Фото: ашық дереккөз
Жыл сайын 2 сәуірде әлемде аутистік спектрдегі бұзылыстар туралы ақпарат тарату күні атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – қоғамның хабардарлығын арттыру, ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдау мәдениетін қалыптастыру және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету.
Мамандардың айтуынша, аутизм – денсаулық сақтау мен әлеуметтік саясаттағы өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегіне сәйкес, әлемде шамамен әрбір 100 баланың бірінде аутистік спектрдегі бұзылыс анықталады.
Қазақстанда да бұл бағыттағы жұмыс күшейтіліп келеді. 2026 жылы динамикалық бақылауда аутизмі бар 17 196 бала тіркелген. Көрсеткіштің өсуі диагностиканың жақсаруымен, ерте анықтау бағдарламаларының кеңеюімен және медициналық көмектің қолжетімділігінің артуымен түсіндіріледі.
Елімізде аутизмі бар балаларға көмек көрсетудің бірыңғай жүйесі қалыптасқан. Ол 16 айдан 30 айға дейінгі балаларды ерте анықтаудан бастап, кешенді көмек көрсету, оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Диагностика денсаулық сақтау жүйесінде M-CHAT-R скринингі арқылы жүргізіледі. Ресми түрде диагноз 3 жастан бастап психиатр дәрігер тарапынан қойылады. Ауыр жағдайларда психикалық денсаулық орталықтарында мамандандырылған көмек көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, түзету көмегі симптомдарды азайтып, баланың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Әлемдік тәжірибеде психологиялық-педагогикалық және мінез-құлықтық терапия негізгі әдіс ретінде кеңінен қолданылады.
Қазіргі таңда Қазақстанда медициналық оңалтуды 80 орталық көрсетеді, оның ішінде 20-сы ерте араласу орталықтары. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау жүйесінде 8 күндізгі болу орталығы, ал білім беру саласында аутизмі бар балаларға арналған 11 түзету орталығы жұмыс істейді.
Сала мамандары әрбір бала мен оның отбасының қажеттіліктерін ескере отырып, жеке тәсілді енгізуге және медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
