03 сәу, 2026 сағат 12:17

Қалада тәртіп бұзған шетелдік жасөспірімдер депортациялануы мүмкін

Фото: gov.kz

Алматыда қала тұрғындарына тиісіп, агрессивті әрекет көрсеткен шетелдік жасөспірімдер елден шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.


Полицияның мәліметінше, тексеруге әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар негіз болған. Кадрларда бір топ жасөспірімнің қоғамдық орындарда тұрғындарға зат лақтырып, әдепсіз қылық көрсеткені байқалады.

Оқиғаға байланысты Медеу және Алмалы аудандарының полициясы тексеру жүргізіп, күдіктілерді анықтады. Белгілі болғандай, олар – Тәжікстан азаматтары.


Жасөспірімдер Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыс басталған. Ал олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндетін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Сонымен қатар, құқық бұзған жасөспірімдерге қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасына сәйкес ел аумағынан шығару шаралары қарастырылып жатыр.


Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жалғасуда. Қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.