21 қыр, 2016 сағат 11:57

Светқали Нұржан: Мем.сыйлық – менің бейітімнің басындағы көк құлпытас емес

Жапан даладағы жалғыз байғыз

(Үштаған)

Сөз Иесі: Светқали Нұржан

Тергеушілер: Айбол Исламғали, Шерхан Талап

I

Ақылдың сұрағы– Еркін Ібітанов, Сағат Әбдуғалиев, Серік Томанов... Армандарыңыз жасырынған көне кітап ашылмаған күйі «қошақан-даланың» кеудесінде қалып қояды деп қорықпайсыз ба?

– Олар елде тұрғандықтан өз мүмкіндігінше ашыла, таныла алмай кетті дегілерің келіп отыр ғой? Қазір заман басқа, заң бөтен. Көпке танылудың мүмкіндігі мол, түрі көп. Тіпті, қаттырақ «танылғың» келіп бара жатса, батпақта, шаңдақта аунап жатып өткен-кеткенге топырақ, балшық  шаш. «Тәксіз» өскен есер балаша… Бірақ бұлай танылудың қасиеті жоқ. Қасиетсіз нәрседе өсиет бола ма? Өсиетсіз нәрсе кімге опа берген?!

Жоғарыда аттары аталған үш ақынның таңдаған жолдары бір болғанмен, тағдырлары әрқилы. Сағатты көргем жоқ. Бірақ бала кезімде біздің елде, яғни Жаңаөзен қаласында түрмеде отырыпты. Мен он жыл оқыған Жетібай кентінде болыпты. Оған куә – оның «Жетібайдағы жаңбыр»  өлеңі. Тағдыры ауыр ақын. Ұлт рәсуә болған бейдауа кезеңде өз отына өртеніп кетті. Қысты күні далада өліп, мәйітін жазғытұры біреу тауып алған. Көздің ботана жасындай мөлдіреген жәуһар жырлары қалды. Көңілге сол жұбаныш. Еркін ақсақалдың Ерлан атты баласымен бірге оқыдым. Ол кісі өз елінің ортасында, Нарынқолда – көптің қолпашында ғұмыр кешті. Поэзияға қадари хәл еңбек етті. Өткен күзде 80 жылдық тойы кең аталып өтті. Серік Томанов лапылдап тұрған жігіт еді. Өтпелі кезең, нарық-аждаһа жұтып қойған алғашқы құрбандардың бірі. Берері көп еді, дегеніне жете алмады есіл ер…   Ал енді, қазақ поэзиясының бастарын қырау, кірпік-жапырақтарын мұнар шалған бірнеше зәулім қарағайлары, шартты түрде айтқанда, елде тұрмай ма? Алдыңғы буында Нармахан Бегалиев, Қуандық Шолақовтай ғажап ақындар бар. Прозашы Несіпбек Дәутаевтар да елде тұрдым екен деп көштен қалған жері бар ма? Қайта, «кімің бар?» дегенде осылар ауызға алдымен ілінбей ме?! Оның үстіне, қазіргі ақпарат тарату мүмкіншілігі  кеңейген тұста, «көне кітап» көміліп қала қоймас. Мейлі, Парижде, мейлі, провинцияда бол, қаламгерге қойылар жалғыз ғана талап бар. Ол – мігірсіз және жақсы жазу!

Ойдың сұрағы: – Жаныңыздың күмбезіне қонақтап сұңқылдаған жалғыз байғыздың жыры қандай?

– Жалғыз байғыздың жыры – мәңгілік серігім. Біздің елдің келіндері байғыздың атын «тергейтін»: «Мұраталы», «Мұратты құс» деп атар-ды. Байғыз шақырса, оған қарап сәлем салып жатқан жеңгелерді көріп өстік. «Әй, әруағыңнан айналайын әулие жұрт, ырымың қандай киелі еді, ұғымың қандай жүйелі еді!» – деп толқимын осылар еске түскенде… Қазір құсқа түгілі, Құдайдан соңғы құрметтілері – ата-енесіне, қайынаға, қайынапа, абысындарына сәлем етіп, атын тергесе, «ойбай, бұл – ширк!» деп қышқырып жіберетін бір жындысүрейлер қаптап кетіпті ғой… Ал менің байғызым мен өлгенде де моламның атанағында сұңқылдап тұра береді. Оған күмән жоқ. Тек, жалғыз байғыз жыламаса екен, көбірек күлсе екен деп дұға қылып жүрем. Өйткені ол жыласа – жаманшылық, күлсе жақсылық болады. Міндетті түрде! Бұл жөнінен әрбір адам – иброгасил. Басыңда байғызың болудың бір шарты: киелі ағаш күйелі ағашқа айналып кетпеуге тиіс! Егер күйелі ағашқа айналсаң, Мұраталы құс басыңнан ұшып кетеді. Мәңгіге! Және жай кетпейді, жылап кетеді!..

Сезімнің сұрағы: – Алматыны сағынасыз ба?

– Алматысын сағынбайтын жан, оның ішінде қалам иесі бола ма екен?! Алматы – «жастығымның жазғы бағы» немесе «жазғы жұрты»! Алайда 17 жасымда барған Алматының жұпары мен аңсарын кейін қанша іздесем де таппадым. Көзге көрінбейтін біреу оны ұрлап кеткен: бәлки, Алматыдан, бәлки, менің көкірегімнен… Дегенмен, жанының қуысына ара-тұра «жазғы бағының» іңкәр сәулесі түсіп тұратын адам бақтан құр емес… 

Ашудың сұрағы: – «Күн – Құдайдың мұрыны ғой, шындығы, Көп ішкеннен қызарыңқы түр біткен…» Есениннің айыбы не?

– Есенин 18-жылы жазған «Небесный барабанщик» атты өлеңінде «Қазан ыңқылабын» былайша қарсы алған: «Да здравствует революция на земле и на небесах!..»

Алайда ұзамай, «Теңдік», «Ынтымақ» атты ұрандар тасасындағы жаһан-нами құбыжықтардың сұмпайы сықпыттары ақынның көңіл-айнасына шағылды! Содан соң ол Лейба Бронштейнмен (Троцкийдің шын есім-нәмі) істес болудан шығына қашты! Ақынның одан кейінгі өмірі өмір болмады. Соңғы жылдарда оның үстінен, ішінде «антисемит» деген де бап бар, 14 мәрте қылмыстық іс қозғалды! Ленин 18-жылдың 25 маусымында-ақ «антисемитизм» жөнінде қаулы шығарып, өз таландастарына заңнан қорған салған. Есенин өзін «Божья дудка» атаған. Ал ондай жанның ешуақытта жендеттердің қолжаулығы бола алмайтыны белгілі. Ергізде екі сөйлемеген есіл шайыр Құдайсыз құбыжық қоғамға құпия жаназа шығарды! Бұл кезде советтік өкімет те ұлы ақынның үкімін кесіп қойған! «Страна негодяев» (22-23 жылдары жазылған) драмасындағы «Чекистов» образы арқылы Троцкийді бейнеледі. «Пустая забава, – Одни разговоры. – Ну что же. – Ну что же взяли взамен? – Пришли те же жулики, – Те же воры и законом революции, – Всех взяли в плен». (Бос ермек пен бостекі сөз. Енді не? – Барлық іс те жұрдай болды мәнінен. – Сол баяғы ұры-қарлар келді де, – Жүргізді әмір-жарлығын. – Төңкерістің заңымен, – Тұтқынға алды барлығын. – Қалыптаған – Сөз Иесі.) Біздің де осы Есенин айтқан шындықтан ұзап кеткен ештеңеміз жоқ. Айырмасы, қылмыстар бұрын революция ұранымен жасалса, енді тәуелсіздік атымен жүзеге асырылады…

Моя поэзия здесь больше не нужна,

Да и, пожалуй, сам я

тоже здесь не нужен, –

деп күйзелген шәлкес шайыр мұны місе тұтса, Есенин бола ма, «шабытты» кездерінде: «Большевиктерді құртыңдар! Құтқарыңдар отанды!» деп сүрен шалды! Ал большевиктердің көздерінің қырағылығы, құлақтарының түріктігі Лермонтовтың «көк шекпенділерінен» де бетер-ді: 1925-жылдың соңында Мәскеуде ВКП (б)-ның XIY-шиязы өтіп жатқан. Зиновьев-Каменев-Троцкийлер үштігі мен Сталин шешуші шайқасқа шыққан 27 желтоқсанда Ленинградтағы «Интернационал» (Англетер) мейманханасында арсыз жендеттер ар құлын опат қылды! Ең ауыр масқара, ақын өлген күннің ертеңіне жалған акт жасалды. Оған қонақ үйде күнілгері дайындалып қойған жалдаптар «куә-дірлікке» жүрді. Осы акт негізінде ол «өзіне-өзі қол салған» – жанықас болып шыға келді! Сол залым жаланы қоғамға таңу науқаны басталды! Бұл науқанды ЧК-ның арабшы-салпаңқұлақтарына айналған жәдігөйлер – ақжүрек ақынның «қалам-достары», «таңдаулылардан» құралған зымияндар жүзеге асырды… Қай дін де зорақы күнәға жатқызатын жанықастық, бұл –  ұлттың ұлы ақынына басылған аса жексұрын таңба еді. Құдайдан безгендер оны «заңды» тірліктей қабылдағанмен, мұндай шеннен шыққан жалалы қылмысқа көнбеген ұлт перзенттері сол кездің өзінде бар-тын. Олар ақын өлімінің ақиқатын ашу үшін көп күресті. Н.Клюев сынды эмиграциядағы орыс зиялылары талай нәрсенің бетін ашты. Десе де «темір перде» тұмшалаған қоғам селт етпеді. Талай ұрпақ сол «мифке» сеніп өмірден озды. Міне, 91 жыл «өрмек жүзін аударды», сол күрес әлі жүруде. Бірақ әл-әзір – Құдайға сенген, өмірінің соңғы жылдарында ислам дініне ықыласы айырықша құлаған (Есенин кезекті кескекті жұмыстарына кірісер алдын Шығыстың софы-шайырларын оқып, рухани күш жиып, шабыт шақырған!) ақынды аса ауыр күнәнің былғанышынан тазартып алу ешкімнің қолынан келер емес! Ақын өлімінің ақиқатын ашатын қаншама дәйектер мен дәлелдер келтірілсе де Россия билігінің селт етер түрі жоқ. Себебі түсініксіз, ресми Ресей ұлы ақын өлімінің құпиясын анықтауға мүлде құлықсыз. Бұл күрестің қаншаға созылары беймәлім… Ақын «құдайдың» «мұрнының» ғана емес, тісінің де «қызылын» көріп қойды. Меніңше, Есениннің бар «күнәсі» осы. Ал ондай «күнәһар» ақындар бүгін де бар…

Қиялдың сұрағы:

– Мынау өлі кереңдікке тас тамған,

Үнсіздігі дінсіздігін жасырып,

Қарға жауса аспаннан?..

– Бұл сауал Артюр Рембоның мен аударған өлеңінің өзгешелеу қалыпталған нұсқасы екен. Шынында, қазір ести алған жанға ешне де, ештеңе де үнсіз емес: тас та, ағаш та, құс та, жан-жануарлар да Алланың ақиқатына шақырып шыңғырып жатыр! Неге екенін қайдам, оны адамдар ғана естімейді! Кім біледі, бұл да бүгінгі «Бірінші ақырзаманның» біз ұғып болмаған тылсым сырларының бірі шығар?.. Қарғалар дәл осы уақытта «жауып жатыр аспаннан». Құр жауып жатқан жоқ: «Аллалап!» жауып жатыр! Алайда оны – ешкім естімейді емес, естігісі келмейді! Себебі мыйды – мүк, сүйекті түк басып кеткен! Тірі өлік қалпымызда-ақ басқан. Бұл жөніндегі өз пайымдауымды «Қарғалар» атты өлеңімде жазғанмын. Қызыққан жандар әлеуметтік желілерден тауып оқуына болады.

Ақылдың сұрағы: – Сыйлыққа ұсынылу – ел ардақтыларының арасына от тастаудың әдемі үлгісі...

– Неге олай болуға тиіс? Мысалы, мені биыл жоғарғы сыйлыққа ұсынды. Алғашқы айналымнан өтпедім. Сөйтті екен деп, неге «бір жерімді» ашып, күлімді немесе жынымды шашуым керек?! Неге өлілермен «жаға жыртысып», тірілермен жүз шайысуға тиіспін?! Басқаны қайдам, өзімнің өйтуге хұқым жоқтығын жақсы білем. Биыл алмасам, келесі жолы алармын, бермей жатса, атамнан әрмен! Мем.сыйлық – менің бейітімнің басындағы көк құлпытас емес, сыйластығым мен қимастығымның садағасы!.. Қазақта «жүз көрісетін адам» деген сөз бар. Ал бір-бірімен жүз көріспейтін қазақ жоқ. Себебі оның «торқалы той, топырақты өлімі», «бөлінбеген еншісі» – дастарханы ортақ. Болмашы нәрсеге бола өзді-өзіне ор мен көр қазған, арыз ұйымдастырған, «қол» жинаған, аяулыларының әруағын күңіренткен, бір-бірінің ата-бабасын сөгіп қиянат қылған міскіндер ондай жерде не күй кешпек?! Расул Ғамзатов айтпақшы, «кейде былай да болуы мүмкін ғой»: сәл нәрсе үшін кеше ғана көрместей жауласқан екеудің бірінің ұлы бірінің қызын келін қылып әкеліп тұрса... Бұл бүгінгісі... Өйтпеген күнде де кез келген есі дұрыс жан Ертеңінің де қайғысын жеп, келер ұрпағының да бет-бедел, ар-абыройын ойлап жүруі керек емес пе?! Мейлі, тіпті, жүз көріспегеннің өзінде сол Сыйлық «татуды араз, жақынды жат қылуға» тұратын нәрсе ме?! Соған бола ылас ойын ойнау бойға мін, жүрекке кір жұқтырмай ма? Ол кірді қай моншаға кіріп тазартарсың?! Ал ондайлардың «елдің ардақтылары» атануға хақы бар ма?! Менің «сыйлық» туралы көзғарасым осы жобада. «Сыйлық тағайындау керек пе өзі?» деген сауалға жауап бере алмаймын. Ол мемлекеттің өз шаруасы. Мемлекет осы уақытқа шейін бір де бір шаруасын менімен ақылдасып шешкен жоқ, бұдан былай да өйтеді деп ойламаймын...

Ақылдың сұрағы: – Сіздің сөздеріңізден Р.Отарбаевтың соңғы сұхбатындағы пікірлерге нәризалық байқалады. Солай ма?

– Бір нәрсенің басын ашып алайық: «Мынаған жұрт жабылып жатыр екен, мен де тебе не ұра салайын» деген нәйіс ниетім жоқ. Күнім түседі-ау дегенді кептіре мақтап, ісі түспейтіндерді бөктіре боқтау – жиіркенішті құбақандық. Біреудің бетіне айта алмайтынымды сыртынан да айтпаймын. Бұл – мендік принцип. Сондықтан сүйекке тиген содыр сұхбатқа пікір білдіруге тиіспін. Сұхбат иесін жақсы танимын. Талай төрлес, сан сапарлас болғам. Ол мені, мен оны тіпті жақыннан білеміз. Қазір 60-қа келген ақсақал. Әлім-берім жазушы. Драматургиясын білмеймін. «60» демекші, адам 60-қа келгенде ғана ақсақал болмайды. «30-да омыраулы ақсақал, 40-та қоңыраулы ақсақал» деген бұрынғылардың сөзі бар. Ал «бұрынғылардың – бәрі әулие» екеніне күмәнсізбін. Солардың бірі Махамбет те айтқан: «Кәрісі кімнің жоқ болса, – Жасы болар дуана!» деп. Маңғыстауда Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы атты ғұлама-геолог ғалым өткен. Совет өкіметі ол кісіні Ираннан ұстап әкеліп, құпия күйде геологиялық барлау жұмыстарына жегіп, кейін атып тастаған. Ол туралы белгілі жазушы Асқар Алтай өз романында жазды. Сол кісінің Иранда тұратын қос перзентінің бірі Шарғи ақсақал (2009 жылы 87 жасында қ.б.) 2008 жылы кездескенімде: «Әкем 1938 жылы 16 жасымда Ирандағы аз қазақты маған аманаттап кетіп еді, міне, 70 жыл болды, елге ақсақал болып келем. Алланың берген абыройы, осы жылдар ішінде қазақтың бір тоқтысын қызылбас пен түркпенге жем қылған жоқпын!» деп еді. Асылық сөйлемейтін, әулие-пішімді, батыр адам еді, жарықтық. Осыны естігенде, ата-қазақтың: «Болар бала он бесінде баспын дер» деген сөзінің мәнін ұқтым. Бұдан соң алпыстағы қарттан салуалы әңгіме, сарабдал пікір күтуге хақым бар шығар?.. 

