Фото: Мәжіліс
Бүгін, 2 қыркүйекте каникулдан оралған депутаттар Парламент палаталарының бірлескен отырысын өткізді. Депутаттар 2 ай бойы өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесті. Ел-жұрттың билікке сауалдары мен ұсыныстарын өз аузынан естіп, өңірлердегі шынайы жағдайды көздерімен көріп қайтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Өңірлерді аралап келген депутат Ермұрат Бапидан журналистер халықтың тұрмыс жағдайын сұрап, қымбатшылық қалай әсер етіп жатқанын сұрады.
"Соншалықты бір қиналған халықты көрмедім. Әрине әңгіме бар ол жерде. Қымбатшылық қай жерде болсын бар. Бірақ жалпы менің өзім Шығыста болдым, Семейде, Алматы облысы және басқа да бірақ жерде болдым. Қатты бір қиыншылыққа тап болды деген халық көрген жоқпын. Бірақ бірінші қыркүйекке балаларына киім ала алмай отырған жекелеген отбасылар бар екен. Оларға көмек көрсету үйін азды-көпті әрекеттер жасадық", ‒ деді Е. Бапи.
Сонымен қатар депутат әр өңірдің өз мәселесі бар екенін айтты.
"Мысалы Зайсанда газ мәселесі, Катонқарағайда әлі күнге дейін салынып бітпеген жол мәселесі бар. Сол сияқты әр жердің өз тақырыбы бар. Олардың әрқайсысын жіпке тізгендей айтып отыру мүмкін емес", ‒ деді мәжілісмен.
VIII сайланған Парламенттің төртінші сессиясы жұмысын ресми бастады. Ермұрат Бапи алдағы уақытта қандай заң қаралатынын айтып, бірнеше өзекті мәселелерді жеткізді.
"Қазіргі жүргіп жатқан құрылыс кодексі ең үлкен мәселе болады. Өйткені елдегі экономиканың негізгі секторы, негізгі драйвері ‒ құрылыс. Одан кейін цифрландыруға байланысты көп мәселе бар. Цифрландыру ‒ елдегі жемқорлықты жоюдың бірінші құралы ретінде қазір қаралып жатыр. Ол тұрғыдан келгенде заңға толықтырулар, өзгертулер, жалпы осы заңды күшейту мәселесі тұрғысында депутаттар тарапынан нақты ұсыныстар болады деп ойлаймын", ‒ дейді депутат.
Мәжілісмен Е. Бапи қорғаныс саласына байланысты нақты ұсыныс дайындаған екен. Оның ішінде әскерге шақыртуға байланысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу бойынша нақты ұсыныс дайындапты.
Ал депутат Айдос Сарым жемқорлық туралы заң жобасын дайындағанын айтады. Бұдан бөлек енгізейін деп жатқан шекаралық аймақтар туралы заң жобасын атады. Сондай-ақ тағы қандай жұмыс атқаратынын депутат тілшімізге баяндап берді.
"Медициналық сақтандыру бойынша мен алдынғы апта жұмыс істедім. Қаржы нарығын бақылау жөніндегі агенттіктің өкілдерімен, қаржы нарығының азаматтарымен кездесіп, ұсыныстарымызды берейік деп жатырмыз", ‒ деген депутат Айдос Сарым да әскери салаға қатысты заңды “ең үлкен мәселенің бірі” деп атады.
Айдос Сарымның сөзінше соңғы бір жыл ішінде армияға қатысты көптеген құрылымдық заң қабылданды. Депутаттың ойымша армияның беделін, армияда еңбек етудің абыройын арттыратын әлеуметтік нормалар қажет.
"Олардың көбі 2017-2018 жылдары күйіп кеткен. Совет заманындағыдай болмас, бірақ шын мәніде армияда еңбек ету, отанға қызмет ету абыройлы, өзін өзі ақтайтын, отбасын қамтамасыз ете алатын дүние керек. Бүгін бір қуанғаным, өткенде бізде Забигулин дейтін өрт сөндіруші қайтыс болған еді ғой, соның әріптестері балаларын қолынан жетектеп, мектепке апарыпты. Яғни отан үшін күйем, отқа түсемін деп барған адамдардың ішкі сенімі болуы керек. Бұл менің отаным, бала-шағам, әке-шешем, отбасым далада қалмайды, отаным бар, оларды қорғайды деген принцип енгізу керек. Бірақ барынша атқарып жатырмыз. Бірақ көптеген мәселе қаржыға тіреледі. Мысалы үшін Алматыда жүргенде көп әскери бөлімдермен кезіктік. Әлі күнге дейін жалақысына, төлемдеріне, тұрғын үй мәселесіне көңілдері толмайтыны анық", ‒ деді А. Сарым.
