03 сәу, 2026 сағат 14:28

Дәрігер емес – алаяқ: министрлік халыққа шұғыл ескерту жасады


Фото: ашық дереккөз


Денсаулық сақтау министрлігі өзін медицина қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалатын алаяқтар көбейгенін ескертті, деп хабарлайды Ult.kz.


Ведомство мәліметінше, күмәнді тұлғалар емхана атынан хабарласып, түрлі сылтаумен SMS-кодтар мен жеке деректерді сұрайды. Әсіресе егде жастағы адамдар олардың нысанасына айналып отыр.


Мұндай жағдайлардың бірі туралы желі қолданушысы Гүлнара Шакимова жазды. Оның айтуынша, 77 жастағы анасына емханадан шыққан бойда белгісіз адам қоңырау шалып, өзін иммунолог ретінде таныстырған. Ол талдауға жазу үшін келген SMS-кодты сұрап алған.


Көп ұзамай әйелдің телефонына түрлі банктерден несие мақұлданғаны туралы хабарламалар келе бастаған. Кейін емхана қызметкерлері мұндай кодтарды ешқашан сұрамайтынын растаған.


Министрлік мұндай әрекеттер кең таралған алаяқтық схема екенін атап өтті.


ДСМ азаматтарға мынадай сақтық шараларын қатаң ұстануды ұсынады:


SMS-кодтар мен жеке деректерді ешкімге бермеу;
телефон арқылы айтылған ақпаратты тексеру;
күмәнді қоңыраулар болған жағдайда емханаға немесе құқық қорғау органдарына жүгіну.


Сондай-ақ қабылдауға жазылу тек ресми сервистер арқылы жүзеге асатыны ескертілді: eGov.kz, eGov Mobile және Damumed.


Министрлік дерегінше, медициналық жүйелердің бұзылуы немесе пациенттердің деректеріне заңсыз қол жеткізу фактілері тіркелмеген. Алайда азаматтарды алдау арқылы жеке мәліметтер мен қаржылық сервистерге қол жеткізу әрекеттері жиілеген.