 
Далаға жасап бақты білгендерін. 
Жыртқыштың жұртқа істеген жазасынан 
Қашардай әруақ тастап кірген көрін. 

«Киргиздің қуырылды отқа жаны, 
Тозақта өлгенде де қақталады». – 
«Сәуегей» орынборлық губернатор 
Министр Милютинге мақтанады. 

Қара шың – мына тұрған көзі көрді, 
Жат салмақ бара жатыр езіп елді. 
Маңғыстау әскеріне қолбасшы боп 
Князь Меликовтың өзі келді! 

От жағып табанынан, қақтап күллі, 
Қазақты қолға түскен топтап қырды. 
Байковтай жендетінен өзі шошып, 
Патша ақыр жаналғышты соттап тынды! 

Бұғатын бұта таппай аймақ енді, 
Қазарын қалды білмей қайда көрді. 
Дұшпаннан шен алғанын даңқ көрер 
Тойтық пен сімсік сатқын пайда болды... 

Досан жүр. 
Жаудың қолы жағасында, 
Қақырап қылыш қайрап қара шыңға. 
Жандасты жеті мәрте – 
Мәстек құдық, 
Мәлібек, 
Манатаның арасында! 

Ашылған сайын жаудың араны әрмен, 
Дос таппай, көмек күтпей бар әлемнен – 
Қанша ірет жау қосынын бөріктірді 
Алты мың артындағы аламанмен. 

Күнінде күнге шапты, төске өрледі, 
Шығынған шу тарпаңдай бас бермеді... 
Түрі жоқ таусылатын орысыңның, 
Тажалдай балалайды әскерлері. 

Жақындап келді қыспақ жанды қысқан, 
Тыңшылар тіміскіп жүр әр бұрыштан. 
Қасында алпыс жігіт – 
бір ауылда 
Алғиды қапияда алды дұшпан*. 

Жоқ енді бұл далада тығылар жай, 
Біржола тынбас орыс құнын алмай. 
Қалайда аман сақтап қалмақ керек, 
Халықты соңындағы қырып алмай. 

Қалмаса ұранға да қан қызар әл, 
Жұртына келтірмеу жөн мәңгі зарар. 
Қол асты Хиуаның – 
бұл ғаламда 
Топаннан аман тұрған жалғыз арал. 

...Күйкеннің тұр тұнжырап төңірегі, 
Әупілдеп аңғарынан жел үреді... 
«Өтеміз Хиуаға!» – 
Бір ауыздан 
Осылай шешті Кеңес жедідегі... 

*Алғи Жәлімбетұлы – Досанның ағасы, батыр кейін Итжеккенде жүріп өлген. 

Күйкеннен аттанарда 

Көк қабақ ала шыңның көрінгені-ай, 
Манашым, жөңкіп астым беліңнен-ай. 
Қосарқан-Шақан, сенен жөнелгенде, 
Ақылдың алпыс екі бөлінгені-ай... 
Иса 

Желдің сөзін жөнелед құйын ала, 
Елдің сөзі күйікті, күйі – нала. 
Он мың сарбаз қорғаған айналасын 
Жөңкіп көшті үш мың үй Хиуаға. 

Еңкіп көшті көлбеген ала шыңнан, 
Мөңкіп көшті көлденең Манашыңнан. 
Елі көшіп, 
бебеулеп желі жосып, 
Жетім қалып баратыр дала шыннан. 

Көк қабақ шың, Сам құмы алтын қабақ, 
Сарбаздарға қалыпты салқын қарап. 
...Бір топ батыр тұнжырап тұр иіріліп, 
Желкілдеген жігіттің артында қап. 

– Ерді өлтіріп, 
Адайды Тәңір ұрды! 
Обалым жоқ түздегі тағы ғұрлы! – 
Мәмбетнияз жуып тұр ақ сақалын, – 
– Жаңа білдім, Бәймеш, – деп, – қадіріңді!.. 

Қалды қоныс, ата-жұрт қияндай тұл, 
Жан-жараға байланды тие алмай тіл. 
Ат үстінде бүгіліп би-батырлар, 
Маңғыстауын басқаға қия алмай тұр. 

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқытқа анық, 
Қашып барад тажалдан қорқып халық. 
Шарасыздық жегі боп жанын жеген 
Досан бейбақ түзелді толқып барып. 

Тағы әупілдеп жедінің кетті желі, 
Жүрек қылын жегі-мұң жеп күзеді. 
Ер Досанның сондағы толғанғанын 
Жел былай деп біздерге жеткізеді: 

«...Айналайын тарғыл шың, 
Тарыға-тарыға қал солай. 
Даусым сенде жаңғырсын, 
Таусылмайтын аңсар-ай. 

Айналайын орғыл құм, 
Жұмақ едің сен бұрын. 
Жұмағыңа жын-шайтанды ендірдім, 
Бұл да болса – кемдігім. 

Жетім қаңбақ қаңғырған, 
Саған айтар наз, көкем: 
Менің қайғым көк Еділін алдырған 
Қарға бойлы Қазтуғаннан аз ба екен! 

Ей, жесір құс жез қанаты қайрылған, 
Меніменен сен бе тең! – 
Ақжайық пен Құм Нарыннан айрылған 
Махамбеттен менің мұңым кем бе екен?! 

Орақ, Мамай, Телағыс, 
Сен де қаштың бұл қырдан. 
Өздеріңнен көшпеген екем мен алыс, – 
Жұртыңда қалып шыңғырған. 

Қалай қалам бұл көштен, 
Қалай қиям бұл жерді? 
Қара арбаға мінгескен 
Қара жұртқа қайғысы бөтен құл келді. 

Қаруды қарға ілгенмін, 
Ірімеуін тілеп іргемнің. 
Тап осылай болатынын білгенмін, 
Қара бурыл атқа қаһарланып мінген күн! 

«Әулиемді әзәзілге бастырман!» – 
Деген кеше орындамай Сертімді, 
Босып барам бос қырдан, 
Елге беріп еркімді. 

Кешіре гөр, үш жүз алпыс әулие! 
Кешіре гөр, Пір Бекет! – 
Сен бола гөр жауға ие, 
Үміт үзіп жүрме тек! 

Жан моншағын көкке үзсем, 
Қанатыңмен сүртем деме, ей, құсым! 
Мына жұртты бір қараға жеткізсем, 
Қарап жатар деймісің! 

Тұлпарымды ең ақырғы тойға жаратып, 
Болған шақта боран күн – 
Алдаспанның азуларын Айға жалатып, 
Бір айналып соғармын! 

Қош, Маңғыстау, менің жұпар тозағым! 
Жұмағыңа жын үйір! 
Тірі жетсе тоз-тоз болған тозаңым, 
Қотаныңа құм иірме, шың иір! 

