07 қыр, 2019 сағат 16:34

Степногорда Қажымұқанға ескерткіш орнатылды

Ақмола облысының Степногор қаласында даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовқа ескерткіш орнатылды. Бұл туралы қала әкімі Еркебұлан Баяхметов Facebook парақшасында жазды.

Степногор қаласының 55 жылдығын меркелеу шеңберінде Спорт сарайының алында орнатылған ескерткіштің ашылуына қала әкімі Еркебұлан Баяхметов, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Баймағамбетов және мүсіннің авторы - Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, профессор Азат Баярлин қатысты.

Ескерткіш граниттен жасалған. Қола мүсіннің биікті - 2,5 метр, постаментімен қосқанда жалпы биіктігі 4 метрді құрайды. Салмағы - 23,5 тонна.
 
Ескерткіштің ашылуынан кейін қазақ күресінен республикалық жарыс, кросс-кантри «STCROSS» веложарысы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар қаланың 55 жылдығына орай, 5-ші шағын ауданда балалардың спорт-ойын алаңы ашылды. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жəне Жастар жылы аясында жүзеге асырылып отыр.

«Спорттық-ойын алаңы қала жастары мен бүлдіршіндердің демалып, бос уақытын өткізу үшін қажетті керме, әткеншек сияқты құрал-жарақтармен жабдықталған. Сондай-ақ волейбол ойнауға арналған алаңда қарастырылған», - деп жазды қала әкімі Еркебұлан Баяхметов өз парақшасында.

Айта кетсек, 2014 жылы Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылында аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш орнатылған болатын.