04 ақп, 2021 сағат 10:05

СҚО-да 900 медқызметкерге вакцина егілді

Солтүстік Қазақстан облысына коронавирусқа қарсы 1200 доза вакцина жеткізілсе, соның 900-і медқызметкерлерге салынды. Екпе алғандардың жағдайлары жақсы, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО-дағы коронавирус инфекциясына қатысты жағдай бойынша бүгін денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов пен облыстың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев айтып берді.

Әсет Жұматаев өңірде алғашқылардың бірі болып КВИ-ға қарсы екпе жасатты.

«1-ақпан күні вакцина егілді. Бірінші күні, әрине ине салған жер ауырды. Әлсіздік болды. Вакцина алғаныма бүгін үшінші күн. Өзімді жақсы сезінемін. Ауытқулар болған жоқ. Сол себепті барлығын екпе салуға шақырту түскенде одан бас тартпауға шақырамын. Осылайша біз өзіміздің ғана емес, жақындарымыздың денсаулығын да қорғаймыз», - деді СҚО-ның бас санитар дәрігері. 

Қазіргі таңда СҚО-да медицина қызметкерлерінің 900-і вакцина алып үлгерді.

«Өңірде вакцина қою жоспарлы түрді өтіп жатыр. Екпе алғандар дәрігерлердің бақылауында. Үш күн бойы қоңырау шалып, жағдайларын біліп тұрады. Осы күнге дейін ешқандай асқынулар тіркелген жоқ.

Иммундық вакцина болғандықтан оның ағзаға өз әсері бар. Алғашқы күндері дене қызуы көтеріліп, ине салған жер ауыруы мүмкін. Әлсіздік болады. Бұл – қалыпты жағдай.

Вакцина алғандардың ішінде 4 адамда дене қызуы 37,5-38 градусқа дейін көтерілді. Олар парацетамол ішті», - дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Дәрігердің айтуынша, медицина қызметкерлерінің арасында екпе жасатудан бас тартқандар болмаған.

«Медицина қызметкерлері вакцина алудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Өйткені бүгінгі таңда КВИ-мен күрестің ең тиімді жолы осы вакцина салғызу. Өйткені әзірге вирусты жоятын препараттар табылған жоқ.

Карантиндік шектеу шараларының, әрине, жұқтырғандар санын азайтуда нәтижесі бар. Бірақ бұл инфекцияны біз ұжымдық иммунитет алу арқылы ғана жеңе аламыз», - деді Құмар Күсемісов.

СҚО-да бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 11 179 адамға жетті. Өңірдің инфекциялық стационарларында қазір 452 адам ем алып жатыр. Емдеу орындары 38 %-ға ғана толық.