Өзім пікірлеріне құрметпен қарайтын сыйлас інім Айдос Сарым аталмыш сұхбат жөнінде: «Жазушылық – дін емес. Мағауин – Қағба емес. Жазушылық, шығармашылық үшін бұл үрдіс тіпті пайдалы... Бүгінгі әдебиетіміздің тұралап қалуы – сынның жоқтығынан. Маған десе, біріккен Одақтың да қажеті жоқ. Қырық одақ, жүз ұйым болсын. Бір-бірін түтіп жесін, аямай сынасын, сынағанда шаңы көкке шықсын! Бұл бүгінгі боқ сасыған болотодан жақсы», – деп пікір білдіріпті. Ашынғаннан айтылған. Меніңше, бұл пікірдің келісетін де, келіспейтін де жақтары бар. Қанша «шаңды аспанға шығарғанымызбен» біз бір сәт те Қазақ екенімізді және бүгінгі һәм келер ұрпақ алдында жауаптылығымызды естен шығармауға тиіспіз! Сын болмағаннан тұралап жатқанымыз шын, бірақ ол ұрдажықтықтан, оданылықтан, әпербақандықтан, әулекіліктен, бопсалаудан, есе қайтарудан, әлімжеттіктен, жүзшілдік пен рушылдықтан, топтық мүддеден, қажет болса, әртістіктен ада Әділ сын болуы керек! Ал бүгінгі «басы – бұлағай, аяғы – теңіз, ит көзі түтін танымас» (осындай рәуішті жағыдайда Көкем марқұмның көп айтатын сөзі еді) хәлде отырып, біз әдебиет әлемінде ондай атмосфера қалыптастыра аламыз ба? «Боқ сасыған болотодан» бетпақтықты көпір қылып шыға алмаймыз, шықсақ, білім мен білікті, парасат пен кісілікті, обал мен сауапты, бір сөзбен айтқанда, Иманға суарылған Әділетті ту етіп қана азат боламыз. «Әдебиет» сөзінің мағынасы «әдеп туралы ілім» дегенді білдіреді. Егер әдебиетті жасаушы қаламгерлер ауыз өзімдікі деп былапыттай бергісі келсе, онда өздерінің әжептарқы әлемдеріне «дәмеліиек» немесе «пәлениет» сықылды ат қойып алуларына кеңес берем, әйтеуір, «әдебиет» емес! Себебі түзік пиғылсыз әдебиеттің айналасында жүру – ешкімді, әлбетте, ең әуелі елді жақсылыққа соқтырмайды. Бұл жерде, мәселе Мағауинге ғана тіреліп тұрған жоқ. Сұхбат иесі күллі қазақ Руханиятын жоққа шығарып отыр! Оның ұғымына жүгінсек, жүз томдық «Бабалар сөзі» бостекі, топан сөздердің жиынтығы ғана, жыраулар мирасының да ешкімге керегі жоқ! Себебі олар Европа мен әлемге қажетсіз-мыс. Күллі мұрамыз – үш томнан аспайтын тым шынжау жұрт көрінеміз. Абай шетелге таныла алмаған. «Абай жолын» күресінге ылақтырып тастаса да обалы жоқ тәрізді. Өйткені ол: «ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, мың жерден тықпаласаң да бәрібір оқылмайды»! Қазақ әдебиетінің классиктері: Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Т.Әлімқұловтар орыс пен Европа әдебиетінің «сәтсіз суррогаттары» ғана, М.Мағауин – «бас-аяғы жоқ сынық сөйлеммен» жазушы атанып жүрген біреу әрі ұры-плагиат, А.Сүлейменов пен Ө.Нұрғалиев мақсатына жете алмаған, өмірді босқа сүріп өте шыққан әдеби көлеңкелер сықылды. Тағы қайталап айтайын, менің сұхбат беріп отырған жазушының қара басында, іш есебінде шаруам жоқ, алайда мынадай «ұр-тоқпақ» пиғыл-пікірлеріне самсоз-самарқау қарап отыру беймүмкін. Өйткені бұл жақсылыққа бастамайтын үрдіс. Білеміз, Тәуелсіздік келгеннен кейін біздің рухани әлемде «идол-пұттарды қирату» деген құпия қара толқын жүрді. Оның астарында – ұлт айбынып, ұрпақ қайрылып қарайтын бір де бір тұлға қалдырмау үшін сырттан дайындалған сұмпайы жоспар жатыр еді. Сол екпінмен біраз жігіттер ақсақалдардың сақалынан алды, ағаларымен бет жыртысты, басқа шапты, төске өрледі, ақыры, дұшпан мұратына жетті. Бүгінгі таңда өліде де, тіріде де күллі ұлтымыз қадірлейтін бір де бір тұлға қалмады! Мисалы, қанша құдайсыз қоғамнан шықтық дегеннің өзінде, осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни Тәуелсіздік келген тұста Әулиелер Сұлтаны Қ.А.Ясауиді қадірлемейтін қазақ бар ма еді!? Атеист-коммунистердің өзі перзенттеріне «Қожахмет» деп ат қойғанына талай куә болдық қой. Ал енді не болды? «Софы» екен деп, «тарихатшы-нақышбандиттерден» (штаб-пәтері  Лондон қаласындағы діни-саяси ұйым) сұрасаң: «Ясауи жолы 500 жыл бұрын тоқтап қалған, оның орнына Нақышбандия тарихаты келген» деп сайрай жөнеледі. Сен де сосын кеудеңде жаның болғасын қарсы сауалға жүгінесің: «Ау, айналайын, Алланың хақ жолы орта жолдан тоқтап қалса, дініңде не құн қалады?! Ондай болса, Ақ Пайғамбарымыз 33 мың сақабасының алдында Аманат-құрманы  Арсылан-Бабқа (Салмани Фарси) тапсырып несі бар?!» десең, жауап  жоқ... Менің қолыма ғайыптан тайып бейнеулік біреудің  «қолжазбасы» түсті. Онда нақышбандиттердің компьютерге басылған «тарихат-шежіресі» бар екен. Бұл «шежіреде» Аманат Иесі Әзірет Сұлтан Ахмет Ясауи жоқ! Демек, қолдан құрастырлыған жасанды, жалған нәрсе! Әлгі шіркін бір жеріне қаламсаппен «Бекет Мырзағұлұлы», төрт-бес адамнан кейін «Ержан қазірет Төлегенұлы» деп кіргізіп қойыпты. Кейінгі компьютермен шығарылған нұсқада екі атамызды айтылмыш жалған шежіреге нықтап «орналастырып», көптеп таратып жатыр. Мұндағы мақсат, әсіресе Маңғыстау өңіріне аса қадірлі екі әулиені өз тарихаттарына «енгізіп алса», бұлардың «жолына» түсушілер қара нор болмақ. Қастерлі көне кітап-қолжазбалармен көп жұмыс жасадым, солардағы ақиқаттарға сүйене отырып айтам, жақтырмаған жандар, мейлі, сәуегейлік, мейлі, пафос дер, көп ұзамай Ақиқат Таңы атады. Сол кезде жаңағы «шынжыр-шежірелер» шірік жіпше үзілмек! Қайта жалғанбастай болып!.. Бұл – бір. Енді, қазаққа дін үйретпек болып жүрген тағы бір «сақалды саудайылар» не дейді? Қазір анау парламенттегі «аллах-лап» отырған әншіден бастап, «жасыл арнадағы» экс-айтыскерге дейін бар есілдерттері сол көк күмбезді қирату екені кімге жасырын?! Асықпаңыз, ол Көк күмбезді, олар түгілі, патшаның жезайыры от құсқан жандаралы Черняев те неше зеңбірегімен атқылап құлата алмаған, бұлардың да  қолынан келмейді, иншалла! Әзірет Сұлтанды ауызға алып қалдық қой, ол ұлықтың «Алладан пәрмен болып 4400 хикмет жазғаны» мәлім. Оның мыңы – шариғат, мыңы – тарихат, мыңы – мағрифат, мыңы хақиқат мақамдарынан сыр шертеді. Бізге жеткені «дәфтар-сәни» («екінші дәптер»), яки тарихат жайлы хикметтері. Алланың үш құраны бар. Бірі – қасиетті «Кәлам-Шәріптің» өзі, екіншісі – Қ.А.Ясауидің хикметтері (түркі жұртына берілген), үшіншісі – Мәуләна Румидің «Мәснәуиі» (парсы жұртына берілген). Нәсіп болып, мен Әзірет Сұлтан мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың хикметтерін, сондай-ақ, Софы Аллаярдың «Сәбатул ғажезин» («Дәрменсіздер қуаты») кітабын қазіргі қазақ тіліне тәржімаладым. Бұл еңбектердің бәрі кешегі Совет өкіметі орнағанша әр қазақтың басына жастап оқитын кітаптары-тын. Мұның өзі – үш том! Осы еңбектерді аудару үстінде түсінгенім, бұлардың әр тамшысы – кәусар, әрбір әрпі – гауһар! Қазақ қана емес, күллі адамзат қардер болып отырған руханият маржандары! Ал «Бабалар сөзінің» әр томының тереңіне бойлап, сырын тану – танымы тайыз адамға беймүмкін іс. Талантты жазушы-драматург Нұрлан Қами өткен жылы бір әңгіме үстінде былай деді: «Жақында «Бабалар сөзінің» қолыма түскен бір томын оқып бастадым. Мен дүниежүзі әдебиетіне жүзіп жүріп, мұндай түпсіз де таңғажайып мұхитқа сүңгіп көрмеппін! Содан кейін, бар қормалымды сатсам да үйімнің төрінде «Бабалар сөзінің» жүз томы түгел тұруы тиіс деп шештім». Міне, қасиетті мұраның сырына үңілген адамның жүрек сөзі!.. Мен жыраулар мұрасын түбіжіктеп оқып, тастиықтап тануға тырысқан пендемін («пендемін» дейтін себебім, осы мұрапалардың сырына үңілген сайын өзімнің «адам», «азамат» атануға әл-әзір ылайық еместігімді бажайладым). Ол дүниелерде, сұхбат иесі айтқандай, бір де бір бос сөз, албаты пікір жоғына қапысыз көз жеткіздім. Бұл Баба-мұралардың бәрі – пенде («бәнд» – «жеңілген» деген мағына беретін парсы сөзі) деп аталатын шадырқай-міскін-сұлбадан «адам», «кісі» дейтін Тұлға қалыптап шығаратын шикізат. Әрісі Америка, берісі  Ебіропа мен шығыс біздің рухани мұраларымызды зерттеуге әлдеқашан кірісіп кетті. Бұл бағытта, жеке тұлғаларды айтпағанда, тұтас институттар мен қорлар жұмыс жасап жатырғандығын нақты мәліметтерден білем. Олар осы мұралардың астарындағы асыл ілімге еріні жетпегеннен Құдайынан ажырап, іріп-шіруге бет алғанын кеш те болса сезінуде. Ол іріп-шірудің белгілерін санамалап бермей-ақ қояйын, естияр жанның бәрі біледі: «Осы батпақ бізді де батырады-ау...» Ұлтының ертеңіне белі қайысатын бүгінгі кез келген естияр  қазақтың бәрінің де қайғысы осы... Өз асылымызды өзіміз түсінбей, оған мұрынымызды шүйіре берсек, обалымыз кімге?      

         Өзімнің «қара есебімде» қазақтың Рухани Қазынасы 100 емес, 500 томға арқайын, айылын жимай жетеді. Бәлки, менің мына «пафосты» сөзім тағы да біреулерге жақпас, бірақ адамзат көп ұзамай Адамұлын кәмелетке келтіретін осынша телегей-теңіз мұраны сақтап, жеткізгені үшін Қазақ халқына шексіз алғыс айтады және барлығы Қазақтың Ұлы Тілін үйрену үшін жарысқа түсетін болады! Мен қазаққа қажет сөз айтсам деп қана қолыма қалам алам, егер айта алсам (айта алмасам, обалым өзіме!), оның ертелі-кеш адамзатқа да қызымет етері сөзсіз екендігіне сенем! Бұл айтқандарым, ешқандай сәуегейлік емес, күндердің күнінде жұрттың бәрі куә болар ақиқат! Көкірек көзімен ізденген жанның осы ақиқатқа өзінің де көзі жетер еді, амал нешік...

Ал Абай мұрасы мен «Абай жолы» дүние тұрғанша тұратын қастерлі тұнығымыз. Оларды өткен-кеткеннің  былғап, ылайлап өтуіне жол беруге болмайды! Өз басым Абай жырлары мен «Тастиқ» кітабын ай аралатып, «Абай жолын» 5 жыл сайын қайталап оқып отырам. Олар менің кеудемді кеңітеді, кеудең кеңіген сайын дүние саған таршылық қылмайды...

