10 қыр, 2016 сағат 09:03

Светқали Нұржан. Міскін Жүніс пен Молда Қасым жайлы хикая

Міскін Жүніс* пен Молда Қасым жайлы хикая

 Міскін Жүніс, бойды жи, дұрыстап жаз жырыңды,

Молда Қасым, әйтпесе, шашады ертең күліңді...

                                                                                 Жүніс Әміре.

 
Биссмиллә-һи-Рахман-Рахим!..

 ...Көк шалғынға саусағымен сурет салып күміс нұры,
Анадолы өлкесінде сезілмейді күн ыстығы.
 
Түріктердің хәл-қуатын досы түгіл, қасы да ұғып,
Дәргейіне келіп жатыр небір нәһан басын ұрып.
 
Шаршысына толып-ақ тұр Османлы пүліш қыры,
Құс тілінде, су тілінде сыбырлайды Жүніс жыры.
 
Түбіндегі боз көденің бозторғай да шырылдап қап,
Жөнеледі тілі шыға Әміренің жырын жаттап.
 
Әміренің диуанының әуезімен гүл де ашыла,
Бақтан құмыр жыр арнайды Айдың жұлдыз-сырғасына.
 
Сол жырды айтар қызғалдақтар қаптап шығып қыр басына,
Ақиқаттан дәм татқандар жиылады кіл қасына.
 
Хай-Аллаға арзу болып аң мен балық, құс та мақтап,
Түріктердің шегарасын бұзған емес дұшпан аттап.
 
Нұр сіңердей, жан енердей көп ұзамай тасқа да әлі...
Жә, қайтадан бастайыншы, қалай боп ед баста бәрі?..
 
Міскін Жүніс Иесімен қауышқалы жүз жыл өткен,
Жүз қайтара енді жерге қаһарлы қыс, ізгі көктем.
 
--------------------------------------
Жүніс* Әміре (1240 – 1321) – түріктің ұлы софы-шайыры.
Неше сұлтан келді-кетті мініп-түсіп тақтарына,
Тек Жүністің келмейді ажал жазып кеткен хаттарына.
 

Айналған ол әр ұрпақтың ажырамас сырласына!..
...Міне, осылар ұнамайды Молда Қасым дінбасыға.
 
Нұр татпаған тарихаттың мақамынан шайыр ішкен,
Жан еді-дір фиқһты құнттап, «шариғатты шайып-ішкен».
 
Лимни аралында неше мәрте солса да гүл,
Әміренің өлгеніне өткенімен соншама жыл;
 
Оның сырлы диуандары түсер емес тақтан әлі,
Түспек түгіл, жау да жаттап сапарына аттанады.
 
Әлди болып тербетеді ол бесіктерді сәби жатқан,
«Мұның бәрі елді аударып бара жатыр шариғаттан».
 
Молда Қасым осылайша ой ойлайды шамаменен,
Бәлебасы көрінетін көзіне оның тәмам өлең.
 
Келді ақыры бір шешімге, жиып бойға бар қаһарын,
Шығаратын сәт соққанын сезгендей-тін ол да атағын.
 
Қанша заман сырласындай келген халық зират қылып,
Әміренің бар диуанын алды жұрттан жинаттырып.
 
Хәл табатын оқығанда,
Шам жағатын оты қанға
Теңіз құсап тербетіліп үш мың диуан жатыр алда!
 
Біржолата асырмаққа, жібермекке жырды жырақ,
Сол сәтінде суға ағызды диуандардың бір мыңын ап!
 
Жиналғанның жүздері оңып, кетті демде құлазып өң,
Ақты жырлар үш теңізге жүзіп Босфор бұғазымен.
 
Су ғаламы болды-ау енді сырға қанар, жырға қанар,
Хақты мақтап жөнелгені – мылқау балық, құрбақалар!
 
О, хикмет, күшке ие-тін әрбір үтір, әрбір нүктең! –
Ракс-Сама* билеп кетті су астында балдыр біткен!
 
Жанды-жансыз мұны елемей – өзін сонша басынғанға
Қалды өкпелеп, одан сайын қатайды енді Қасым Молда!
 
Ешбір сәуле дарымады қатып қалған тас-жүрекке,
Диуандардың тағы мыңын шырқыратып шашты көкке!
 
Желді күні атыздағы ұйтқып көшкен мақта құсап,
Аспан жаққа уәлидің көктен алған хаттары ұшад!
 
Аспан толып ақ мақтаға,
бұрқыраған бақбақ бауға! –
Мұнша қағаз, мұнша сия «шығын бопты» Хақ мақтауға!
 
Көкте көшкен жыр-керуен зау шыңдарға жатты ұласып,
Құс-қағаздар аспан жаққа ұшты қанат қаққыласып! 
 
