25 мам, 2023 сағат 15:12

Шымкентте мектепке 232 мыңға доп сатып алынбақ болған

Фото: elements.envato.com

Шымкентте білім беру мекемесі баскетбол добын 232 000 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Дәурен Ерғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2,2 миллион теңгеден аса сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды.

Қалалық білім басқармасының "№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы" КММ мемлекеттік сатып алу жоспарында 2,7 миллион бюджет қаражатына 20 доп алуды бекіткен. Тауардың әрбіреуі 2-ден 10 есеге дейін асыра бағаланып есептелген.

Мемлекеттік мекеме баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған.

Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына жоспардың тармағын қайта қарау туралы ұсыныс хат жолдады. Нәтижесінде 2,2 млн. теңгеден астам қаржы үнемделді", - деп жазды Дәурен Ерғарин Facebook-парақшасында.

Айта кетейік, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыратын «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталына үнемі мониторинг жүргізеді.