Қарағандыда біраздан айтылып келе жатқан бизнес-инкубаторлар құру мәселесі ақыры оң шешімін табатын секілді. Техникалық және кәсіби білім мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесте жария болған бұл бастаманы сол кезде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те қолдап, білім беру, кәсіпкерлік және жастар саясаты басқармаларына осы жобаны қолға алуды тапсырды.
Алайда, жастарды тапсырма жүктелген жауапты орындардан бұрын бизнесмендер қолдауға ниет білдіріп, олар жақында колледж басшыларымен және білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы өкілдерімен кездесу өткізді.
– Кәсіпкер болғысы келетін жастар аз емес, бірақ соған жетудің жолын білмейді, – дейді оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Дана Асақаева. – Сондықтан, оларға мұндай жағдайда бизнес-инкубатор көмектесе алады. Бұл жоба қазіргі басты проблемалардың бірі – жұмыссыздық мәселесін шеше алар еді. Студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, бизнес әлемінің жаңа көрнекті өкілдерін өмірге әкеледі деген үмітіміз бар.
Кездесуге Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин, сонымен қатар, Төлеген Әшімов, Степан Вадюнин, Қабдолла Бісмілдин сияқты жергілікті танымал кәсіпкерлер қатысты. Іскер жандар да оқу орындарынан бизнес саласында лайықты ізбасарлар шығатынына сенімді. Олар студент жастарды кәсіпкерлік жолына үйретіп, білген ақыл-кеңестерімен бөлісуге дайын.
Жұмысшы мамандықтарына оқытатын техникалық-құрылыс колледжінің ғимаратында өткен семинарға қатысқандардың дені – бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелердің басшылары. Кәсіпкер, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімов айтқандай, қоғамдағы негізгі қозғаушы күш те бүгінгі жұмысшы және орта тап. Оның үстіне, көп нәрсе кәсіпорын инженерлері мен директорларына емес, жұмыскерлермен қоян-қолтық еңбек ететін бригадирлерге байланысты. Өйткені, өз кәсібінің қыр-сырын мейлінше жетік білетін солар.
– Біз бірінші кезекте қазір Қазақстанның ірі кәсіпорындарында жемісті жұмыс атқарып жүрген бұрынғы түлектерімізбен байланыс орнатуымыз керек. Студентті тәжірибеге, салиқалы іске тартуға болатын-болмайтынын солар анықтай алады, – дейді Төлеген Әшімов.
Иә, өмір көрген, өмірдің тезін көрген ұстаздан тәлім алған шәкірттер ертең-ақ өз жолын табары анық. Соны осы жиында Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин де айтты.
– Студенттер бизнесін дамыту жұмыспен қамту мәселелерін де шешер еді, – дейді ол. – Оның үстіне, мемлекет бізге бизнеспен және жұмыспен қамтудың жол карталары түріндегі барлық мүмкіндікті жасап отырғанын естен шығармағанымыз абзал…
Ермек Төлеуұлы бұл жобаның қалай жұмыс істеуі қажеттігін де тәптіштеп өтті. Колледж басшыларынан керегі – сабақ өткізу орындары, педагогтар мен студенттер. Ал жекелеген компания өкілдері оларға өз ақыл-кеңестерін, жөн-жобалары мен ұсыныстарын айта келеді. Олар жастарға бизнес-жоспар жасау амалдарын, алым-салықтың не екенін үйретіп, ең бастысы, жұмыс берушіге тәуелді болмау жолдарын түсіндірер еді.
Осы семинардың техникалық-құрылыс колледжінде өткізілуі бекерден емес. Дәл осы оқу орнында әдеттегі жасөспірімдермен қатар мүмкіндігі шектеулі жас өскіндер де білім алуда. Колледждің елу шақты студенті кембағал: бірінің құлағы естімесе, енді бірінің көру қабілеті төмен және басқадай. Әйтсе де, колледж директоры Светлана Балабекованың айтуынша, олардың қай-қайсысы да өз болашағының жарқын боларына сенеді. Колледжде бизнес-инкубатор құруды бұл кісі де қолдап отыр. Өйткені, ертең-ақ өте шығатын оқу мерзімінен соң, он екі мүшесі дін аман түлектердің өзі қайда барарын білмей тосылады.
Ұзын сөздің қысқасы, бизнес-инкубатор жасаудың қанатқақты жобасы осы техникалық-құрылыс колледжінде іске қосылатын болды. Мұнда оған керек жағдайдың бәрі де бар. Енді тек кәсіпкерлердің жан-жақты қолдауы ғана қажет. Сәтін салса, қазақстандық бизнесте ұрпақтар сабақтастығы деген ұғым қалыпқа айналатын күн де туатын сияқты. Бұл, әрине, қоғам игілігіне қызмет етер үрдіс болар еді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