20 жел, 2023 сағат 12:44

Су құбырының орнына саябақ: халықаралық банктен алған қарыз мақсатсыз жұмсалған

Фото: Жоғары аудиторлық палата баспасөз қызметі

Сумен жабдықтау саласындағы жобаларға тартылған халықаралық банктердің қарызы тиімсіз жұмсалып жатыр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкі 2017 жылдан бері Қазсушардың 61 жобасын 317 миллион долларға қаржыландырып жатыр.

Аудит жүргізу барысында бес жыл ішінде тек 18 жоба тапсырылғаны анықталды, 37 жоба іске асыру кезеңінде, ал 6 жоба бойынша жұмыс әлі басталмаған.

"Себебі сол баяғы – сапасыз жобалау және жауапсыз мердігерлер. Жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіру Қазсушар шотында 6,5 миллиард теңгенің жинақталуына әкелді. Бюджет оларды резервтеу үшін қосымша 1,7 миллиард теңге төледі. Бұған қоса, теңге бағамы төмендеген жағдайда қабылданған міндеттемелердің ұлғаю қаупі бар, өйткені қарыздардың барлығы доллармен", - деді Годунова Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарыздары бойынша сегіз жоба аясында 3 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынған жабдықтар мен салынған инфрақұрылым мақсаты бойынша пайдаланылмай отыр. Салдарынан жоспарланған 4 мың гектарға жуық суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген.

ЕҚДБ қарызын мақсатсыз пайдаланудың тағы бір мысалы – 1,5 миллиард теңгеге "Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзенінің арнасына су құбырын салу арқылы Ақтөбе қаласы жасыл аймағының инфрақұрылым объектілерін дамыту" жобасын іске асыру.

"Бұл қарыз суару инфрақұрылымын қалпына келтіруге жоспарланған, ал іс жүзінде саябақ аймағын абаттандыруға жұмсалды. Әрине, саябақтар қажет, бірақ валютамен алынған қарыз есебінен емес", - дейді Годунова.

Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлық шараларының нәтижелері бойынша Үкімет пен өкілетті мемлекеттік органдарға су саласын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған 91 тапсырма мен ұсыным берілген. Олардың 41-і орындалды, қалғаны орындалу барысында.