25 жел, 2019 сағат 14:49

Шымкенттің 2200 жылдығына дайындық қалай жүріп жатыр?

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаланың 2200 жылдығы мен «Шымкент – 2020 жылғы ТМД мәдени астанасы» шараларына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы қаламыз Тәуелсіз Мемлекеттік Достастығы елдерінің мәдени астанасы болып жарияланған. Одан бөлек, келесі жылы Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы ТМД елдері мен UNESCO көлемінде аталып өтеді. Бүгінгі таңда осы атаулы іс-шараларға дайындық жұмыстары басталды. Биыл 502 млн теңгеге ескі қала - Цитадельді қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстар келесі жылдың қыркүйек айында толық аяқталады», - деді Шымкент қаласының әкімі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуына қарағанда, 2020 жылы Орталық ипподром аумағында «Қайырымды қала – Шымкент» этноауылы ұйымдастырылады. Этноауылда наурыз айынан бастап қараша айына дейін Ұлттық халық шығармашылығын қолдау бағытында әр сенбі, жексенбі күндері іс-шаралар өткізіледі.

«Одан бөлек, келесі жылы қаланың сәулетін арттыратын 2200 орындық конгресс-холл, оқушылар сарайы және медиа-орталық құрылысы жүргізіледі», - деді ол.