20 қыр, 2016 сағат 12:13

Сот жюриі сарапқа жүгінеді

Қазіргі уақытта кез келген адам Жоғарғы Соттың жа­ны­­нан құрылған Сот жюриіне судья­­­лар­дың түрлі әрекеттеріне орай ша­ғым­дана алады деді Жоғарғы Соттың судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов “Егемен Қазақстанға” берген сұхбатында. Биыл ақпанда Мем­ле­кет басшысы Жарлығымен Сот жюриі турал­ы ереженің жаңа редакция­сы бекітілген болатын. Жоғарғы Сот жанынан құрылған Сот жюриінде екі: біліктілік және тәртіптік комиссия бар. Осы екі ко­миссияның алдыңғысының құра­мы­на тоғыз адам, ал тәртіптік комис­сияға жеті адам кіреді. Олар Жоғары Сот­тың, облыстық соттың судьялары, аудандық соттың және отставкадағы судья­лар. Міне, осы қос комиссияның басын қосқанда оларды Сот жюриі деп атаймыз. Мұның мүшелерін жасырын дауыспен Жоғарғы Соттың жал­пы отырысында үш жыл мерзімге сайлайды.

“Бүгінгі күнге дейін Астана, Алматы қалаларының және көптеген об­лыс­тардың соттарында болып, судьялардың біліктілігі мен тәртібіне негізделген сынақтарды өткіздік. Рес­пуб­лика бойынша соттарда қызмет іс­тей­тін 2600 судья бар. Әрине, олар­­дың бәрінің бірдей біліктілігі тара­зыға тартылмайды. Еңбек өтілі бес жыл­дан жиырма жылға дейінгі судья­лар біліктілігі міндетті түрде тексе­ріле­ді. Ал еңбек өтілі жиырма жылдан ас­қан­дарға мұндай сынақ көзделмеген. Өйт­кені, жиырма жыл қызмет еткен судья­ның тәжірибесі де, білімі де талап­қа сай келетіндігі айтпаса да түсінікті. Сол сияқты еңбек өтілі әлі бес жылға тола қоймаған жас судьялардың да бұл тара­зыға тартылмайтындығын айтқан жөн. Алайда жаңа заң бойынша енді келесі жылдан бастап, қызметке келген жас судьяның еңбек өтілі бір жылға толғанда, оның білімі сарапқа салынады. Сөйтіп бұл сынақ оның бес жылға дейін судья болып жұмыс істейтіндігін яки істей алмайтындығын, яғни жа­рам­сыздығын айырып, белгілеп береді. Бес жылдан соң тексеріс тағы қайталанады”, дейді Моряк Шегенов. Ал егер осы біліктілігі тексерілген қандай судья болса да, оның жарам­сыз­дығы анықталса, Сот жюриі Жоғары Сот кеңесіне ұсыныс түсіреді. Онда пәленше деген судьяның нақты білім деңгейі мен біліктілігі оның одан әрі судья болып қызмет етуіне жарамайды деген қорытынды түйінделеді. Осыған байланысты Жоғары Сот кеңесі сәйкес шешім шығарады.

Судьялардың біліктілігі қалай тексеріледі? Оның білім деңгейі қалайша анықталады?” деген сұраққа ол: “Біз судьялардың білі­мі мен біліктілігін анықтаудың ең тиімді де оңды жолын таптық. Сы­нақ­қа келген әр судьяға билет бер­і­леді. Онда негізінен төрт сұрақ жа­зыл­­ған. Үш сұрағы әр судьяның ат­қа­­­ратын қызмет саласына қатысты. Өйт­кені, қылмыстық, азаматтық, әкім­­шілік, экономикалық, т.б. болып қаралатын істер бөлінеді. Ал төртінші сұрақ жалпы сұрақ болып табылады. Онда судьяның бүгінгі өмір тынысынан қаншалықты хабардар екендігі назарға алынады. Осы сұрақ арқылы судьяның жан-жақты білімділігі, біліктілігі анықталады. Сол сияқты емтихан қабылдау барысында судьяның атқарған қызметінің үш жылдық нәтижесі қаралады. Онда жұмыс сапасы, тәртібі, істерді қарауы, үстінен түскен арыз-шағымдар, т.б. бәрі сарапқа салынады. Сөйтіп осындай таразылау арқылы кімнің кім екендігі алақанға салғандай айқындалып шыға келеді. Әркім өз орнын табады” деп жауап берді. Оның айтуынша, Сот жюриінің мүшелері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болуға тиіс. Ол үшін мүшелікке таңдау қатаң жүргізіледі. Бірнеше адам бәсекелестікке түседі. Топ жарғандар ғана алынады. Бұл жерде атқарып жатқан жұмыстың сапасы, өзінің білімі мен біліктілігі, тәртібі, қабілет-қарымы қаперге алынады. Сондықтан бұлардың бәрі жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Осылайша ауданда, облыста, одан әрі Жоғарғы Соттағы електен өткен үздіктер Сот жюриінің мүшелері атанады. Одан кейін осы жүйріктер мен тұлпарлар Сот жюриінің төрағасын дауысқа салып таңдайды. Бұл таңдау өте жауапты және тартысты өтетіні белгілі. Бұған Жоғарғы Соттың Төрағасы да қатысады. Сот жюриінің мүшелері үш жылға сайланады.

“Судьялардың іс-әре­кетіне байланысты шағымдар да түседі. Бірақ бұл арыздардың көптігін білдірмейді. Өйткені, судья қабылдаған шешімге қос тараптың бірі міндетті түрде разы болмайтындығы ақиқат. Демек, екі жақтың бірі, әйтеуір бір арыз­данады. Сондай арыздардың саны қазіргі күні 244-ке жетіп отыр. Судья­ның үстінен жазылған арыздағы деректер расталған жағдайда, яғни судьяның әрекетінде Әдеп кодексінің нормалары бұзылғандығы анықталса, осы дәлелін тапқан фактілер бойынша судья тәртіптік жауапкершілікке тартылады” деді Моряк Шегенов.

 

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан»