20 қыр, 2023 сағат 10:38

Шымкентте әкімдіктің лауазымды тұлғасы қамауға алынды

Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

ҚМА аумақтық департаменті Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Күдікті өзінің лауазымдық жағдайын пайдалана отырып, қала аумағындағы көпқабатты үйлердің 150 ауласын абаттандыру бойынша сметалық құжаттамада жұмыстар мен материалдар бағасын негізсіз қымбаттатқан. 

Осылайша ол аса ірі мөлшерде, яғни 700 млн теңгеден астам сомада бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктеліп отыр. 

"Сот санкциясымен аталған азамат ұсталып, қамауға алынды. 

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі" - делінген хабарламада.