05 мам, 2022 сағат 09:56

Шымкентте зейнеткерлерді соққыға жыққан полицей жазаланды

Фото: мақала авторы

Шымкентте зейнеткер ерлі-зайыптыны аяусыз соққыға жыққан полицей жұмыстан босатылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Полиция қызметкері Еркеғали Диханбаев пен жәбірленушілер Олег Петровский мен оның әйелі Анна Шмакова арасындағы жанжал биыл ақпанда болған. Зардап шеккен ерлі-зайыптының айтуынша, полицей оларды өз пәтерінде сабаған. 

Жәбірленушілердің адвокаты Магамед Ханаевтың айтуынша, полиция қызметкерінің кінәсін дәлелдейтін барлық дәлел бар болғанымен, іс бойынша процессуалдық шешім жоқ.

"Олар мынадай жауап берді, бұл жауап мені қанағаттандырмады. Жеткілікті уақыт өтті, сондықтан олар полиция қызметкерін және оның қылмыстық әрекеттерін қалқалап отырғанын ашық көрсетіп отыр. Екі айдан астам уақыт өтті, бірақ процессуалдық шешім әлі қабылданған жоқ. Олар клиентімнің құқығын бұзды. Жаңа Қазақстан, бірақ әдіс ескі", - дейді заңгер.

Адвокат Диханбаевты әріптестері қорғап отыр деп күдіктенеді. Өйткені, құқық қорғау органдары барлық дәлелге қарамастан, ешқандай шара қолданбаған. Ал іс жеке қауіпсіздік басқармасына тапсырылған.

Оның үстіне, адвокаттың айтуынша, іс бойынша күдікті - Еркеғали Диханбаев оқиғадан кейін тергеу изоляторында отырудың орнына, полиция қызметкері формасында қаланы аралап жүрген.

"Мен құқық қорғау органдары мүлде әрекет етпегенін көріп отырмын. Клиенттерімді ұрып-соққан полиция қызметкері Еркеғали Диханбаевты осындай қылмыстық құқық бұзу жасағаны үшін ең болмағанда тергеу изоляторына жіберу керек еді. Енді мен арыз жазамын. Бүгінге дейін мен прокуратура мен Антикорға жаздым, олар ештеңе істемеді. Егер басқа азамат осылай ұрып-соққанды былай қойғанда, полиция қызметкеріне қол сілтесе баяғыда түрмеге жабылар еді. Әділдік жоқ", - дейді заңгер Магамед Ханаев.

Полиция департаменті тілшілерге Еркеғали Диханбаев қызметінен босатылды деп жауап берді. Тек қандай себеппен және қашан екенін нақтыламады. Неге істі қарау ұзаққа созылды деген сұраққа да жауап жоқ.

"Әл-Фараби АПБ ювенал полиция бөлімінің учаскелік инспекторына қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабы бойынша хаттама жасалып, жиналған материалдар Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот қаулысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды".

Факт бойынша Шымкент қалалық ПД ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметтік тексеру жүргізген. Нәтижесінде тәртіптік комиссия шешімі бойынша полиция қызметкері ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылды, деп сендірді Шымкент қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін зейнеткер ерлі-зайыпты полиция инспекторы балағаттап, кейін ұрып-соғып, көптеген дене жарақатын салғанын айтып шағымданған болатын. Кейін ерлі-зайыпты Диханбаевтың үстінен арыз жазған. Біраз уақыттан кейін полицей Олег Петровскийді мәжбүрлеп арызын қайтарып алуды талап еткені белгілі болды.