Сатқын да шығар, 
жат айтқан үйретіп өлеңін, 
Дұшпаныммен қос болман. 
Өзіңе келіп кебінімді сүйретіп өлемін! – 
Қош, әзірше! 
Қош, жалған!..» 

...Көш жолына біржола бетті бұрып, 
Досан атын тебініп кетті жүріп. 
Жел үреді жабысып шалғайында, 
Маңдайында қабысып көк тұр ұлып... 

Хиуада 

Біз кеттік қапылыста қырға қарай, 
Хиуа, Бесқала мен Сырға қарай. 
Қалың ел – Маңғыстауым, қош бола тұр, 
Бақыттың маңдайымда тұрмағаны-ай. 
Иса 

...Хиуа! 
Сол баяғы Хиуасың, 
Сен неге бүгін мұнша бұйығасың?.. 
Ерітіп таңдайыңда отырсың ба 
Базардың жүзімі мен миуасын?.. 

Хиуа! 
Сол баяғы шаһарсың сен, 
Кейде бал, ал кей кезде зәһарсың сен! 
Кей кезде қыздан жұмбақ моп-момақан, 
Кей кезде зәрін шашқан қаһарсың сен! 

Сен кейде дәруіш боп сенделесің, 
Сен кейде ғалым болып тербенесің. 
Өзіңе шырқ айналып келе берем, 
Өзіңдей бір шаһарды бермегесін. 

Қазақтың теспей сорған ту даласын 
Жетемін жәрмеңке боп шулағасын. 
Толтырам сенен қоныш-қоржынымды, 
Ту далам сендей шаһар тумағасын! 

Сықылды ең бір жақын тумаласым, 
Күлесің, 
мұңаясың, 
қуланасың. 
Шақырып аласың да күмбезіңе, 
Сен кейде үзеңгіме у жағасың!.. 

Бәз бірде сұлу қыз боп қасың қағып, 
Бәз бірде жендет болып тасырланып, 
Өткенсің талай менің қойынымнан, 
Кеткенсің мойынымнан басымды алып!.. 

...Хиуа. 
Сәнді шаһар сол баяғы, 
Үзіле қоймағандай борбайы әлі. 
Алдырып атажұртын ауып келген 
Адайға қайыршылар қол жаяды. 

Күмбездер күмбірлейді – ат кісінеп, 
Тас көше. 
Тағасыз ат. 
Жат кісі көп. 
...Сүгірдің алақаны қышып келед, 
Тұратын шаһар көрсе шапқысы кеп! 

Қызыл үй – қызғалдақтай қауызы қан, 
Қышқырып төбесінде тауық-ұзан; 
Сыңсып тұр көк моншақтай қалың күмбез 
Аспанның түсіп қалған ауызынан! 

Хиуа жақынға да, жатқа да ынтық, 
Күмбезін берер сынды Хаққа жыртып. 
...Азаннан мұнарада мәзін айтқан 
Келеді кейбірінің аттары үркіп. 

...Мәссаған! 
Пәрәнжілі қызды қара!– 
Аяғын шапшаң басып үзді қара... 
Аллаға сәлемдерін жеткізердей 
Аспанға сіңіп кеткен жүз мұнара. 

«Қалтасын қаламын, деп, қалай үптеп?!» – 
Бұларды қызықтаған халайық көп... 
Кідірді: 
«Кежі* менен Құлбараққа* 
Алдымен дұға қылып алайық», – деп... 

Шәр таңсық сахараның Адайына, 
Өтеді үрке қарап маңайына. 
Беттерін ат үстінде сипап келед, 
Тәжім ғып Палуан Махмұт* сарайына. 

*Кежі Үргенішбайұлы, *Құлбарақ Табылдыұлы – халық батырлары. Бастары Хиуада жерленген. 
*Палуан Махмұт – шығыстың софы-шайыры (XIII ғ.) 

Жетті ақыр Атажан хан сарайына, 
Ысқыра ызғар шашқан маңайына. 
Тұрғандай мұнара да үрке қарап, 
Жапаннан жаңа жеткен жабайыға... 

Най семіз – домаланған доп құсаған 
Тақтағы Атажанға жетті содан – 
Ермембет, Иса, Ғафур, Мәмбетнияз 
Бастаған ел келесі – жетпіс адам. 

Әуелі қарсы алды хан тымырайып, 
Ботасы теріс келіп – қыңырайып. 
Пенде боп дәргәһына кеп тұрғасын, 
Арда Адай көрмегендей мұны да айып. 

«Тап қылды-ау бұл қорлыққа, Құдай алмай, 
Болмап ем шыны мүсір бұлай, Алла-ай...» 
Алдында «тәңір» тұрса тайсалмайтын 
Қалнияз сөйлеп кетті шыдай алмай: 

« – Уа, тақсыр, хан ием! – 
Берейін жүріс дерегін. 
Мен жайымды білдірсем, 
Түсінерсің себебін. 
Сахыра жайлау, кең қоныс – 
Еркін өскен ел едім. 
Бұл күндері болғанда, 
Болмай тұр менің дегенім. 
Дәуімшар мен Құдабай – 
Жығылғасын өренім; 
Исатай мен Махамбет – 
Қолға түсіп қорланып, 
Құлағасын тіреуім. 
Доп пенен оққа дәрмен жоқ, 
Табады екен керегін. 
Жеңіліп емес, шегініп, 
Алдыңа келді, мінеки, 
Досан мен Иса беренім. 
Көріп жеттік армансыз 
Ақ патшаның әлегін... 
...Аржағым Алаш ұранды, 
Ел едік байтақ – құралды. 
Құралым тарқап бүгінде, 
Көргенмін қиғаш заманды. 
Атақоныс – Маңғыстау, 
Орыс алды даламды. 
Туын жығып ерлердің, 
Жылатып қатын-баламды. 
Орыстан қашып ығыстап, 
Жетіп едік жеріңе – 
Сағалауға панаңды. 
Өзімсініп келгенде, 
Қимайсың ба қараңды? 
Хан көтерген қазақ ек 
Шыңғыс хан – арғы бабаңды!..*» 

– Жә, жә, жә!.. 
Ұғынықты. Дүштім* бәрін, 
Зор шайыр, енді маған мұшты ұрмағын. 
Бүгінше меймансыңдар. 
Ертеңгі күн 
Шешерміз бірге отырып істің мәнін... 

Жатқам жоқ алдарыңда мен шіреніп, 
Қалмаңдар жаңағымды ерсі көріп. 
Кішкене шаршаңқырап отыр едім, 
Парсы мен ағылшыннан елші келіп... 

Бітпес-дүр мұнымен де біздік шұрқан, 
Демеңіз, қазақ ұлы, сіздік сыр таң, – 
Кеп-кеше осы жерден кетті аттанып 
Баласы Хан Кененің Сыздық сұлтан... 

