22 қыр, 2016 сағат 10:46

Шындық, күрес көп жылдар

Ана тілін ардақтау жолындағы күрес Ақмола қаласы мен өңірінде сексенінші жылдың аяғында басталды. Бүгінгі күні сол кезден шағын естелік айтсам, қазіргі жастарға ол да бір ғибрат болар еді.

Қаладағы аз ғана қазақ азаматтары «Тіл және мәдениет» деген қоғам құрдық. Бұл 1990 жылдың мамыр айы болатын. Мақсатымыз – қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу, жоғары оқу орындарында ана тілінде білім алуға қол жеткізу. Осындай шаралар арқылы өңірде қазақ тілін қайта түлету.

Бақша мен мектепке бала жинау оңай емес. Күнде үй жағалаймыз. Жұмыстан соң Жастар шағын ауданына тарттым. Бес қабатты үйдің бірінші подъезіне кірдім де оң жақтағы есіктің қоңырауын бастым. Іштен бір әйел шықты.

– Кешірерсіз, Мұрат осында тұра ма? – дедім. Бұл сылтауым, іздегенім қазақтар.

– Қайдағы Мұрат? – деп ол есікті гүрс еткізді. Қатардағы қоңырауды безілдеттім. Есікті алпысты алқымдаған қазақ ашты. Сәлем беріп, шаруамды айта бастадым.

– «Тіл және мәдениет» деген қоғамды естіген шығарсыз. Мен соның төрағасымын. Алдағы оқу жылында қаладағы мектептерде қазақ кластарын, бақшаларда ұлттық топтар ашпақпыз. Соларға бала жинау керек. Оқу жасына жеткен немесе балабақшаға баратын немерелеріңіз бар шығар?

– Бар ғой, – деді ол. – Ұлда да, қызда да бар. Соларға айтайын. Өзім пейілдімін.

– Онда міндетті түрде хабарласыңыз, – деп үй мен қызметтің телефонын бердім. – Подъезде сізден басқа қазақтар тұра ма?

– Үстіне көтеріл, сонда екі-үшеуі бар.

Жоғарыдағы қарсы есіктен жас шамасы қырықтағы азамат шықты. Шаруамды айтып болар-болмастан тыжырынды.

– Қайдағы қазақ класы, қайдағы бақша? – деді акцентпен бұтарлап. – Орыс, қазақ деп бөлесіңдер. Бізге де бөлін дейсіңдер. Қостамаймын, мұндай национализмді.

Тарс жабылған есіктің кілті шақұр-шұқыр етті. Маңдайым тасқа тиіп, булығып тұрдым да, көрші есікке бұрылдым. Әлгі шамалас ағайын сөзімді құлықсыздау тыңдап желкесін қасыды.

– Әй, сол қазақшаңның өзі… қалай десем екен, үй ішінде болмаса, қызметте қажеті жоқ секілді-ау. Көрейік, – деп шегіншектеді. Келесі есікті жас жұбайлар ашты. Ішке шақырып, біраз әңгімелестік.

– Біз сізді телевизордан көргенбіз, – деді өзін Сәрсен деп таныстырған жігіт. – Казактардың ұйымын таратып жіберіпсіздер ғой. Соны елге хабарладыңыз. Қатты риза болдық.

– Биыл қаладағы бірнеше мектептен қазақ клас­тарын, балабақшаларында топтар ашсақ, алдағы жылдары дербес мектептер мен тұтас бақшаларға да қол жеткіземіз, – дедім мен.

Жас жұбайлар қуана келісті. Үш жасқа толған ұл балалары бар екен.

– Ауылда ата-анамыздың қолында. Күзге қарай әкелеміз. Қазақ тобына береміз, – десті. Сіз енді бұл үйдің подъездерін аралап, шаршамай-ақ қойыңыз. Шаруаңызды өзіміз бітіріп берейік.

Төбем көкке жетті.

– Рахмет! – дедім риза болып. – Сендер былай істеңдер. Жұмыстағы және басқа да құрбы-құрдастарыңды осыған көндіріңдер. Олар өздерінің таныстарын үгіттесін. Ал мына үйді өзім аралап шығайын. Осы күнгі қазақ әрқилы, жассыңдар, ойландыра алмассыңдар.

Күнде осылай. Жұмыстан соң ел орнына отырды-ау дегенде көше кеземіз, есіктен есік қағамыз, бірде жылы, бірде суық сөз естиміз. Кімдер кездеспеді дейсіз. Әсіре коммунист те, әрі-сәрі дүбәра да, бәрі-бәрі кездесетін … Әйтеуір, қостаушылар аз болған жоқ. Олардың біразы келе-келе өзіміз секілді үгітшілерге айналды.

Осындай қыруар жұмысты облыс бойынша да жүргіздік. Өңірдің орталығында 33 мектепте қазақ кластары ашылса, аудандарда олардың саны 182-ге жетті.

Қиындық, күресі көп болған сол жылдар мейлінше мазмұнды еді. Қазақтың ондаған, жүздеген жылдарда жоғалтқан рухани зәруліктері күні-түні қамшылайтын. Ана тілін қайта жаңғырту жолында атқарылған жұмыс алдымызға жаңа міндеттер қойды. Сол тұста шешілуі мүмкін еместей көрінген осы қиын шаруаларды да жүзеге асырдық. Орыс мектептеріндегі қазақ ұстаздарын қайта даярлықтан өткізіп, өзіміз ашқан мектептерге жібердік. Институттардағы қазақ оқытушылары орыс тіліндегі оқулықтарды туған тілімізге көз майын тауысып аударды. Осы екпінмен, ана тіліміздің күш-қуатымен қайраттанып жүріп, 1991 жылдың күзінде Қазақ музыкалы-драма театрын аштық.

Бүгінгі айтулы күні өткен күнге қысқаша қайырылып отырып, қазақ тілін өркендету оны ғылым мен білімнің, осы заманғы ақпараттық технологияның тіліне айналдыруға тікелей байланысты екенін айтқым келеді. Онсыз туған тіл өркениетті заманның тілі бола алмайды. Қазіргі қазақ қоғамының басты міндеті осы.

Ал бүгінгі толқын ана тілін біздей ардақтайтындығына кәміл сенемін.

Алдан СМАЙЫЛ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты