12 ақп, 2020 сағат 11:18

СҚО-да 100-ге жуық елді мекенді су шаюы мүмкін - ТЖД

Солтүстік Қазақстан облысында биыл көктемде су тасқыны қаупі бар. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында өңірде тиісті шаралар қолға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы метеорологиялық болжам және ылғал қорын талдау алда су тасқыны қаупі бар екендігін көрсетті. Өңірде үш мыңнан астам өзен-көл бар. Соның ішінде Есіл, Шағлы, Сілеті, Қамысақты өзендерінен келетін қауіп зор. Арнасынан шыққан өзендер мен ернеуінен асқан көлдерден облыста 100-ге жуық елді мекенді су шаюы мүмкін.

Сол себепті қазірдің өзінде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынды. Бұл су тасқыны кезінде жедел әрекет етуге, оның салдарын азайтуға септігін тигізбек.

Халыққа жедел көмек көрсету қажет болған жағдайда ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінен 60 адам мен 4 техника бөлінеді. Осыған байланысты күш құрылымының әзірлігін пысықтау мақсатында оқу-жаттығу өтті.

Дабыл бойынша барлық жеке құрам мен техника сапқа тұрғызылып, арнайы-тактикалық оқу-жаттығу, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, шұғыл дәрігерге дейінгі көмек көрсету ережелері бойынша оқыту семинарлары өткізілді. Сарбаздармен «СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ жедел-құтқару жасағының, СҚО бойынша апаттар медицинасы орталығының мамандары тәжірибе бөлісті. Гвардияшылар арнайы техника мен жабдықтарды пайдаланудың негізгі тәсілдерімен танысты, суда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетудің және жеке қауіпсіздіктің негізгі ережелерін пысықтады.

Жалпы, су тасқынымен күресте жедел әрекет етуге ТЖД тарапынан облыс аумағында құрамында 484 адам және 155 техника, 8 жүзу құралы және 72 мотопомпа бар ішкі істер органдары арасынан арнайы топ құрылды.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жұмыстарға 1619 адам, 1163 техника, оның ішінде 299 су сорғыш техника, 109 ауыр инженерлік техника және 83 жүзу құралы дайындалды. Жанармай және инертті материалдар, қаптар әзірленген.