«Ер Сыздық?!.» 
«Кетті аттанып?..» 
Әттегене!.. 
Есіл ер енді қайтып тап келе ме?.. 
Өңшең ер өкінішпен қарап қапты, 
Өңкиіп тақта отырған жат төреге... 

*Бұл жыр Атажан ханға айтқан Қалнияздың өз толғауынан үзінді. 
*Дүштім (түркм.) – түсіндім. 

...Тар жерде Қалнияздай көкжендет жоқ, 
Тез жақты тілмен көсеп сөнгенді от боп. 
Ертесін – Досан батыр түменбасы, 
Ғафур би шықты ханнан – Беглер-бек боп! 

Көздері үйренісіп ерсі сәнге, 
Қонды енді тұмақ пенен қоңсы сәлде. 
Баяғы Дәулеткерей Бек* өлетін – 
Би Иса әмір болды Борсы*-шәрге!.. 

...Ұмыт боп көптен көрген бүгін жапа, 
Арқайын күлді көп жұрт тығынды ата. 
Үлкендер қам ойлап жүр: 
«Хиуа бұл – 
Бермеген Махамбет пен Сырымға опа...» 

Кешеден мәйін сөйлеп салған құрық 
Хан сырын отыр билер болжал қылып: 
«Ғафурға салықты артып, 
ал Досанды 
Жұмсамақ орыстарға қанжар қылып...» 

*Дәулеткерей Бек – қабарда бегі, 1-Петр патшаның әскербасы А.Бекович-Черкасский. Хиуа ханы Шерғазының қолынан Хорезмдегі атақты «бес қаланың» бірі Борсыда (Порсы) опат тапты (1717 ж.) 

Сүгірдің өлімі. Итібайдағы ұрыс 

Кешегі үзеңгілес ерлерімнен 
Көнеде Сүгір менен Есен қалды... 
Қалнияз 

...Жетім тастап кетсе де қасқа белді, 
Бір қараға жеткізді астана елді... 
Айналадан ақ патша торын кұрып, 
Хиуаны бұлт торлай бастады енді. 

Сүйенгенмен ақ мойнақ – береніне, 
Жалаң қайрат енді елге береді не? 
Қорғалаған сасқандар бұтағына – 
Жасыл түсер сықылды терегіне. 

Тартып топан тұңғұйық тереңіне, 
Жүргізерге жеткендей дегеніне. 
Сеніп мінген қайығы Хиуа еді, 
Сызат түсті құрсаулы кемеріне. 

Жын-зеңбірек күркілдеп аттап бермен, 
Жететіндей бір қауіп қаптап белден. 
Тәңір теріс айнала бастағандай 
Хиуаны неше ірет сақтап келген*. 

*Ұзын Петр патшадан бастап, Русия тарапынан Хиуаға әлденеше жорық жасалып, бәрі де түрлі сәтсіздіктерге ұшыраған. Орыс мемлекеті ресми түрде «полоса отчуждения» деп атап кеткен Адай даласы – босағасы Хиуадан басталатын шығыс елдерін орыс экспансиясынан бірнеше ғасыр қорғап келгенін талай тұлғалы тарихшылар мойындаған. 

Атажанның шырағы әрең жанып, 
Жүрген жайы бар әзір сәлемді алып. 
Ақ патшаның дабысы күннен-күнге 
Бара жатыр дүңкілдеп әлемді алып. 

Жөнге көшіп екі елдің арапшысы, 
Тұр Досанның маңайға тарап сұсы. 
Мұның аты естілсе, жым болады 
Түркпендердің түн баққан қарақшысы.. 

Жазаланып – жүргендер арандатып, 
Жалдаптарды тастатты табанда атып... 
Жем, Үстіртке жортуыл салды неше, 
Жан бермекке бола ма қарап жатып! 

Жатқан сәтте даласын отқа орап сұм, 
«Елім» деген ер қалай текке жатсын! 
Қимай қарап, биғамал қайрылады, 
Көз ұшынан көрінсе көк балақ шың. 

Көк қабақ шың... 
Жүр ме екен арқары аман? – 
Күн туар ма оралар ортаңа аман?.. 
...Шықты батыр сан мәрте түріп айдап, 
Әскерлерін патшаның ел талаған... 

Тажал келед жақындап тап-тап беріп, 
Жалғыз қарпып барлығын қаппақ келіп. 
...Осы жолы аттанды 
Жем бойында 
Жарақтанған қамалды шаппақ болып. 

Текке отырмай «орыс кеп қалды ғой» деп, 
«Тоқтай берсін, – деген ой, – алды ірейлеп». 
Бес жүз жігіт шықты ертіп бар болғаны, 
Ер Сүгір бар – жолдасы қанды көйлек. 

Біріктірмей орыстың жеті күшін*, 
Шама жетсе, шаппақ кіл бекінісін. 
Аз аламан ертіп жүр – 
жәукемдей сап 
Көз жаздырып тезірек кету үшін... 

*Орынбор, Орал, Кавказ, Түркістан, Жем бойы, Маңғыстау, Шағадамдағы орыс әскерлері меңзеліп отыр. 

...Қас та жалған, дүние-ай, дос та жалған! – 
Орындала бере ме бастағы арман... 
Мың қаралды қалтаман тап бергені, 
Қырға шығам дегенде Қасқажолдан! 

Елді дұшпан жатқанда қабат қамап, 
Жабысуы-ай бұлардың жараққа жат. 
Кәпір бастан шалғанда, 
«мұсылманы» 
Қалмақшы ғой ол да енді балақтан ап. 

Бүктетіле жазылып Ақтаңгері 
Сүгір қолға ақырып: 
– Аттан! – деді... 
Қаны қатқан сыртынан қарақшылар 
Осы болды қапысын тапқан жері. 

Шыққан жебе – кірістен зыңыранып, 
Барып қалды дұшпанға Сүгір ағып. 
Шыдай алмай, Досан да тебінді атын, 
Кетпекші-тін әскерін бұрып алып. 

Жауды көрсе, кететін өлгенше еркі, 
Қайран Сүгір, қайрылмас сөнгенше өрті. 
Ұстап қалған Досанды: 
«Мұсылманға 
Қол көтермен!» – деп баста берген Серті. 

Таңдаушы еді келген күн қаза нені?! 
Күйрер болды-ау Алаштың азалы елі. – 
Сүгір құлап баратты аттан ағып, 
Қағындысын дәл тауып ажал оғы! 

«Алым көріп жүр екен мені бұлар, 
Әлі сендік Досанның желігі бар. 
Садаға кет – дінімнен!.. 
Бұл – кәпірлік!.. 
Сүгір өлсе, Сертімнің не кұны бар?! 

