09 шіл, 2025 сағат 12:03

Шымкентте 136 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылды – театр директоры мен лауазымды тұлғалар күдікке ілікті

Фото: ашық дереккөз

Шымкенттегі «Жастар театрының» директоры мен бірқатар лауазымды тұлғалар 136 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды (колонкалар, сабвуферлер, микрофондар, сахналық құрылғылар және т.б.) сатып алуға 320 млн теңге бөлінген. Алайда сатып алу кезінде заң талаптары өрескел бұзылып, лоттар қолдан бөлшектеліп, 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген.

Жалған кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, тауарлар нақты жеткізілмеген. Соған қарамастан, бөлінген қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тергеу барысында күдіктілердің бірі заңсыз жолмен тапқан табысына жалпы құны 48 млн теңге болатын пәтер мен автокөлік сатып алғаны анықталды. Аталған мүлік сенімді тұлғалардың атына рәсімделіп, жасыруға тырысқан.

Қазіргі уақытта соттың санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды, ал күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.