03 сәу, 2026 сағат 11:20

Сүндеттен кейінгі сұмдық: 5 жастағы бала мүгедек болып қала жаздады


Фото: Видеодан скрин


Алматыда 5 жастағы бала сүндеттеу операциясынан кейін ауыр асқынуға ұшырап, мүгедек болып қала жаздады, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.


Омар есімді бүлдіршін жарты жыл бұрын жекеменшік емханада сүндеттелген. Содан бері ата-анасы аурухана жағалап жүр. Баланың әкесі Дастан Бейсеновтің айтуынша, операциядан кейін ұлының жағдайы күрт нашарлаған: ол бұрынғыдай дәретке бара алмай, денсаулығы сыр бере бастаған.


Әкесінің сөзінше, ота кезінде қолданылған наркоз балаға кері әсер еткен. Сонымен қатар, операциядан кейін дәрігерлердің әрекеті де күмән тудырады.


“Үшінші күні баланың жыныс мүшесінің басы қарайып кетті. Ал дәрігер кінәні бізге аударып, марганцовка қолдандыңдар деп айыптай бастады”, – дейді баланың әкесі.



Дәрігерлер кейін баланың тіндерінің өле бастағанын (некроз) анықтап, қайта операция жасауға мәжбүр болған. Соған қарамастан, бала әлі күнге дейін толық қалпына келмеген.


Туыстары операция медициналық талаптарға сай жүргізілмеді деп есептейді және кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде. Олар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағым түсірген.

Алайда ата-ананың айтуынша, шағым бірнеше ай бойы қаралғанымен, нақты тексеріс әлі басталмаған. Ал күдікке ілінген емхана бұл уақыт ішінде жабылып үлгерген.


Ал операцияны жасаған хирург Жәнібек Туғанбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Оның сөзінше, мұндай асқынулар отадан кейін, үй жағдайында күтім дұрыс болмаған жағдайда пайда болуы мүмкін.


“Егер бұл дәрігерлердің қателігі болса, белгілері бірден байқалар еді. Ал алғашқы күндері ондай симптомдар болмаған”, – дейді ол.



Қазіргі таңда ата-ана әділдік іздеп, тиісті органдардан нақты жауап күтуде.