Шонданайы шойрылса кәрі қасқыр, 
Танытпай ма иттерге танымас түр? 
Танымас түр танытсам түсінбейсің, 
Көрсетейін, 
Сертімнің кәрі басқыр!..» 

Көзін ердің қан басты – Сүгір өліп, 
Көк сауытын кеуденің түгі керіп. 
Бұлағайды салғанда ақырып кеп, 
Қоя берді күдер шың күңіреніп! 

Қара бұлтша ала шаң тұтып көкті, 
Тұтқан бұлтты бір жасын түтіп кетті – 
Ту-талақай қылып жүр түріп айдап, 
Өзегіне құлаған жұтып кекті. 

Бар әруағы батырдың кетті қысып, 
Бойға жиған дұшпанға кекті құсып... 
Бурыл тұлпар шойрылды тұңғыш ірет, 
Бұра қашқан біреуге соқтығысып. 

Алғаш ірет сүрінді ат жолда жүріп, 
Шығып па еді осы жол сорға мініп?.. 
Атты жықпай найзамен қалды тіреп, 
Кетті найза тұрағы қолға кіріп... 

Жатпаса да тап қазір туы құлап, 
Жаман ырым бастады буырыл ат. 
Алақанын айырып қан шапшытқан 
Қайта ұмтылды найзаны суырып ап... 

Тағы қанмен шайынып майса дала, 
Қан тіленіп көрінді Ай-шағала... 
Өлгені – өлді. 
Қалғаны қарақшының 
Сіңіп-сіңіп жоғалды сай-салаға. 

Баяу боздап желменен түйе-қырат, 
Бір-біріне шөгіпті сүйеніп ап... 
«Ноғай-Ишан»* қауымға коймақ болды 
Етін аршып, Сүгірдің сүйегін ап. 

Жан серігін қиюшы ед кім өлімге?– 
Тек жұбаныш – өлді елдің тілегінде! 
Деді Қиыр*, сүйекті тазалаған: 
«Үш тал қыл бар басы айрық – жүрегінде!..» 

*Ноғай-Ишан – Көне Үргеніштегі әулие. 
*Қиыр Жүсіпұлы – батыр. Досанның туысы. Өте бірбеткей адам болған. 

«Бәсе, бәсе! 
Ер Сүгір – сенген ерім, 
Қалай жерге сыйғансың, – 
Сенде – не мін!.. 
Сен – шейітсің! 
Нышанмен жаратады 
Құдай өзі қалаған пенделерін!..» 

...Түн тыныстап, 
басқанда қыр аптығын, 
Жатты сарбаз төсеніп құмақ түгін. 
Таң Шолпаны тамып тұр... 
Ұйқысынан 
Досан батыр оянды жылап бүгін. 

Ер даусынан шошынып оянды жұрт, 
Күн қылтиды кез таудан қоянжырық... 
Қос серігі – Иса мен Ермембетке 
Отыр Досан көргенін баян қылып. 

– Ей, жігіттер! 
Қорғаған ел намысын, 
Қашты әруағым! – 
Салғандай Алла қысым. 
Безді бүгін! – 
Бар еді жебеп жүрген 
Қос аққу мен жанымда жолбарысым... 

Жолбарысым – жонының түгі қара 
Қашты теріс, құйрықпен ұрып ала. 
«Досан! 
Серттен сен тайсаң, 
біз де тайдық!» – 
Деп қос аққу кетті ұшып Құбылаға. 

Кескен сынды біржола кесімді Алла, 
Сендерді енді ұстаймын несін жанға?! – 
Өйтіп-бүйтіп орыстың аузын алып, 
Ел табыңдар, жігіттер, есің барда!.. 

Қалған Досан бүгіліп – қаңқадай жат, 
Кетті тағы кісінеп тарпаң аймақ – 
Кеше кеткен шолғыншы «жау шаптылап!» – 
Жетті шауып атой сап сартабайлап. 

Талып жетіп, атынан түсті ерініп, 
Бойын әзер жинады үш керіліп: 
– Кеншін-атам ауылын Итібайда 
Қамап жатыр жандарал Үскөбіліп*! 

*Үскөбіліп – М.Д. Скобелев (1843 – 1882). Әзір полковник, кейіннен орыстың ұлы қолбасшысы атанды. 

– Сауап болған!.. – 
Жанары бұршақтана, 
Тұрды Қиыр жүзін кек құрсап қара, – 
Тең жартысы солар ед – кешегінің, 
Мен бармаймын, жау емес, жын шапса да! 

Туысқан деп, қапыда тағы қалдық, 
Кәпірге қос болар ма ары бар жұрт?! 
Қайрайды да жүреді қара қанжар, 
Ел Адайдың ең әлсіз шағын аңдып. 

Шеккен содан, ұмыт па, сонша қайғым? – 
Кешегіні айт! 
Басқасын соң санаймын! – 
Текебай мен Жандәулет, кеше – Сүгір! – 
Үш перзентін мерт қылды Ер Шабайдың! 

– Ашуыңа, ей, Қиыр, арын қоспа, 
Жағаласа жатарсың жалың боста. 
Жауықса да – жат емес, қарындас қой, 
Өкпе жүрер, 
кек жүрмес – қарындасқа!.. 

Қанға тағы, жігіттер, боянамыз, 
Қалды жаудан аяйтын қай арамыз?! 
Қарындастың дауысын естіп тұрып, 
Қалай жатқа талатып қоя аламыз?! – 

Деді Досан, біржола түйін бекіп, 
Жүріп кетті жүз бұрмас күйінде тік. 
...Аттың жалын күйдіріп ыза жасы, 
Қол соңында баратты Қиыр кетіп... 

Жараған ат бұланып қатты желіп, 
«Бере гөр, – деп, – бір Алла, сәтті жорық!» – 
Шерулеген әскерге Итібайда 
Шыға келіп кезеңнен, шапты келіп. 

Қыз-қатынға ермекке саудырып қой, 
Офицерлер жүр еді әулігіп кей. 
Жер астынан ағызып шыға келген 
Қапы қалды орыстар жауды күтпей. 

Көкмойнақтар келеді ақтарылып, 
Бұл бетімен өтердей таптап ұрып. 
Елді тастап, сытылып шыға берді 
Үлгергені солдаттың атқа мініп. 

Ала шаңнан аспанға бұлт үйіріп 
Жетті аламан, 
желісін жылқы қиып... 
Ақбоз атты жандарал ойнақтап жүр, 
Әскерінің алды-артын шырқ иіріп. 

Оқ жетер жер солдатпен арасы анық – 
Мылтықтарын мергендер ала салып, 
Атып жатыр... 
Гүрс етті Ер Досанның 
Қолындағы «қолтосар-қарашабық»*. 

Қара бұған Құдайдың тап қылғанын! – 
Жеп жүрген жан патшаның, тақтың қамын, 
Қанмен жуып ақбоздың омырауын, 
Құшып кетіп баратты аттың жалын*. 

