Сумма Чакрабарти Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Мемлекет Басшысының өкімімен Сэр Сумма Чакрабарти (Sir Suma Chakrabarti) Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды", - делінген хабарламада.
Бұған дейін бұл қызметте қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов жұмыс істеген еді.
Сумма Чакрабати 1959 жылы Жалпайгуриде (Үндістан, Батыс Бенгалия штатында) дүниеге келген. Оның балалық шағы Калькутта штатының астанасында өтті. Анасы мектепте мұғалім болса, әкесі тарихты зерттеген (кейін Калькутта университетінің президенттік колледжінің профессоры болған).
1964 жылы әкесі Достастық стипендиясын алып, Оксфорд университеті жанындағы әулие Антонио колледжінде оқуын жалғастырды. Ұлыбританияға отбасымен көшіп барған.
1969 жылы Чакрабарти Калькуттаға оралды, бірақ көп ұзамай Сумма және оның анасы Батыс Бенгалиядағы маоизм топтарының (наксалиттердің) көтерілісіне байланысты Үндістаннан кетуге мәжбүр болды. Осылайша олар қайтадан Ұлыбританияға барып, Сумма Чакрабарти сол елдің азаматтығын алған.
Ол Оксфордтың Жаңа колледжін бітіріп (саясаттану, философия және экономика бойынша оқыды), Сассекс университетінде экономикалық даму магистрі дәрежесін алды.
Дамушы нарықтарға маманданған, мемлекеттік қызметтегі ауқымды реформаларды дамытуда тәжірибесі бар, британдық «ноу-хау» қорын (1990 жж. басында құрылған) - Орталық және Шығыс Еуропаға техникалық көмек көрсету бағдарламасын құруда шешуші рөл атқарды. Осы жылдар ішінде ол экономикасы түбегейлі қайта құру кезеңінен өтіп жатқан мемлекеттер - Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка, сондай-ақ СССР ыдырағаннан кейін пайда болған елдер басшылығының өкілдерімен ынтымақтастықта болды.
Ол Еуропалық Комиссиямен Таяу Шығыс және Солтүстік Африка мемлекеттеріне арналған бағдарламалар жасау кезінде өзара байланыста болған. Африкада, атап айтқанда Ботсванада жұмыс істеді.
1984 жылы Африка мен Оңтүстік Азия проблемаларымен айналысатын Халықаралық даму жөніндегі басқарма (қазіргі Ұлыбританияның Халықаралық даму департаменті) қызметіне шақырылды. 1988 жылы Вашингтонға кетіп, екі жыл бойы Дүниежүзілік банкте Ұлыбританиядан атқарушы директордың кеңесшісі болды. Содан кейін ол Ұлыбританияға оралып, Халықаралық даму министрінің жеке хатшысы болды.
1996-1998 жж. Қаржы министрлігінің бірнеше департаментін, оның ішінде бюджет саясаты бөлімін басқарды. Мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына аудит жүргізді.
1998-2000 жж. ол министрлер кабинеті аппаратындағы тиімділік және инновация бөлімінің бастығы болды. Оның бастамасымен пәнаралық және ведомствоаралық мәселелерді шешу үшін мемлекеттік талдау орталығы құрылды. Содан кейін екі жыл бойы Министрлер кабинеті жанындағы экономикалық және ішкі істер хатшылығын басқарды. Осы кезеңде ол премьер-министр Тони Блэрмен тығыз жұмыс істеді. 2002-2007 жж. ол Халықаралық даму министрлігінде тұрақты хатшы (мемлекеттік жоғары лауазымдардың бірі) болды, содан кейін 2012 жылға дейін Әділет министрлігінде осындай қызмет атқарды. Осы кезеңдегі оның басты жетістіктерінің бірі - министрліктің жұмыс істеуінің жаңа моделін жасау және енгізу. Соның арқасында 1 миллиард фунттан астам стерлинг үнемделді.
2012 жылы ол Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті болып сайланды. Осы лауазымдағы жетістіктердің арасында ол өзінің қызметінің кеңеюін атайды. Нақты жобаларға қаржы салудан басқа, банк елдерге экономикалық тұрақтылықты арттыруға және әлемдік және аймақтық экономикаға интеграцияны тереңдетуге, сондай-ақ жалпы әлемдік сын-қатерлерге қарсы тұруға көмектесті. 2016 жылғы 11 мамырда екінші мерзімге қайта сайланды. Лауазымын 2020 жылдың 2 шілдесіне дейін атқарды.
Марапаттардың қатарында «Ұлттың дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» (ең жоғары - рыцарлық дәрежеге ие) ел азаматтарына берілетін Британ империясының ордені бар.
Чакрабарти - Сассекс және Шығыс Англия университеттерінің және Бухарест экономикалық зерттеулер академиясының құрметті докторы.
Ол бенгал, француз және неміс тілдерін біледі.
Үйленген, әйелі - Мари Сако ұлты жапон, Оксфордтағы Saïd бизнес мектебінде менеджменттен сабақ береді. Отбасында бір қыз бар.
Хоббиі - кітап оқу, әсіресе үнді әдебиетін жақсы көреді. Сондай-ақ, ол - Корольдік өнер қоғамының мүшесі.