03 сәу, 2026 сағат 16:52

Шымкентте мектептегі буллинг әшкере болды: директор қызметінен қуылды


Фото: Elements.envato.com


Шымкентте мектептегі буллинг дерегі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Соның салдарынан №142 мектептің директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ult.kz Otyrar телеарнасына сілтеме жасап.


Қалалық білім басқармасының мәліметінше, соңғы бір жылдың ішінде полицияға мектептер мен колледждердегі буллингке қатысты 400-ден астам шағым түскен. Тек биылғы оқу жылының өзінде 22 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.


Анықталған жағдайлардың басым бөлігі білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камералары арқылы әшкереленіп отыр. Соның бірі – №142 мектепте тіркелген оқиға. Камера жазбасында жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныптағы балаларды тізерлетіп отырғызып, күш көрсеткені анық көрінген.


Оқиғадан кейін мектеп директоры жұмыстан шығарылып, оқу және тәрбие ісіне жауапты орынбасарларға да тәртіптік шара қолданылды. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.


Қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, буллинг тек оқушылар арасында ғана емес, кей жағдайда мектеп қызметкерлері тарапынан да орын алады. Мәселен, бір мектепте қызметкердің балаға күш қолданғаны тіркелген.


Мамандар буллингтің алдын алу үшін мектептердегі бейнебақылауды тұрақты қадағалап, ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізу қажет екенін айтады.


Ресми деректерге сәйкес, буллинг салдарынан қайтыс болған жағдайлар тіркелмеген. Алайда мамандар мәселенің ушығып бара жатқанын жоққа шығармайды.