Фото: gov.kz
Қазіргі қоғамда сергек болу – қажеттілікке, ал энергетикалық сусындар сол қажеттілікті жылдам өтейтін «қолжетімді құралға» айналды. Алайда уақытша сергектік пен ұзақ мерзімді денсаулықтың таразы басында қайсысы басым? Бұл бүгінгі Қазақстан үшін өзекті, әрі шешімін күтетін сауал, осы сауалдың жауабын Ult.kz тілшісі іздеп көрді.
Кофеин, қант және тәуелділік
Энергетикалық сусындардың негізгі әсері құрамындағы кофеинге байланысты. Дәрігерлердің айтуынша, кофеин орталық жүйке жүйесіне тікелей ықпал етіп, психикалық және физиологиялық тәуелділік қалыптастырады. ДДСҰ ұсынымына сәйкес, дені сау ересек адам үшін тәуліктік кофеин мөлшері 400 мг-нан аспауы тиіс. Ал жасөспірімдер мен жүкті әйелдер үшін бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен.
Бір қарағанда, 3–4 сағатқа созылатын сергектік зиянсыз көрінуі мүмкін. Алайда оның «құны» ауыр: тахикардия, қан қысымының көтерілуі, жүйке жүйесінің әлсіреуі, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті мен күйзеліс. Әсіресе энергетикалық сусынды алкогольмен бірге тұтыну бауыр мен ұйқы безіне орасан салмақ түсіреді. Кофеиннің ащы дәмін жасыру үшін энергетиктерге қант шамадан тыс қосылады. Бір құты сусында 8–9 шай қасық қант болуы мүмкін. Бұл қысқа мерзімді «қуат», ал ұзақ мерзімде семіздік, екінші типтегі қант диабеті мен метаболикалық бұзылыстарға апаратын жол.
Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусын беретін энергия сырттан келетін қуат емес, ағзаның ертеңге сақтаған ресурсы. Яғни бүгінгі сергектік ертеңгі әлсіздікке алып келеді.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының деректері алаңдатарлық: Қазақстанда 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусынды кемінде бір рет ішіп көрген. 3%-ы күн сайын тұтынады. Ал 17,5%-ы аптасына 5–6 рет ішеді. Бұл қалыпты әдет емес, қалыптасып келе жатқан тәуелділік.
ДСМ, ДДСҰ және ЮНИСЕФ қолдауымен жүргізілген зерттеуге 121 мектептен 8 528 оқушы қатысқан. Нәтижесінде 11–15 жастағы балалардың 40%-дан астамы энергетикалық сусын тұтынатыны анықталған. Әрбір бесінші бала оны апта сайын ішеді.
Сарапшылар кофеинді тұтыну құрылымына назар аударуды ұсынады. Энергетикалық сусындар кофеин көзі ретінде алғашқы орында емес, бар болғаны 4,9%. Ал 12–18 жас аралығында бұл көрсеткіш 0,5%-дан аспайды. Халық кофеинді негізінен шай (60,4%), кофе (24,6%) және шоколад (5,2%) арқылы алады.
Алайда айырмашылық энергетикалық сусындағы кофеин мөлшерінің бір реттік, шоғырланған әрі тез әсер етуінде. Бір құтыдағы кофеин екі кесе кофеге тең, кейде одан да көп.
Медицина дабыл қағады
Кардиохирург Дәуренбек Мырзашұлының айтуынша, энергетикалық сусындар қан қысымын көтеріп, дегидратацияға, жүрек ырғағының бұзылуына, тіпті инфарктке дейін жеткізуі мүмкін. Әсіресе жастар арасында жүрек ишемиясы, тромбоз, кардиомиопатиямен түскен науқастар жиілеген.
Ал нутрициолог Ардақ Мүбәрәкқызы энергетикалық сусындарды 18 жасқа толмаған балаларға, жүкті және емізулі әйелдерге, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға мүлде тұтынуға болмайтынын ескертеді. Оның айтуынша, энергетиктерді жиі қолдану шылым, алкоголь және басқа да тәуелділіктерге бейімділікті арттырады.
Қазақстанда энергетикалық сусындардың қауіпсіздігі «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентпен реттелгенімен, тұтыну мәдениеті мен бақылау тетіктері әлі де әлсіз. Жасөспірімдер арасында кең таралуы соның айғағы.
Қазақта «Ауру – астан» деген сөз бар. Бүгін сергектік сыйлаған бір құты сусын ертең денсаулықтан айыруы мүмкін. Энергетикалық сусын жай ғана сусын емес, қоғамдық денсаулыққа әсер ететін фактор. Сондықтан бұл мәселе тек жеке таңдау емес, мемлекеттік саясат пен қоғамдық жауапкершілік деңгейінде қаралуы тиіс.
Ақбота Мұсабекқызы