*«Қолтосар-қарашабық» – мылтық түрі. 
*Скоблев алғашқы және соңғы жарақатын осы Итібайда алды. 

Тірі кетті. 
Әккі екен амалы мол, 
Бірақ бүгін жетпеді талабына ол. 
Қанды басын тартқызбай қойды бері – 
Қашқан әруақ. 
Шелді көз. 
Жаралы қол. 

Алып қашты төрені қанаты – аты... 
Марқайтса да сан шайқас марапаты – 
Әлі талай шығады сыздап, бірақ 
Алғашқы әрі ең соңғы жарақаты! 

Аламанның жеткенде дүбірі анық, 
Жөңкіп берді көп солдат бұғып алып – 
Қолбасшыны қаумалап ортасына, 
Жараланған жандарын іліп алып. 

Солдаттардың соңына жол тіреліп, 
Ұмтылғанмен егесе қол тіленіп, 
Ары қуа беруге болмады, әттең, 
Қалды ар жақтан «Дағыстан полкы» келіп!.. 

Болған жайды жадынан мүлде өшіріп, 
Жатыр тағы керенау қыр көсіліп... 
Аман қалған ауылды алға салып, 
Аламандар баратты түнге сіңіп... 

Хиуаның құлауы 

«...орыстардың Үстірттен өте алмайтынына сенімді едім. Бірақ сіздер Қоңыратта Орынбор отрядымен біріккесін, жақсы қаруланған 12 мың қазақ атты әскерінен айрылып қалдым. Олар соғысуға сөз бергенмен, уәделерін орындай алмай қалды». 
Атажан ханның айтқаны. Ротмистр Алиханов-Аварскийдің «Хиуаға жорық» кітабынан 

Бойдағы кеміп бітті шіркін дәрмен! – 
Обыр ел Адайды алып, сілкінді әрмен. 
Ақ патша айналасын шырмап болды, 
Хиуа торда қанша бұлқынғанмен. 

Шақ туды жан берісіп, жан аларман, 
Баяғы шайқап төгер шама қалған... 
Төнді әскер Орынбор мен Орал, Кавказ, 
Түркістан, Маңғыстаудан, Шағадамнан. 

Хиуа – жау алмаған кішкене арал, 
Ол да енді тәтті болды тіске жағар. 
Кауфман*, Перовский,* Веревкин – 
Үш жақтан бастап шықты үш генерал. 

*Кауфман – Түркістан генерал-губернаторы. 
*Перовский – орыс қолбасшысы. 

Кем емес Бесқала жақ өрт кіргеннен, 
Бір уыс болды ғалам төрткүлденген. 
Шығыпты Маңғыстаудан Ломакин 
Жасанған екі кеме, төрт мың қолмен. 

Билей ме жарты әлемді осал халық?! – 
Елеске кепті Атажан бос алданып. 
Бағытын өзгертпеді Ломакин, 
Тигенмен екі мәрте Досан барып. 

Жауынан шегінгенмен – насыр құлап, 
Ер Досан отыра алмас жасын бұлап. 
Соңғы ірет хас дұшпанмен қандаспаққа, 
Сарбаздың жатыр қайта басын құрап. 

Білгенмен ақыр түбі өлетінін, 
Қорлыққа білмеуші еді көнетінін. 
Қайтадан көкке шапшып қарабурыл, 
Соңына жиылды ері – он екі мың. 

Орыстар Қоңыратқа тақағанда, 
Дүние айналмақшы топалаңға. 
Байласып келді соңғы уағдасын, 
Ғафур мен Иса барып Атажанға. 

«Би-кеңес» шақырды олар келе салып, 
Қалыпты шоқтықтары аласарып. 
– Қайыр жоқ Атажаннан, – деді Ғафур, – 
Босап тұр кемесінің шегесі анық. 

Сең соқса-ақ – бар ұлысын қарап қылмақ, 
Кірпікпен қарай беред қабақ тырнап. 
Көмекке әскер, қару бермек түгіл, 
Біздерді отқа итеріп қарап тұрмақ. 

Күні ертең патша әскері қосылады, 
Жылжиды аждаһадай сосын ары. 
Соңынан түре тиіп нені ұтамыз, 
Ер Досан, қалай болмақ осы жағы? 

Шықты алдан тағы түйін шатысы көп, 
Тап болды тарғыл заман тақысы көп. 
Көп дейді орыс бізден жарым есе 
Және де қаруының қапысы жоқ. 

Сом жүрек сарайында тыншымайды, 
Сұр күшік күдік деген қыңсылайды. 
Адайдың аламанын қырып алсақ, 
Күн туса, құнымызды кім сұрайды?.. 

– Айтыңдар, кәне, Иса, Ермембет, жөн! – 
Гүр етті Досан даусы төнген көктен. – 
Сендердің айтқандарың маған – бұйрық! – 
Басымды қолдарыңа берген жоқ па ем?! 

Жетеді Бәймәмбетпен алжасқаным, 
Сенсіңдер – Хақтан соңғы жолдастарым. 
«Халыққа бұл – пайда!» – деп, – істе соны! – 
Жолым жоқ басқа жүрер мен қасқаның! 

...Би-батыр әрі ырғасып, бері ырғасып, 
Отырды біраздан соң демін басып. 
Айтылды ақырында соңғы байлау, 
Ғафур мен Иса екеуі көп ымдасып. 

– Дос-еке, ана жолы айтып едің... – 
Ғафурдың қайғы басты қайта іреңін, – 
«Орыстың үйтіп-бүйтіп аузын алып, 
Тапсын, – деп, – жігіттерім қайтып елін...» 

Айта алмай сөздерінің түбін жұптап, 
Қиналған Ғафур отыр күмілжіп қап... 
Кешірсе орыс мұны осы жолы, 
Біржола ереуілдің туын жықпақ. 

– Соғысып жеңбейтінің білінгенсін, 
Жігіттер жөнін тапсын – күнін көрсін. 
Кұдайым, бірақ мені деп жаратқан: 
«Айтқан сөз, берген серттің түбінде өлсін!» 

Бір өлсе – қайта тумас қасқаң едім, 
Қарғама қызметімді, астана елім. 
Күн туып қайтып келсең, 
жаным – ашық, 
Сендерден жақыным жоқ басқа менің! 

Үмітін мен болайын үзген сорлы, 
Дәметіп менен қанша жүздер солды? 
Қапысыз бір қармандым! 
Арманым жоқ! – 
Жүріңдер елге ие боп бізден соңғы. 

Әркімнің бөлген Алла несібесін, 
Ұмытсаң осы күнді – Есіңе сын! 
Ұлықсат Алладан-дүр, менен емес! – 
Ең соңғы байлау болсын осы кесім!. 

