01 ақп, 2021 сағат 15:40

СҚО-ға 1,2 мың доза вакцина жеткізілді

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаны 115 мың адам алады, бірінші кезеңде 1200 доза медицина қызметкерлеріне берілмек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО-ның бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, Бүгіннен бастап медицина қызметкерлеріне - соның ішінде инфекциялық аурухана мен стационарларда жұмыс істейтіндерге, жедел жәрдем және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлеріне беріле бастады. Сондай-ақ бірінші кезеңде мұғалімдер, полицейлер, студенттер және қант диабеті сияқты созылмалы аурулары барларға екпе жасалады. Ал тұрғындар арасында ең алдымен тәуекел тобындағыларға вакцина қойылады. 

«Облыста барлығы 378 екпе егетін кабинет бар. Коронавирусқа қарсы вакцина 17 пунктте егіледі, оның 13-і ауданда және 4-уі қалада орналасқан. Бүгін түнде 1200 доза ресейлік вакцина жеткізілді. Жоспар бойынша 115 мың вакцина егіледі. Қарағанды фармацевтикалық компаниясынан сәуір-маусым аралығында ай сайын 600 доза жеткізіліп отырады. 

Бүгіннен бастап Ресейде өндірілген Гам-КОВИД-Вак - «Спутник V» вакцинасын қолдана отырып, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация басталды. Әрі қарай, 15 ақпаннан бастап вакцинация процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. Сәуір айында қазақстандық вакцина жеткізіле бастайды», - дейді Әсет Жұматаев. 

Стационарлық екпе пункттерінде тәулігіне 60 адамға, ал жылжымалы бекеттерді 40 адамға дейін вакцина қойылады. Екпе алғаннан кейін адам 30 минуттай емдеу мекемесінде болып, дәрігерге бақыланады. Ал келесі үш тәулік бойы медициналық қызметкер оған телефон арқылы хабарласып, жағдайын біліп тұрады. Бас санитар дәрігердің айтуынша, кез-келген екпеден реакция болып, ауырады. Орны қызарып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бұдан қорықпау қажет.

«Вакцинация - жұқпалы аурулардың, оның ішінде коронавирустың алдын алудың тиімді әдісі. Біз жаппай иммундаудың арқасында науқастардың деңгейін төмендетіп, нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметіне қойылған шектеулерді алып тастап, кәдімгі өмірге оралатынымызға сенімдімін.

Жалпы, 21 күн өткеннен кейін вакцинаның екінші компоненті егіледі. 1 доза - 0,5 мл. Екпе алғаннан кейін де біз сақтық шараларын ұмытпауымыз керек, яғни маска тағамыз, ара қашықтықты сақтаймыз. Иммунитет қалыптасуы үшін белгілі бір уақыт өтуі қажет. Халықтың 70 % вакцина алғанда ғана емін-еркін жүруге болады», - дейді СҚО-ның бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаев.