16 мау, 2023 сағат 20:19

Сот Мәсімов пен орынбасарларына қатысты үкімді өзгертті

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары жазаларын қауіптілігі орташа мекемеде өтейтін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 маусымда Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сатысы К. Мәсімов, А. Садықұлов, Д. Ерғожин, М. Осипов пен олардың қорғаушыларының шағымдары бойынша «Өте құпия» деген белгісі бар қылмыстық істі қайта қарады.

Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі үкімімен К. Мәсімов пен А. Садықұлов ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 және 16 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Сондай-ақ Д. Ерғожин ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға, М. Осипов ҚК-нің 362-бабының 3-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаумен сотталған.

"Апелляциялық саты К. Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін жазаны өтеу мекемесін ең жоғары мекемеден орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу бөлігінде өзгертті.

ҚК-нің 6-бабына сәйкес сотталғандардың жағдайын жақсартатын заң кері күшке ие және соттар оны қолдануға міндетті.

2023 жылғы 21 мамырда күшіне енген ҚК-нің 46-бабына заң шығарушы енгізген өзгерістерге сәйкес бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, қасақана қылмыс жасағаны үшін 2 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде тағайындалады (жасалған қылмыстың ауырлығына қарамастан)" - делінген хабарламада.

Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Үкім заңды күшіне енді.