Соны айтып шығып кеткен Ер Досанға 
Айналды «қош» дей алмай ел босауға. 
...Еңкілдеп төр алдында қалды Ермембет, 
Әупілдеп жел үреді анда-санда... 

…Әупілдеп жел үреді анда-санда, 
Шалғайдан қалмайды ол жел – 
самғасаң да... 
«Өзіңмен қайда өлсең де бірге өлем», – деп, 
Еріп жүр оншақты адам Ер Досанға. 

Жанына жеткен сынды жұт қиялап, 
Кетті елге Иса өзінен ықтияр ап... 
Алды аулын орыс шауып өзі жоқта, 
Жалғанда қалмады енді түк тиянақ. 

Айтпақшы, амалдары дұрысқа аспай, 
Дұшпанмен қанқұйысқан – қылыштаспай; 
Хан болып, Хиуа болып қоқырайған 
Атажан көнді орысқа бір ұстаспай!.. 

...Ел-жұрттың сол болған соң қалағаны, 
Тарқаған бірі қалмай аламаны... 
Тұр Досан Хаққа бұрып көкірегін 
Балбалдай жапа-жалғыз даладағы. 

Балбалдың тыңдап көрсе жүрегін ел, 
Айтар ед ең ақырғы тілегін ол... 
Балбал тұр көкірегін қолмен қымтап, 
Әулігіп шалғайында үреді жел... 

Қанды қақпан 

«Досан күшті қарсылық көрсетті. Әлденеше жерден қылыш тиіп жараланғанына қарамай жағаласты. Ол ұйықтап жатқан киіз үй аударылып тасталды. Оның үстінде... сауыт бар екен... қансырап қолға түсті. Солдаттардың: «Сіз осындай кішкентай ма едіңіз!» – деп таңданысқан сұрақтарына: «Алтын үлкен болатын ба еді?!» – деп жауап берді». 
Подполковник Аничкиннің мәлімдемесінен 

Бір жыл өткен Хиуа құлағалы, 
Мас орыстың шаһардан шығады әні... 
Досан жортқан, мысалы, ақсақ құлан, 
Айналасы патшаның мың араны. 

Жатыр жүні жығылып жазалы дөң, 
Салса да жат оқ атып мазарына ен. 
Досанды іздеп жосып жүр түзді кезіп 
Аничкин екі жүз казагымен. 

Кеудедегі баяғы арман өліп, 
Маңда көрік қалмады, 
жанда желік. 
«Атажұрттан топырақ бұйырар!» – деп, 
Досан батыр тоқтады Самға келіп. 

Асып кетпек күні ертең Самды басып, 
Анттан ауар жөні жоқ, арды басып. 
Қаратөбе* басына туын тігіп, 
Мерт болмақшы сол жерде жарғыласып! 

*Қаратөбе – Бозашыдағы Жары аталығының қорым-пантеоны. 

О бастағы мұраты асқақ еді, 
Жер табандап жығылды асқар өрі. 
«Хақ жолында кәпірден шәйіт кету» – 
Арманы сол! – 
Жоқ енді басқа жолы... 

Бағындырып баршасын орыс жеңіп, 
Бастапты енді арқайын қонысты еміп. 
Рукиннің Қабақ би асын* беріп, 
Иса, Ғафур сайланған болыс болып. 

Қалған сынды бастығып асау дала... 
Мархамы көп ақ патша – осал ма о да?! – 
Бүлікшінің барлығын кешіріпті, 
Көрінеді заңнан тыс Досан ғана! 

Патша таққан жез қылып ар-тұмарын, 
Медаль ілген салып жүр шалқып әнін. 
Біліп алған біраз жан – халқын сатса, 
Омырауының көбірек жарқырарын... 

Асау қырды алғасын бір бұқтырып, 
Артын патша не қылсын дүрліктіріп... 
Досансыз-ақ білгендей өлмейтінін, 
Кеткен екен ел-жұрты тірлік қылып. 

...Ұлы кеткен ел жаққа Ораққа еріп, 
Айналаны Құрша* жүр қарап келіп. 
Досан жатыр бес-алты жігітімен 
Қаражігіт аулына қонақ болып. 

*Алиханов-Аварскийдің аталмыш кітабында хорунжий Қабақ Ермәмбетовтің көтерілісшілер қолынан өлген пристав Рукинге «ас» бергені жайлы айтылады. 
*Құрша – сатқынның есімі белгілі себептермен сәл өзгертіліп алынды. 

Тыныш өтер түрі бар бүгін түннің, 
Жатыр дейсің кім қазып түбін құмның?. 
Қадірменді қария Қаражігіт 
Жеті ұлының соңғысы Қырымқұлдың. 

Көңіліне кіргенмен алаң ептеп, 
Маңайында жау жоқтай шаба кетпек. 
Жылдан бергі серігі Құрша келді: 
«Ат жетерде – ұшқанда қара жоқ!..» – деп. 

Көптен бері төсегін жеңге салып, 
Ұйықтап кетті, арқасын кеңге салып. 
Түс көріпті, мешітте отыр екен, 
Терісінен аққудың сәлде салып. 

Сауыт тәнін жүр екен құрсаулап құр, 
Жанын езген қалыпты зіл салмақ тұл. 
Ақ көйлегі айналып ақ қанатқа, 
Ақ қанаттан қанқызыл нұр саулап тұр. 

Өртке айналды кенеттен... тұтанған нұр, 
Сетінеді көйлегі – жұқарған-дүр... 
Қағып ұша жөнелді өрт-қанатын 
Жаққа қарай – жауатын жұпар жаңбыр. 

«Тұр, Досан!..» – деп сол сәтте ышқынды аспан, 
Ұшқан сәті ед Бақ деген құстың бастан. 
Жанталасып Ер Досан қарғып тұрды, 
Сілкіп тастап малғұнды үстін басқан. 

Қарғып тұрды есіл ер «әруақтап!»-ақ, 
Топырлап жүр жендеттер жан-жақта жат. 
Бірден ұқты – үй ішін, ауыл үстін 
Алған екен сыңсыған солдат қамап. 

Батыр қапы қалғанын бір-ақ біліп, 
Бұлағайды салды кеп құлап-тұрып. 
Бұрап, бүріп тап берген дұшпандардан 
Тазартты үйді – тулақтай ылақтырып. 

Төніп тұрған Аничкин ішке қарап, 
Он солдатын орасан күшке балап. 
Желкеден ап ылақтырған күшік құсап, 
Шықты барлық солдаты үш домалап. 

Подполковник қалды сәт милауланып, 
Таяп қалған қайықтай қирауға анық. 
Жанұшырды: 
–Үлгермей қаруланып, 
Тастаңдар, – деп, – жабылып үйді аударып! 