Әңгіменің шыны, бүкіл асыл қазынасы ұстағанның қолы, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан Тәуелсіздікті алып берген қазақ қаламгерлері-тін. Ол қасиетті шаруаға бүгінгі ұры-қарылардың түк қатысы жоқ. Өйткені қасиетті істі қасиетсіздер жүзеге асыра алмайды. Ұлтты Руханият сардарлары іштей даярлап жетілдірді, ал кемеліне келгенде олар Желтоқсан алаңында жаналғыш жынпериядан «ақырып теңдік сұрады»! Оның кейінгі нәтижесі не болғаны белгілі. Осы майдандағы алыптар шыңының ежебасында басқа да талайлы тұлғалармен бірге: Ә.Кекілбаев, Т.Әлімқұлов, О.Бөкеев, М.Мағауин, А.Сүлейменов, Ө.Нұрғалиевтар да тұр. Қазақ ойының шалқарлығын, сөзінің салқарлығын, рухының асқақ самғауларын қапысыз көрсеткен: «Аңыздың ақыры», «Шыңырау», «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Бір шоқ жиде», «Құсқанаты», «Бәйгеторы», «Үркер» мен «Елең-алаң» т.б. (Ә.Кекілбаев туындылары); «Қараой», «Көк қаршыға», «Саржайлау», «Сейтек сарыны», т.б. (Т.Әлімқұлов туындылары); «Сайтан көпір», «Атау-кере», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Қамшыгер» т.б. (О.Бөкеевтің туындылары); «Аласапыран», «Көкмұнар», «Шақан шері», «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып», «Құмырсқа-қырғын» т.б. (М.Мағауиннің туындылары); «Бесатар», «Адасқақ», «Төрт тақта – жайнамаз», «Қыздай жесір – штат қысқарту», «Кек», «Ерулік», «Жетінші палата» т.б. (А.Сүлейменовтің туындылары), «Соғыстың соңғы жазы», «Афина мектебі», «Гомер мен Жамбыл», «Өлілер ояу, тірілер неге ұйқыда?», «Адайстан – Қазақстан» т.б. (Ө.Нұрғалиевтің туындылары) секілді сүйекті сом дүниелерді еш дәлел-дәйексіз белінен бір-ақ сызып: «Европа мен орыс әдебиетінің сәтсіз суррогаттары» деп, немесе түкке алғысыз қылып тастау үшін, сұхбат иесі айтқандай, адамның «тұла бойы толған кек, бітпейтін ыза, тарқамайтын ашу» болуы керек шығар?.. Егер мұндай пиғылмен бұл қаламгерлерді күресінге ылақтырар болсақ, онда: «Судыр Ахмет Шолоховтың Щукарь шалын еске түсіреді», «Оң қол» мен «Парасат майданы» Кобо Абэнің «Чужое лицосына» ұқсайды» деп, басқа да күллі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын қарақтап, әлем мен орыс әдебиетінен «түпнұсқаларын» тауып, барлығынан тегіс құтылайық!.. Жоқ, сын бұлай болмайды. Әдебиет зерттеушілерінің анықтауынша, әлем әдебиетінде бар болғаны 35-ақ сюжет-фабула бар. Ертелі-кеш дүниеге келіп жатқан туындылардың бәрі осы шынжырға байланған, алайда сол тар аяның өзінен шексіз күнеске жол тартқан ғажайып дүниелер дүниеге келуін тоқтатар емес. Қазақтың мың сан қатпарлы тарихы, рухани кемел әлемі, көшпелілердің отырықшы жұрттарға мүлде жат болып көрінетін тылсым психологиясы, әлем халықтары ішіндегі ең бай тілі тек қана қазақ қаламгерлерінің жүрегінен өтіп барып, адамзат көкірегіне сапар шегеді. Мұндай зор миссияны атқаруда айтылмыш сұхбат иесінің қара сиясымен бір-ақ сызылып кеткен қаламгерлердің еңбектері өлшеусіз! Ә.Кекілбаев «Өлі жандарды Пушкин неге жазбаған?» атты мақаласында І.Жансүгіровтің айтулы поэмасы хақында: «Күйші»  – қазақтың арғы-бергі әдебиетіндегі мәні мен маңызы, шеберлігі, әсерлілігі жағынан айырықша аспандап шыққан қол жетпес аса биік күмбездерінің бірі. Ол – біздің халқымыздың поэтикалық қуатының ересен жеңісі», – деген баға берген. Дәл осы бағаны иеленуге жоғарыдағы ауызға ілінген шығармалар да толық хұқылы!

Ал осынша құнды мұраларымыз неге барша адамзаттың ортақ құндылықтарына айналмай отыр деген сауалға келсек, ол – басқа мәселе. Бұған біріншіден, Абыл ұрпағының дүниетанымы мен Қабыл әулетінің әлемтану ұғымының бір-бірінен мүлде алшақ жатуы себеп; екіншіден, қазақтың шексіз бай тілінің иірім-қайырымдары мен шетсіз кеңістіктерді игерген көшпелілер ой-жүйесінің қалтарыс-бұлтарыстарын жеткізуге басқа тілдердің аясы тарлық етуі әбден мүмкін; үшіншіден, бүгінгі саяси билік Қазақ рухани әлемінің жарқырап көрінуіне, ұлы тіліміздің өзіне ылайық тұғырына шығуына еш мүдделі емес!

Егер шындығында да өзіне дейінгі қазақ қаламгерлерінің бәрі «сәтсіз суррогаттар» болып, сұхбат иесі ғана шеберліктің шыңына шыққан болса, «қазақтағы әдеби агенті бар бірден бір жазушы, шығармалары көптеген шеттілдеріне аударылған» «жалғыз атты жолаушы» әлдеқашан Мо Янь құсап Нобель сыйлығын алмағанмен, тым құрығанда, өзі теңсінбей отырған Харуки Мураками деңгейінде танылуы керек еді. Жоқ, өкінішке орай, бізге әзір «қазақтың сондай қаламгерінің жолында әлемнің оқырмандары жығылып не қырылып қалыпты» деген қуанышты хабар жетпей жатыр! Жете қалса, қазақтың бұған дейінгі өлі-тірі қаламгерлерін оның жолына садақаға шалып жібермегенімізбен, марқаяр едік. Демек, гәп басқада. Ол қанша жерден: «Қазақтың айшықты, көркем тілі менімен бірге өледі», – деп шығай маңып, шығанға шапшығанымен, Қазақтың қасиетті тілі кім өлсе де – өлмейді! Менің Медет ағам айтпақшы: «Абай өлгенде де аман қалғанбыз, Қалбай өлгенде де қырылып қалмаймыз!..»

