03 қыр, 2025 сағат 17:44

Шымкентте мәслихаттың бұрынғы депутатына іздеу жарияланды


Фото: gov.kz


Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында 48 жастағы Қуаныш Дәулетәлиевті іздеу туралы ақпарат жарияланды. 


Qamqor.gov.kz деректеріне сәйкес, Қуаныш Дәулетәлиевке қатысты іздеу ісі 2 қыркүйекте Шымкентте тіркелген.


Оны Тұран ауданының полиция басқармасы іздестіріп жатыр. Іздестіруді бастаған — сот. Карточкада оның жеке деректері, соның ішінде туған күні мен азаматтығы, сондай-ақ іздеумен айналысатын органның байланыс телефоны көрсетілген.


Шымкент қаласы мәслихатының ресми сайтында Дәулетәлиев туралы өмірбаяндық анықтама берілген.


Ол Шымкент қаласында дүниеге келген, № 66 мектепті бітірген. 2014 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеттің заң факультетін тәмамдап, заңгер біліктілігін алған.


Еңбек жолы:


— 2000–2009 жылдары — жеке кәсіпкер;
— 2009–2015 жылдары — «Сенім-Құрылыс» ЖШС-нің коммерциялық істер жөніндегі директордың орынбасары;
— 2015 жылдан бастап — «БОИНИС КС» ЖШС директорының орынбасары;
— мәслихаттағы «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.



Шымкент қалалық сотының ақпаратына сүйенсек, ҚПК-нің 201-бабына сәйкес қылмыстық істің мән-жайына қатысты мәліметтер жария етуге жатпайды.


— Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу сатысында болғандықтан, барлық мәселе бойынша тергеу органдарына немесе прокуратураға жүгінуді сұраймыз, — делінген соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.