Тас тітіреп, кірпіктерін шылады енді жасқа қына,
Бар хикмет тарап жатты Анадолы аспанына!
 
Аспан асты азан-қазан, шулап ағып, тулап алып,
Бойдан жырдың жұпары аңқып жөңкіп бұлттар шудаланып!
 
Көк ғаламы жетті ілезде қиқулап әр тұстан қаптап,
Шырлап тұрды сол хош шақта диуандарды құстар жаттап!
 
Үш теңіздің құсы сонда басты дерсің: «Алла-Жарға!» –
Тілі тұңғыш тәубаға кеп қосылды оған қарғалар да!
 
Жан-Алласын мәңгібақи жария зікір қылып келген
Көгершіндер еңіресті – көздер сөніп күдік көмген!..
 
Мыңсайрам мен бұлбұл жетті жырлап тұрған абат-бақта,
Серт етісті диуандарды дүниеге таратпаққа!

-------------------
Ракс-Сама* – «аспан биі», яки «хәл тапқан» әулиелер биі.
 

Өз-өзіне шақ сыйып тұр тұлан тұтып Молда Қасым,
Әзер көріп қолда тәсін,
көтерді енді зорға қасын.
 
«Отқа өртеңдер!..»
Шәкірттерге естіртті өкім өктем үнін,
Қалған мыңын өртеп енді, шашпақ еді көкке күлін!
 
Оған мүлде жат дүние-тін бүгінгі су, құс мінезі,
Жырдың мынау жолдарына кенет оның түсті көзі:
 
«Дұрыстап жаз жырларыңды, Міскін Жүніс, кетпе қырын,
Молда Қасым, әйтпесе, ертең ұшырады көкке күлін!..»
 
Жазым тапқан жазалыдай нажағайдың жаңқасынан,
Мынаны оқып Молда Қасым түсті кенет шалқасынан!
 
Қорқып мынау құбылыстан, тұрған оны қалқан көріп
Ұстазына жүгірісті шәкірт біткен аң-таң болып!
 
Сеңдер көшіп, желдер жосып ұйқы-тұйқы санасынан,
Шығып мүлде бара жатыр екі көзі шарасынан!
 
Көргенде елең етпеген-ді зікір салған түздің гүлін,
Есі кірді жолдарды оқып Жүніс жазған жүз жыл бұрын!
 
Жүз жыл бұрын жазып кеткен жырды көріп өзі жайлы,
Есеңгіреп қалды Қасым – сөзі ылайлы, көзі қайғы.
 
Жүректегі арам қанын ағызғандай қап-қара ғып,
Кенет... әппақ сәуле келіп турап өтті қаққа жарып!
 
Пұт-кеспірін тәрік қылып,
талақ етіп міскін түрін,
Ұғып бірден жүре берді ол судың жырын, құстың тілін!
 
Өзін торға қамап келген бұзып қасаң ережені,
Тапты бірден Молда Қасым уәлилік дәрежені!
 
Әміренің мың диуанын сақтап өтті ол ұғымында,
Тәліптерге сыр сіңірді енді қалған ғұмырында!
 
...Міне, осылай баяндайды парақтасам жылнаманы,
Ал Жүністің көмбесінің азайған жоқ сырлары әлі.
 
Мың диуанды қалған сақтап, Молда Қасым, айтам алғыс,
Неткен ғажап ұқсас тағдыр?
Неткен тарих қайталанғыш?!
 
«Шариғатшыл», «ширкке» «қас», нәпсісі пұт құзғын-құрма –
«Пәтуа» кесіп, «үкім» шығып қойды деп жүр біздің жырға!
 
Мен де Жүніс үлгісімен жазып едім талай жырды,
Ту сыртымнан тіл безейді ібіліске малай күллі.
 
Жетпек олар түбімізге мол доллар мен көп тер төлеп,
Жыр түгілі, өзімізді суға ағызып, отқа өртемек!
 
Кессе, кессін!
Шықса, шықсын!
Отқа өртесін!
Суға ағызссын! –
Сен, бәрібір, адамнәсіл, түбің бірге тумамызсың!
 
Сондықтан да бұза алмаймын діл-пернеден ырғағымды,
Әулиелер үлгісімен жазам мәңгі жырларымды!
 
Кейін қайтып оралар жыр – секілденіп көктем құсы,
Әр жолында жатыр оның талай жанның көп белгісі!
 
Шайтан-малғұн шұлғауымен келген бейбақ көзін таңып,
Адам кейпін тапса деймін – жырларымнан өзін танып!
 
Хақтан – жәрдем, әулиелер, күтем ылғи сенен медет,
Міскін Жүніс, Молда Қасым, жүр бізді де желеп-жебеп!
 

28.04.14 ж. Қошқар-Ата – Қолтық қонысы

Ұлт порталы