
Солтүстік Қазақстан облысында бір тәулікте 235 адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде бір тәулікте 235 адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді. Әр екпе егу пунктінде бір күнде орта есеппен 40-50 адам вакцина алып жатыр. Науқанды сәті аяқтау үшін Петропавлда қосымша тағы екі екпе егетін орын ашылды.
«Вакцина егу пункттері қазір 13 аудан орталығында және 6-уы Петропавлда жұмыс істеп жатыр. Оның екеуі кеше түстен кейін ашылды. Біреуі фтизиопульмонология орталығында, екіншісі облыстық көпбейінді ауруханада орналасқан», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Сайлауқызы.
Бірінші кезекте вакцинаны коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлері алып жатыр.
«Өте жақсы ұйымдастырылған. Мені алдымен терапевт қарап, жағдайымды тексерді, сұрақтарын қойды. Тек соан кейін ғана егілуге рұқсатын берді. Кеше әріптестерім алды. Олардың кейбірінде аздап дене қызуы көтерілді. Сондай-ақ ине піскен жер қызарып, қышуы мүмкін. Бұл адам ағзасының екпеге қалыпты реакциясы. Вакцина егілгендерге қолдарына жадынама беріліп жатыр. Онда барлығы айтылған, сондай-ақ дәрігердің телефон нөмірі көрсетілген», - дейді 3-қалалық емханаға вакцина алуға келген Петропавл қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Руслан Тасов.
Дәрігердің айтуынша, өңірде КВИ бойынша жағдай күрделі. Сондай-ақ ол еңбек ететін қалалық көпбейінді ауруханада инфекциялық стационар орналасқан.
«Вакцина алғаннан кейін адамда иммунитет пайда болады. Ол вирусты жұқтырса да ауру жеңіл өтеді. Біз үнемі сырқаттармен байланыстамыз. Қорғанғанымызбен жұқтырып алуымыз әбден мүмкін. Бүгін біздің ауруханадан 50 адам келдік. Олардың барлығы инфекциялық стационарда еңбек ететіндер», - дейді Руслан Тасов.
