Солтүстік Қазақстан облысындағы көлдерде қолдан оттегімен байыту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Балықтарды құтқару операциясы аэрация тәсілімен жүзеге асырылады.
Көлдің бетіне ойық жасалып, су оттегімен байытылады.
«Аэрация жасау үшін моторлы бұрғылар, мотосорғылар, аэраторлар және судағы оттегіні өлшейтін аксиометр қажет. Биыл балықты құтқаруға қаңтар айының ортасынан бастап кірістік. Қыс аязды болды, қар қалың жауды. Кей көлдерде мұз қабаты 1 метрге дейін жетеді. Оның үстінде 80 см-ге дейін жететін қар жабындысы бар. Ауа жетпегендіктен, әсіресе таяз көлдердегі балықтар қырылып қалуы мүмкін», - дейді Соколов мемлекеттік мекемесінің маманы Сергей Брюхов.


Қызылжар ауданындағы Пруд көлі – таяз көлдер қатарынан. Аумағы 50 га алып жатыр. Мұнда мөңке балығы көп кездеседі. Қазір көл суының құрамындағы оттегі мөлшері небары 1,2 % ғана құраған. Балықтарды құтқару үшін көл үстінде қажетті техникамен 8 адам жұмыс істеп жатыр.
«Соколов мемлекеттік мекемесінің резервінде осындай 23 көл бар. Облыс бойынша балық шаруашылығына жарамды 500-дей су қоймасы болса, соның 300-і жалға берілген. Жалға алғандар аэрацияны өз күштерімен жүргізеді. Ал, балықтардың қырылуына жол берген жағдайда олармен жасалған келісімшарт бұзылады, жауапкершілікке тартылады.

Ал резервтік су қоймаларында жергілікті атқарушы органдардың көмегімен бұл жұмыстар жүзеге асырылады. Суды оттегімен байытуға жазда осы көлдерде балық аулайтын балықшылар да биыл волонтер ретінде көмек беріп жатыр», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім жетекшісі Ерлан Тәшімов.
