Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Солтүстік Қазақстан облысында шенеуніктер 4,3 миллиард теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсамақ болған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір прокуратурасына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджеттік қаражатты жұмсау саласына талдау жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жүйелі бұзуды анықтаған.
Қалалық құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы саласы туралы» ҚР Заңдарындағы талаптарды бұза отыра, сомасы 2,5 млрд теңгеге көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуларды жер учаскесіне құқықты анықтайтын құжаттарсыз жүргізген.
Басқа жағдайда, облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары ҚР Бюджеттік кодексінің талаптарына қарамастан, ешқандай негізсіз ғимарат сатып алу үшін 1,1 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражатын бөлген.
«Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасының заңының талаптарын бұза отыра, осы бюджет қаражатына әлеуетті жеткізушілер үшін негізсіз шектеулермен ашық конкурс арқылы сатып алуды жүргізген.
"Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар бұзылды, жергілікті атқарушы органдардың кінәлі лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Аталған салада жыл басынан бері қадағалау органының актілері бойынша жергілікті атқарушы органдардың 59 лауазымды тұлғасы әртүрлі жауапкершілікке тартылды, 19 мемлекеттік сатып алу бұзылды, нәтижесінде 4,3 млрд теңге бюджет қаржысын негізсіз жұмсауға жол берілмеді.
Бюджеттік қаражатты жұмсау сұрағы қадағалау органының бақылауында" - делінген хабарламада.