Мен өзімді Әбіш Кекілбаевтың артында қалған жалғыз мұрагері немесе жоқтаушысы деп есептемеймін. Әйтсе де кемеңгер ағаны танып-білуге талпынған шәкірттерінің бірімін. Талай мәрте маңдайымнан сипап, сан ірет енекөкірекпен еміреніп қолымнан сүйгенін сағынышпен еске алам. Ол кісі ұлы жүректі адам еді. «Ант ұрған қазақтан да үміт үзбеймін, себебі оның белінде ұлтымның болашағы жүрген шығар деп үміт етем» дейтін, жарықтық. Орынсыз бетіне түкірген бетсізді де, ең киелісі – әулиелі топырағына зәрін шашқан зәндәмі тексізді де ұлттың ұлы мұраты үшін кешіріп жіберетін! Кеңдігі сондай, еш риясыз олардың жолын да ашатын. Кезінде (әлі де сол!) Әбіштің сыртынан ғайбаттың қара боранын боратып жүретін бір жазушының, Мем.сыйлық керек болғанда, мәймөңкелеп алдына барып шаруасын шешіп шыққанын да білем. Ол кезде жаспын, «қызылмын», жаңағы кепті біреулерден естіп, пендешілікпен Әбіш ағаға: «Ең болмағанда,  қылғандарын есіне түсіріп жанын сыққанда, ол – сыйлық үшін бәріне де көнер еді», – дегенімде. – «Ол талантты ғой», – деп бір-ақ ауыз сөзбен әпігімді басқан (өкінішке орай, бүгінгі алапес кезеңде сол «талант» атты қасиеттің өзі кісіліктің көрсеткіші бола алмай қалып отыр). Содан бері Әбіш үлгісін өз бойымнан тапқым кеп қанша талпынғанмен, бойым шарғы, ойым шақ, міне, бұл жолы да  біраз сөз айтып қойып отырмын. Бірақ Кие мен Қастердің басынан еш қарғуға болмайтынын күллі қазақ есте тұтуы тиіс! «Жалғыз атты жолаушы» түгілі, «бассыз салт атты» болсаң да! Сонда ғана отымыз өрелі жанады, сонда ғана дос марқаяды, дұшпан ортаяды. Әдебиеттің де, әлеуметтің де көсегесі көгереді...

Ақылдың сұрағы: – Отарбаев осы сұхбатқа бола жауап жазып, кешірім сұрады ғой...

– Иә, балалар уатсаппен жіберіпті. Қарадым, еш «жаңалық» таппадым. Тек екі айтқаны ерекше есте қалды. Бірі: «ру-руға бөлініп алып ұлттың өзіне ұрыс салу қасіреті қазақты қайда апарады?!» Осы сұрақты мен сұхбат иесінің өзіне қайыра қояр ем. Екіншісі: «әй, ел емес екенбіз ғой» деген «пікір», жоқ, үкім! Осы жерде тағы бір сұрақ көмейімді қапты: неге – дырау дәуірлер дауылы мен өтміш өмір өрттерінен «иллаллалап» аман шыққан Қазақ атты қансіңді халық Қастерлі Сарайының терезесін сұхбат иесі қиратып жатқанда үндемей қалса, – «ел болуы» тиіс те, оның көрнеу солақай пікірлеріне  көпшілік жұрт өз ойларын білдірсе, «ел болмай» қалуы керек?.. «Даналық пен надандықта шек жоқ» деуші еді ғұламалар, өзімшілдікте де шек болмай ма дедім...

II

Ойдың сұрағы: – Сіздің поштаңызға «Елдің ең ұлы ақынына» деген жазуы бар хат келіп түсті делік. Өзіңізде қалдырар ма едіңіз, әлде Гюгодай басқа бір ақынға жөнелтер ме едіңіз? Және ол «біреу» кім болмақ?

– В. Гюго – ақылды адам, ал одан үйрену керек. Мен ол хатты еш ойланбастан Есенғали ағамның эл.поштасына ылақтырар ем.

Сезімнің сұрағы: – Сіздің қасіретіңіз?

– «Қасірет» деген эмоционалды-экспрессивті реңкі тым қою қатыгез де қатерлі сөз. Ұлты – тәуелсіз, жері мен елінің қожасы – өзі, тілі – тақта, діні Хақта болса, ол адамда қасірет болмауға тиісті. Ал жеке бастың уайым-мұңы бола береді ғой...

Ашудың сұрағы: – Өлең жазу – өле алмаудың ермегі ме?

– Өле алмаудан бұрын, ажалынан бұрын өлгісі келетін жанкештінің ышқынысы... болуға тиіс-тін, шара не, бүгінде нарық жәрмеңкесіндегі «сөз-саудагерлердің» «айырбас-тауарына» айналып кетті.  

Ойдың сұрағы: – Сіздің де Күлтегіннің қара тасын құшақтап отырып айтар ішкі арман-тілегіңіздің бары анық. Баба басында қобыз-жүрек не деп күңіренер еді?

– Дәл сол өзім жазған «Күлтегін қаған басындағы Насыр мен Назым басынан өткен уақиғадағыдай» еңірер ем тастай түнде қара жаңбырға қосылып! Қобыз-жүрек сол құлақ-күйде дәп сол үнмен бабаурап бағар еді... Бәлкім, тағы біреулер шығып: «Бүгінгі ұрпаққа немесе әлем мен Ебіропаға Мағауин екеуіңнің консерватизмдеріңнің түк құны жоқ!» деп «үкім» шығарар. Әйтсе де, түптің түбінде, адамзат көшінің біз көксеген жайлаудан басқа барар өрісінің жоқтығы да айқындалар. 

Ашудың сұрағы: – Жаныңызда жүрген жандардан дұшпандық көрген кездеріңіз бар ма? Ондайда қандай күй кешесіз?  

– А, ондай жағыдай жиі кездесті. Барша үшін жауап бермей-ақ қояйын, өз ғұмырыма көз жіберсем, бұл өзі өмірдің әр кезең-сатысына өтерде қайталанып тұратын құбылыс сықылды. Жардың сынағы – жанның қайрағы.

Мұқағалидың «Аға, мен тірімін» атты поэмасында: «Сәлем, аға, көңілдің архивінен сен қалдырған бір тозаң көтерілді» деуші еді ғой. Неге екенін білмеймін, менің ойыма осы жолдар мен 90-жылдардың соңында басымнан өткен келеңсіз бір уақиға оралып отыр. Төбеме тұтып жүрген бір ағам кейін «көшке тиіп», «шәрге т...п» қоймады. Өрескел әрекеттеріне «тәк!» дегенім үшін, ағам менің ғұмырнамамды былғап кеткісі келіп шешсе керек, үстімнен ҰҚК-ге арыз беріпті. Тұтас алты беттен тұратын әлгі арыз: «трайбалист», «адайский клан құрушы» т.б. тәрізді былапыт жалалардан тұрады. Оған қарамағында істейтін, сол кезде менің қасымда жүретін бір інім «куә-дірлік» қылып, бес бет «донесение» жазыпты. Құдай абырой бергенде, қолыма әлгі арызқойдың өз руластарын жиып, өз қолымен жасаған, құрмақшы болашақ «кланының» қызыл сиямен жазған құпия жоспары түсті. Көп қылып көшірмесін жасаттым. Екеуін өзіме «ескерткішке» қалдырдым да, бір данасын жауап алып отырған жігітке ұсынып оған сауал қойдым: «Ал енді «трайбалист» кім, бауырым?!» Іші сап-салқын мекеменің жүзі сұп-суық қызыметкері күліп жіберді де: «Айып етпеңіз, жүре беріңіз, аға» деді. Міне, осындай, өз ылаңын жұртқа жауып, арамы ниетіне біреуді көпір қылып өткісі келіп жүргендер кездесіп тұрады. Алайда сағым сынған, сансырап қалған жерім жоқ, соған қарағанда «бір жағым ашық-ау» деп үміттенем. Жалпы, адам Өткенімен және Бүгінімен өмір сүреді, ал Ертең – сол екі бейнең шағылысатын айна ғана. Өткенің – қап-қара, Бүгінің – қара қоқым болса,  Ертең-айнаның бүтіндігінен қайран жоқ. Жүрегіңнің сәулесі түсіп тұрмаса, ол онда айна емес, түпсіз қарақұрдым! Өткенге қылар шараң қандай, ең ұлы күрес, ең болмағанда, бүгініңнің жүзін жарық қылу үшін жүруі керек қой... 

Ақылдың сұрағы: – «Мойындалу үшін мүсінге айналу керек» дейді Өтежан. Бұл не – заңдылық па?

– Мүсінге айналу үшін де бірдеңе бітіру керек шығар?.. Есенғали бір сұхбатында: «Шахановтың оқырмандарының бәрі мені біле бермеуі мүмкін» депті. Ырас сөз! Өтежанның ұлы ақын екенін тірісінде көп жұрт білген жоқ, әлі де танып жатырғандар шамалы, әйтсе де білгендер, аз да болса, бар еді. Соның өзі молынан жетеді... Бұл – заңдылық, өйткені асылды танитындар қай кезде де аз. Кейін ақынның көзі жұмылып, оның тірісінде «көздің сүйеліндей» көзге ұрған кемшіліктері әдемі аңызға айналады. Сөйтіп әлгі таныған аздың дабылына танымаған көптің дабыры қосылады да, ақынның мүсіні сомдалады. Өтежан демекші, иманды болғыр, біреу жайлы қияңқы пікір айтып алып, артынан ол туралы еміреніп естелік қозғап отырар-ды. Түн ішінде Елдостың жырларын үнтаспадан тыңдап, екі-үш сағат еңіреп жылайды екен. «Жыласам, тазарам» дейтін. Марқума Күләш жеңгем айтатын: «Өтежан жылап отырса, қыздары: «Папа отанын сағынып отыр» деп күледі». Қыздары дұрыс байқаған, ақынды жылататын Шын Отан – Түп Иесіне деген шексіз сағыныш қана! Ал біз ұрмаса жыламаймыз...

Қиялдың сұрағы– Дүниенің Даналығы – Шешендіктің шайтан тапқан өнері...

– Олай емес. «Дана» – «хакім» сөзінің баламасы. Ал «хакім» – хикметтің, яки Құдайы даналықтың иесі. Хақты таныған адамзат сол адамды ғана дана деп біледі. Мысалы, Сүлеймен Бақырғани әулиені иісі мұсылман әлемінің «Хакім-Ата» немесе қазақтың «Алтын хәкім Абай» дейтіні сияқты. Демек, көп жұрттың «дана» деп жүрген жандары Ақиқат таразысына тартқан күні сендер айтқан мәннен ұзамай қалуы әбден мүмкін...  

Ойдың сұрағы: – «Ақындарға азғындар ереді». Ақын кім? Өлең қандай болу керек?

– Сендердің айтып отырғандарың қасиетті «Кәлам-Шәріптің» «Шұғара» сүресіндегі 224-аят. Былай жалғасады: «Ырас, олардың етекте қаңғып жүргендерін көрмедің бе? Шындығында, олар істемеген істерін айтады (куәлік береді). Бірақ иман келтіріп, ізгілік қылғандар, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін (дұшпаннан) кек алғандар басқа. Ол зұлымдық қылғандар жақын арада қандай күйге ұшырағанын біледі». Бұл жердегі «зұлымдық қылғандар» – инси, яғни ібілістің қызыметшілері – адам-шайтандар. Міне, бұл – ақындарға мінсіз Жаратушының тарапынан берілген бұлжымас хас қағида! Демек, Хақты танымаған ақын (қаламгер) – азғындардың жетекшісі. Ал дұшпаннан, яки адам баласын жамандыққа тартушы екі күш – шайтан мен нәпсіге Хақты зікір ету арқылы соғыс ашқандар, олар – ақиқаттың жаршылары. Абайдың: «Иең мінсіз жаралған, Иеңе ұқса» деген шындығы осы жерден шығады. Осы басты қағидаларға иманы бекіген Жүректен шыққан жыр – шын шахқар!

Сезімнің сұрағы: – Кеңсайға барғанда ең бірінші кімге көрісесіз?

– Мұқағали мен Жұмекенге, сосын Бәукеңе.

Ашудың сұрағы: – Дінді қабылдау – арабтықты қабылдау емес. Баба жолын айналып өткісі келетін әсіредіншілдерді қайтеміз?

– Сәлафит-уахабтардың сандырағы – дін де, арабтық та емес. Ол – зымиян ордалар жасап шығарған саяси доктрина. Бұлар бір ғана сценариймен  жұмыс жасайды. Ең әуелі, ұлттық құндылықтарға шабуыл жасайды, ладуни ілім иелері – шын софыларды аластайды, Билік басындағы адамның ең жақын жандарын немесе ұлтқа беделі барларды уыстарына түсіреді, сөйтіп мақсаттарын орындайды. Бізде де көптеген айтыскерлер, журналистер, әншілер, спортшылар, тіпті, саясаткерлер, банкирлер бұл қанды уысқа әлдеқашан ілініп үлгерді. Уаһабшылдықтың түп мақсұты: мемлекетіңді қанды қоқысқа айналдыру! Сәлафтардың біздің елімізде де ылаң салып бастағанына неше жылдың жүзі болса да, тамырын тым терең жіберіп үлгергенінің кесірінен Билік олардың тірсегін қиятын Заңды шығара алмай отыр. Жуырда ҰҚК-нің бір шендісінің «хиджаб пен никабқа қарсы заң бабтары енгізілмейтінін» мәлімдегенін БАҚ құралдарынан оқыдық. Меніңше, Дәурен Қуат айтқан Салдатбай атты сәляф-жорналшының: «Бізді ҰҚК қолдайды!» деуі, немесе Тазабековтің: «Бізге саусақ шошайтқандар отпен ойнап жүр!» деп зәр шаша қораздануылары тегін емес... Уаһабтар Ауғанстанда, Пәкстанда, Кавказда, Иракта, Мысырда, Тунисте, Алжирде, Ливияда, ақыр соңы Сирияда жасап жатқан ылаңдарын Қазақстанға көшірмек! «Умеренный» атанғысы келіп, қоғам ішіне кеулеп кіріп, кісәпір ірейімсіздерден құралған тұтас армия жасақтап үлгермекке жанталасып жатқан мүттәйім «мадхалиттердің» де, сұмпайы «суруридтердің» де, тексіз «тәкфириттердің» де көздегендері – осы ғана! Алайда «шайтанның мүйізі» біздің әулиелі топырағымызда біржола қайрылады! Оған менің дәлелім көп. Біреуін ғана айтайын, мүбәрак Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сейхун уә Жейхун мин әнһарил жәннаһ!» (Сырдария мен Әмудария жәннаттың өзендері!) дегенде, алда келер Ақиқат Таңынан хабар берген, яки Мәуреннаһр (қос дарияның ішкі беті) топырағынан біз күткен Таң атарын білдірген. Алланың Ақ таңының ертелі-кеш атарына күмән жоқ, алайда Билік – қос өкпесін сығып отырған екі алпауыт Қытай мен Ресей іргесіндегі Қазақстанды сәляфтарға билетіп қоймайтынын мықтап ескеруі керек. Біз немесе қазақ үшін емес, өздерінің кемді күнгі орынтағы үшін ғана шешуші қадамға баруларына болады ғой, солай емес пе?! Айтқан жерден аулақ, егер әлгі екі алпауыт Қазақстандағы осы шетін мәселені «шешумен» шұғылдана қалса, онда «аман бол!» Түйіп айтарым, бұл содыр-сойқан ағымдардың мұнша етек жаюы қазаққа ғана емес, адамзатқа келген алапат жұт! Өткен ғасырда қазақ қауымы кешкен жұттарды санамаламай-ақ қояйын. Ал мына жұт та өз үлесін алып кетері хақ. Біздің мақсат: ұлт болып, мемлекет болып осы кесапат жұттан барынша аз шығынмен шығу...

Қиялдың сұрағы: – Ақын өлтірудің ең оңай жолы...

– Менің де Луций Анней Сенеканың сөзімен: «Үнсіздікпен өлтіру» деп жауап беріп құтылып кетуіме болар еді, бірақ құт-қара басыма қоршаған ортаның да, әдеби әлеуметтің де өзім жайлы «үнсіздігі» еш әсер етпейді. Ақын үшін ең ауыр жаза – ишара-ымыңды ұлтың түсінбей қойса, міне, бұдан кейін өміріңде қара бақыр құн қалмағандай көрінер...

Ақылдың сұрағы– «Тәуелсіздік Түрмесінде уланған» біздің Отанның болашағын қалай бағамдайсыз?

– Бұған жоғарыда жауап бердім: Қазақстанның таулары – ерендердің есігіне, даласы – Алтын Заманның бесігіне айналады!

Ойдың сұрағы: – Қазақ шайырларының еуропа ақындарынан несі кем, несі артық: Артюр Рембо мықты ма, Мағжан ба? Верленнің Абайдан айырмашылығы қандай?

– Жоғарыдағы пікірлерімде бұған да жауап бар. Біз «Құдай – бір, құран – шын» деп таныған жұртпыз. Абыл зәузатымыз. Ал ақиқатты тапқандар мен елес қуғандардың ара-жігін ашу көп қиындық туғызбаса керек. Асылы, Шарль Бодлердің «Цветы зласындағы» алты өлеңін «мәңгіге тұтқындаған» Париж сотын бірыңғай кінәлай берудің жөні жоқтай көрінеді кейде...

Сезімнің сұрағы– Светқали көрген «Жазушылар Одағы» қандай еді?

– Бұрынғы бір сұхбатымда Жазушылар Одағын алғаш көргендегі әсерімді айтқам. «Өтежанмен өткен 1-хикая» атты балладамда да бар. Онда 1979 жылы алғаш Алматыға барғанда бір жарым ай бойы жолдың арғы бетінен сығалап, Одақтың киесінен қайбыртып есігінен ене алмай кеткенім айтылған. Осыдан 20 жыл бұрын жазған «Жастықтың жазғы жұртында» атты топтамамда:

         Кеудеге бұлбұл қонақтап,

         Сол жерде ғажап нұр бардай,

         Енуші ек біздер Одаққа –

    Мешітке кірген діндардай! – деп жаздым. Ырасында солай еді. Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің, Б.Момышұлы мен Қ.Қайсеновтің. Ә.Тәжібаев пен Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Бекқожин мен Х.Ерғалиевтің, Т.Ақтанов пен С.Шәймерденовтің, С.Мәуленов пен Қ.Шаңғытбаевтың, Т.Бердияров пен Ғ.Қайырбековтің, Қ.Мұхаметжанов пен Т.Әлімқұловтың, Ж.Молдағалиев пен Ә.Әлімжановтың, Ж.Нәжімеденов пен С.Жиенбаевтың, Қ.Мырзалиев пен Т.Молдағалиевтің, Ә.Кекілбаев пен М.Мағауиннің, А.Сүлейменов пен З.Серікқалиевтың елестерін көрудің өзі мүршидке тәжім қылған мүрит-хәлге түсірер-ді... Қазіргі ахуал сендерге де, маған да белгілі ғой...

Бүгінгі таңда қазақ тағдыры «бар» мен «жоқтың» арасында теңселіп тұр. Тағдыр-таразының мұнша қылтылдағаны бұрын-соңды, тіпті, кешегі Зауал мен Нәубет тұсында да болмаған шығар? Себебі ендігі төніп келе жатқан қатерлердің өңі зұлмат, салмағы зілман, лебі тым суық, жүрісі өте суыт! Қазақ ұлтына жасалып жатқан зымиян эксперименттердің өзі жан шошытады. Дін қатерін айттық. Ширек ғасырда қазақтың ұлы тілін босағадан сығалатып қойдық. Білім жүйесіндегі масқараларды айтсаң – тілің, айтпасаң ділің өртенердей! Кешегі «жер мәселесі» күллі дүниенің ішін қалтыратып отырған «Қытай қатерінің» үскірігін тым жақыннан сездірді. «Бес жыл мораторий» дегенге езуімізге күлкі үйріле бастап еді, «51 кәсіпорын» туралы хабар алдан соғар сұрапылдың ызғарындай ұрып, жүрек-жапырағымызды дірдектетіп жібергенін кімнен жасырамыз? Міне, осының бәріне біздің «татулық пен достық лабораториясындағы» бөгде міллеттер миземегенмен, кеудесінің тіні тірі Қазақұлы өз пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Кейбіреулері ел-жұртының тәуелсіздігіне бейжай қарай алмағандары үшін ғана айыпты болып, абақтыға қамалып та үлгерді. Тұтас ұжымдар, іштерінде Суретшілер Одағы, Композиторлар Одағы т.б.-лар бар, жан дауыстары шығып солақай саясатқа көнбейтіндерін білдіруде. Логикаға салсаң, осылардың бәрінің алдында жүруге тиіс Жазушылар Одағы осындай талайлы сәтте немен айналысты? Әуелі 443-і, іле-шала 555-і жабылып Президентке «ашық хат» жазды! Не үшін? Одақты 26 жыл басқарған бір адамның күрсісін қорғап қалу үшін ғана! Бұдан кейін осыншалықты міскін күйге түскен Одақта болудың не мәні, әлгі «қаламгерлердің» сапында жүрудің не сәні қалмақ?! Сонымен, қазіргі көз алдымызда көз жұмып жатқан көптеген құндылықтар құсап, менің Одағым да өлді! Ал ол қайта тіріле ме, жоқ, біржола жоқтыққа кете ме, оған сәуегейлік айтпай-ақ қояйын...   

Қиялдың сұрағы: – «Ел оқыған –Жел оқыған» өлеңді Уақыт жұтып қоймасына кім кепіл?..

– Бұған жауапты күнделігімнен алып берейін: «23 қараша, 92 ж. «Жазушы» баспасынан «Аруана» атты «Құдайы күлшедей» ғана тұңғыш кітабым жарық көрді. Тем-ақаң Медетбек Алматыдан авторлық үш данасын алып келіпті... Алғаш облыстық газетте сүйінші сұрап жазған Әбу-Мұрат Базарханұлына мынадай қолтаңбамен біреуін сыйға тарттым:

                   Кітаптың сипап көріп мұқабасын,

                   Сын тақпас әруақты Абай, сыпа Қасым.

                   Ертеңгі Ақ Сарайдың есігі бұл,

                   Сыйладым әзір саған жұқанасын!..

Ырым қылып кітап сөресіндегі Абайдың екі томдығының жанына қойдым. Сөйтіп, менің титтей «тырнақалдым» қалың томдардың арасына қысыла қызарып барып орналасып жатыр. Ұлылардың жанында қанша уақыт тұра алар екен?..» Оны мен әлі күнге дейін білмеймін, өзіме өзім «жаназа» шығармай-ақ қояйын, бар білетінім, саусағымнан қауырсын қалам біржола сусып түскенше жоғымды іздей беремін. Ол жоқ: қазақтың жоғы болып қалмақ...

Тергеушілер– Сауалдарымызға бүкпей берген жауаптарыңыз үшін сізге рахмет!

– Мейірімді Алла біздің әрқайсымызды барлық «тергеушілерден» (екі дүниеде) осылай, «рахметпен» құтқарғай! 

Ұлт порталы