25 сәу, 2022 сағат 09:31

Шымкентте жігітті әскерге күшпен "алып кеткен" полицейлердің видеосы тарады

© instagram/open.shymkent

Желіде жігітті әскери комиссариатқа күшпен "алып кеткен" полицейлердің видеосы тарап жатыр. Оқиға Шымкентте болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Кадрлардан формадағы адамдар ер адамды ұстап алып, автокөлікке күшпен кіргізгенін көруге болады. Айналасындағылар "Мынау ұят қой, жай, жай" деп айғайлап жатыр. Бірақ полицей назар аудармайды. Куәгерлер оқиғаны камераға түсіріп алған.

"Шымкентте жігіттерді әскерге осылай күшпен алып кетеді?! Бұл сұмдық қой. Ата-анасына қоңырау шалуға мүмкіндік берместен көшеден алып кетеді! Менің көршім бір күн бойын ұлын іздеген, полицияға барғанда әскерге алып кеткенін айтқан, мұны қалай түсінуге болады? Заңсыздық. Жоқ дегенде шақыру қағазын жіберу керек қой. Өздерінің ата-анасы жоқ сияқты. Үш-төрт күн болды ауданда балаларды күшпен алып кетіп жатыр, қой сияқты алты-жеті жігіт көтеріп алып, көлікке кіргізеді", - деп жазды видео авторы.

OTYRAR редакциясы ресми түсініктеме алу үшін уәкілетті органға сауал жолдады.

Басылым мәліметінше, Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Әжімұхан Шынтаев бұған дейін әскерге шақырылушылар тапшылығы жоқ екенін айтқан болатын. Шақыру бойынша жоспарды былтыр оңтүстік мегаполис ел бойынша екінші орын алып, артығымен орындаған. Барлығы бір жарым мыңға жуық шымкенттік шақыру алған. 

Бірақ құқық қорғау органдары әскерден қашқандарды әскери комиссариатқа күшпен әкелуге құқылы екені айтылды. Ал нақты қандай шаралар екені белгісіз.