Әлмеғайым сәт басқа туды, ырасы, 
Ер жүрегін ызаның жуды жасы. 
Ақ ордасы бабаның түсті құлап, 
Құлап түсті даланың дулығасы. 

Ердің даусы жаңғыртып жал-құзды алыс, 
Жау есіне әрнені салғызды арыс. 
Жұлқысып жүр шұбырған шибөрімен 
Тарғыл барыс – жаралы жалғыз барыс! 

Жұлып алып жұлқысқан адамды ерден, 
Аршылан-тын алдына сан өңгерген. 
Еріккенде түлейден* қайтқан талай 
Жолбарысты соғып ап жалаң қолмен! 

*Түлей – сексеуіл тоғай. 

Дәмесі жоқ жанкешті ед «жан-сауғадан», 
Қысқан сайын кұтырды қоршаулы аран... 
Жаралы аққу сермеп жүр ақ қанатын, 
Қанатынан нұр емес, 
қан саулаған. 

Атқа мініп үлгерсе – дос табылып, 
Ерік бермей кетер деп қасқа қылып; 
Ер тізесін бүктірді Аничкин, 
Ағып келіп артынан бастан ұрып. 

Ер тізесі бүгілді... 
Жеңілді аймақ. 
Қапы кетті есіл күш, тегін қайрат... 
Қасында тұр Досанның Аничкин, 
Қолын байлап алған соң – көңіл жайлап. 

– Басылды ма, ал қалай, батыр, екпін? – 
Ерлігіңе сөзім жоқ. – 
Қапы кеттің. 
Сені, бірақ болмайды бос қоюға, 
Төнді мәңгі басыңа ақырет-күн. 

– Арманым жоқ. 
Адаммын ақымды алған, 
Алар жаза Алладан – сатылған жан! 
Өкінішім – Өзімдей ерден емес, 
Жеңілгенім – өзіңдей қатындардан!.. 

Досан үні жөнелді шарлап қырды, 
Жетім күшік – жел байғұс аулақта үрді. 
...Аничкин Құршаны қақты арқадан... 
Қаражігіт қалтылдап қарғап тұрды... 

Абақты азабы 

Қарайды қырық солдат сыртымызда, 
Қанды су қатып қалды мұртымызға... 
Орақ Байдалыұлы 

Досан: 
– Сен әкімсің бе? 
Түрме бастығы: 
– Иә. 
Досан: 
– Онда сенің қатын-балаң да әкім шығар? 
Түрме бастық: 
– Жоқ. 
Досан: 
– Ендеше, мен – тентек, ал қатын-балам тентек емес шығар? 
Түрме бастық: 
– Әрине... 
Досан: 
– Олай болса, жазықсыз бала-шағамен жауласу патшаға ылайық емес. Оларды босат! 
Абақтыдағы әңгіме 

...Тас түрме. 
Отыр тордан қарап қыран, 
Жанды – шер, 
басып қалған қанатты қан... 
Патшаға дән ыразы – бір сөзі үшін 
Босатқан ұл-қыздарын абақтыдан. 

Уайым бола алмайды, ал қалғаны, 
Қалғаны... енді оралмас арман-дағы. 
...Үйшікте* бір жыл қамап, ақырында 
Әкелді Ақкетікке жанды алғалы. 

*Үйшік – бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласының ескі атауы. 

Көбелек боп шықты бұл отқа бейім, 
Ұсынып қатып қалған Хаққа мойын... 
Жасаған қылмысы үшін ақ патшадан 
Кешірім сұратпақшы сотқа дейін. 

Тергеуші келді талай андыздап-ақ, 
Ашудан қарс айрылып қарбыз-қауақ, 
Долырып басын ұстап шығып кетед, 
Тұтқыннан естиді де жалғыз жауап. 

«Кірдіңдер сұр жылан боп қойыныма, 
Жабыстым содан кейін сойылыма. 
Ешкімнің қатысы жоқ бұл бүлікке, 
Жазыңдар жалғыз менің мойыныма! 

Халықты қырып салған құралы жоқ, 
Сенсіңдер – хас қылмыскер, шын әбілет... 
Барлығын мен бастадым! – 
Және өзімді 
Ешқашан санамаймын кінәлі деп. 

Әйтпесе, жау ізденіп жын ұрып па ед, 
Неміз бар тері жыртып, сыдырып бет?! 
Жерің жоқ әрі мені жеңіп алған, 
Қапыда қатынша алдың тығылып кеп. 

Бір мәрте әлі мені қолдайды Алла, 
Өлейін ер үстінде – қалмай жолда. 
Атым мен қаруымды беріңдер де, 
Алыңдар, ер болсаңдар, қан майданда!.. 

Бесіктен белім шыға майдан көрдім, 
Еліме еңсе кетпес айбар бердім! 
Майданда ал – бағынайын! 
Әйтпесе, ердің 
Қатынға бағынағанын қайдан көрдің?!» 

Кімге де бар айтары осы ғана, 
Ошаққа асып көрді, мосыға да. 
Жалғыз сөз алмаған соң қосып ала, 
Бастайды жендеттер кеп өшін ала. 

Мірғазап* жеткенімен небір машық, 
Шығады тауы қайтып, көңіл жасып. 
Түтігіп бітіпті әбден өздері де, 
Қыздырып қайта-қайта темір басып. 

Қаншама қорлағанмен қамақта асып, 
Тұрады жанар отын қадап шашып. 
...Мерт қылып екі бірдей күзетшіні, 
Құтылды кеше тағы Орақ* қашып. 

Орақтың кімдігі де жауына анық, 
Тапқай да туған жердің тауынан ық... 
Досанға «қош, қош» айтып өткен кеше, 
Құршаның қанын ішпек, тауып алып. 

Долданды шашын жұлып жендет әрмен, 
Құтылып кетіпті Орақ иен қатерден. – 
Егеудің кәдеге асқан сыңайы бар 
Қазының ішіндегі Кенже* әкелген... 

*Мірғазап – жендет. 
*Орақ Байдалыұлы (1822-1910) – Досанның серігі. Батыр, ақын, балуан, әнші. Кейін жасы ұлғайып өз ажалынан өлген. 
*Кенже – Бәймембет Маяұлының кіші әйелі. Досан мен Орақты қашыруға әрекет жасаған. Жары аулының қызы. 

Қарсы алып тағдырының тастай түнін, 
Тұнжырап қабағының ашпай түгін, 
Ер Досан кесіп айтты дос-дұшпанға, 
Кәпірден енді ешқашан қашпайтынын! 

Абақта «қашпайтын жау» – қалды Досан, 
Айтары жалғыз жауап – жарғыласаң. 
Күледі тергеушіге: 
– Есіңде ме, 
Төбеңде боратқаным шаңды қашан?! 

Қарайды тордан ғана мекеніне, 
Көз жетті бастан дәурен өтеріне... 
Тағы да кәміл сенді – 
дұшпанының 
Хас кәпір, шын ібіліс екеніне! 

«Мен енді көрмейін, – деп, – сені, жалған!» – 
Тарс жұмды екі көзін кегі жанған. 
Бас тартты астан-судан: 
– Енді қайтып 
Кәпірдің татпаймын, – деп, – қолынан дәм!.. 

Ер ажалы 

«1876 жылы 11 ақпанда... Досан Тәжиев... таңғы сағат 6-да сусақ ауруынан өлді». 
Батыр өлімі туралы актіден 

Бермей кетіп баратыр малғұнға күш, 
Хаққа ғана жүрегін алдырды арыс... 
Бүгін түнде қасына қайта келді, 
Сабап кеткен құйрықпен тарғыл барыс. 

Өрттей демі қасы мен шашын шалып, 
Кеудесіне жатты кеп басын салып. 
Тас қапасты кеміріп кетті сосын 
Көз бен тісі шағылып жасынша ағып. 

Тордан көрер түн емес жұлдызы жат, 
Баяғыдай аспан да тұр быжынап. 
Қазір барыс қапасты құлатад та, 
Кетеді алып жонына мінгізіп ап. 

Кетеді алып жапанға – жасыл шалғын, 
Көргеннен-ақ келетін асыр салғың... 
Досан қайта сәби боп, 
отырады 
Ертек тыңдап түбінде басыр шамның. 

Сәулесінен сол шамның қанат байлап, 
Жұлдыз жауған жетеді алапқа ойнап. 
Мамық бұлтқа қонады сәл шаршаса, 
Айдың әппақ нұрынан жалап қаймақ. 

Айналада таң атса-ақ шағыл балқып, 
Жұпар жуып кетеді жаныңды аңқып. 
Әлдеғайда тағы ұшып жөнеледі 
Қанатының астында сағым қалқып... 

Жасыл шалғын үстінде – кіл ақ орда, 
Періштелер тіккен-ау, сірә, жолға. 
Ақ ордалар ішінде мың сан Досан 
Мүлгіп отыр ақ киіп – шыра қолда... 

Көтерем деп дос дертін, жат күйігін, 
Алып еді жаралап қатты иығын.– 
Ақ шыраның сәулесі қызғыш нұр боп, 
Қайта-қайта жуады ақ киімін... 

Жыртып-жыртып ылақтырып тас-кебінін, 
Сәулеледі осы елес пәс көңілін. 
«Иншалла, ұрпақ сапына кіреді екен 
Қайым күні Ер Мәді әскерінің!.. 

Сұм-жалғаннан шағында мәңгі кетер 
Нышан болды-ау бұл өзі әңгіме етер. 
Қаным нұр боп саулап жүр! – 
Уа, Жасаған, 
Төкпегенім болды ғой қанды бекер?.. 

Нұр кіргізіп торынан тұтам аспан, 
Кетіп барам – кәпірден мұқамастан. 
«Дәрежесі шейіттің әулиеден 
Артық», – деуші ед бағзылар кітап ашқан. 

Жүрегіне байлаған Құран кілтін 
Қалады екен иелеп шырамды ұрқым. 
Шыра ұстасам, ақ киіп, 
шейіттіктің 
Нышанасы шынымен шығар, мүмкін!.. 

Кешіре гөр, әулие-әмбиелер, 
Мен құсатып артқа да тәрбие бер. 
Жүрегімді билетпей ібіліске, 
Берер болдым Аллама мәңгі иелер!..» 

...Басты көзін тағы кіл майда сурет, 
Тастаған-ау тынымсыз ой басын жеп... 
Жанғабылдың* мініп ап інгеніне, 
Тартты: «Қаратөбем-ау, қайдасың?!» – деп. 

*Жанғабыл Дабылұлы – Сәттіғұл ақынның әкесі. Досанның сүйегін Қаратөбеге апарып жерлегендердің бірі. 

Боздай беред боз інген боз айналып, 
Бозашыға жетер ме аз айда алып?.. 
«Түйе деген – әруақ һәм ауыртпалық, 
Нышаны екен бұл ненің?» – деді ойланып. 

Шешіп тастап етігін жұлығы қан, 
Жақты бірде құмының құлығынан... 
...Бәймәмбет пен Ермембет, Иса, Ғафур 
Су беріп тұр Мәстектің құдығынан. 

«Бармысыңдар, жалған-ой, жарқындарым? – 
Іздеріңді сағындым, алтындарым!..» 
Жалап қойды ерінін кеберсіген, 
Сезіп жатыр демінің алқынғанын. 

Ішіп жатыр Мәстектің суын алып, 
Таңғы шықтың кірпікте буы жанып... 
Діріл буа бастады кенет бойын, 
Жілігі мен жұлынын суық алып. 

«Әзірейіл, ал енді жанымды, кел, 
Уа, Тәңірім, бере гөр сабыр, жігер! 
Дұшпандарым көрмесін тоңғанымды, 
«Қорқып жатыр» деп ойлап қалып жүрер!..» 

Жарып өтті ақ сәуле жарды кенет, 
Сәулесінің жұпары жанды демеп. 
Ұшып кіріп баяғы егіз аққу, 
Қанатымен батырды алды бөлеп. 

«Жеттіңдер ме?.. 
Айналдым қанатыңнан! – 
Көр түнек пен тас түнде таң атырған. 
Сендер қайда барсаңдар – мен сондамын, 
Қалдырмаңдар мені енді санатыңнан! 

Бұл қапаста қалдырма – текке өлемін, 
Әкетіңдер жанымды көкке менің. 
Айтыңдаршы, айтпақшы, маған деген 
Басылды ма баяғы өкпелерің?..» 

«Жерден іздеп өзіңді, көктен іздеп, 
Әзер таптық – теріміз көк теңіз боп. 
Досан! 
Саған мәңгілік ыразымыз, 
Енді біздің өзіңе өкпеміз жоқ!.. 

Жаңылмаймыз сертіміз, сөзімізден, 
Таса етпейміз сені енді көзімізден! 
Шашу үшін далаға нұрлы жұпар, 
Ертіп мәңгі кетеміз – өзімізбен!..» 

...Алып ұшты батырды қос қалқан боп, 
Жұлдыз шашты жолына дастархан-көк. 
...Тордан шыға үш аққу, 
Қара қамал 
Қирап бара жатырды тас-талқан боп!.. 

Нұр-тісімен кеміріп таң қырқаны, 
Шәр-қаңқаны мүжиді қанды ұрты, әні... 
...Құйрығымен сабалап қырды оятып, 
Жерде жортып баратты – 
Тарғыл Тағы!.. 

2003 – қой жылы. Маусымның 11-16 жұлдызы. Шынжыр қыстағы 

Светқали Нұржан,

Ұлт порталы