12 қар, 2016 сағат 11:58

Шымкент туристік орталыққа айнала ма?

Жер шарын жеті айналып шықсаң да, Қазақстанның түстік бөлігіндегідей әсем өңірді, ыстық ықыласты тауып алу қиын. Осы өскелең өлкенің кіндігі іспеттес Шымкент шаһары өзінің қазақ жеріндегі ең қонақжай, меймандос қоныстардың бірі ретінде кеңінен танымал.

Бұған қоса, түгін тартсаң, майы шығатын бұл шұрайлы да шырайлы атырап қалы кілемнің түсіндей құлпырған көрікті көркімен, аспанмен тілдескен ақбас шыңды тауларымен, ақық суы арқырап аққан өршіл өзендерімен, жапан түзді жайлаған жазық далаларымен, түйенің мойнындай тепсініп тұратын иір-иір құмдарымен көрген кісінің көз жауын өзіне тартып алар еді.

Бұл – шын мәнінде де зәуіде келіп жатқан саяхатшы жұртты немқұрайлы қалдырмайтын қасиетті мекен. Мұнда бір қадам басып көрген адам кейін тағы қайтара келгісі келеді де тұрады. Расында да бір замандарда «Ұлы Жібек жолының» ең бір күре тармақтарының бірі есебінде танылған бұл аймақта саяхатшыларды көбірек тартып, туризмді дамытып әкетуге мүмкіндік мол. Қазақстанның оңтүстігі Орта Азиядағы ең өркендеген өңірлерінің бірі болып табылады. Ежелгі керуен Отырар, Яссы, Сайрам қалалары арқылы одан әрі Тараз, Ферғана алқабы, Ыстықкөл баурайы мен Қытайға сапар сызған.

Әлбетте, қазір оңтүстік өлкенің туризмді жолға қоюға ең бір ыңғайлы атырап екенін назардан тыс қалдыруға болмас еді. Бұл жағынан келгенде, Шымкент шартарабы еліміздің бір де бір өңірінен кем түспейді. Әйтпесе, бір күн ішінде қар басқан таулардан қызған құмға өте шығуға, мөлдір тау өзенінде шомылып, нағыз минералды судың дәмін татуға болатын басқа қандай аймақ бар! Айтылып отырған алап өзін тау шындарын бағындырушы, батыл рафтшы, құмар аңшы және балықшы ретінде сезінетін белсенді демалыс әуесқойлары үшін нағыз таптырмас жер. Оңтүстік Қазақстанның табиғаты  термалды және минералды көздерге бай, оның шипалы климаты көптеген дерттерді емдеу үшін өте пайдалы. Көптеген санаторийлер және демалыс аумақтары сізге уақытты жақсы өткізуден басқа, денсаулықты нығайтуға  көмектеседі. Осының өзі мұнда медициналық туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді.

fb5ca0bea8647384599fed4d5f23ee0d

«Қожа Ахмет Ясауи» кесенесі

Бұдан басқа, облыс орталығы мен оның маңында тарихи және сәулеттік көз тартарлық мекендер, қажылық орындар, қорықтар баршылық. Айталық, Түркістан оңтүстік өлкенің ең ежелгі қаласы болып есептеледі. Бұл қала ислам ақыны Қожа Ахмет Ясауи арқасында әйгілі болды. Ол қайтыс болғаннан кейін әйгілі Ақсақ Темірдің пәрмені бойынша «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесі салынды. Оны салып жатқан кезде қабырғасы бірнеше рет құлап қалған деген аңыз бар. Ақырында әмірге түсінде аян беріліп, алдымен Ясауидың рухани тәлімгері Арыстан-бабаға кесене салу керектігі жеткізіледі. Осылайша Отырар қаласының жанынан Арыстан-баба кесенесі пайда болған еді. Қазір бұл жаққа қадам басқан қажыға барушылар мен туристтер әуелі Арыстан-баба кесенесіне,  содан кейін ғана Түркістандағы мавзолейге барады. Бұдан әрі орналасқан Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелері Ахмет Ясауидің құрметіне салынған.  Ал ежелгі Отырар қаласы мұнда аса көрнекті философ Әбу-Насыр Әл-Фарабидің туғанымен әйгілі. Сол сияқты Қаратаудың етегінде жатқан Ұқаш-ата құдығының сыры да тым тереңде жатыр. Өлкенің тағы да бір қызықты ауданы – сан ғасырлық тарихы бар Сайрам. Ақсу  өзені бойындағы қала шежіреге, орта ғасырлық ғалымдар мен ислам қайраткерлері жерленген ескі кесенелер мен ескерткіштерге бай. Бүгінде мұнда «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.

b25daec4e0d4e32d98d571742ee0381e_xl

Ақсу-Жабағылы қорығы

Шымкенттің төңірегінде Азиядағы ең ескі Ақсу-Жабағылы қорығы да орналасқан.  Оның бірегейлігі алуан түрлі бояуларда тұрады: қылқан жапырақты және арша ормандарына  ауысатын құрғақ дала, тау шындарын безендіретін биік тау алқабындағы көгал – бәрі бар мұнда! Бұл жерді табиғи жағдайларда жануарлар мен құстардың сирек кездесетін түрлері мекендейді, жойылып кету қауіпі төнген өсімдік түрлері өседі. Тұмса табиғаттың нағыз мерейлі мекені. Бас айналдыратын тасқынды өзендер мен сарқырамалар,  шуақты көгілдір аспанның бейнесі шағылатын тау көлдері – осында. Табиғат пен көркемдікті бағалай білетін адамдар мұнда өздері үшін саялы орын табады.

Қаратау тауының қойнауында еліміздегі ең жас табиғи қорық жайғасқан.  Таудың басында тастан салынған «тақ» бар. Оған кез келген адам отырып, айналадағы әсемдікті  бірнеше метр биіктіктен тамашалай алады. Таудың саф таза ауасы, шипалы өсімдіктері мен бұрқырап аққан қайнар суы Қаратау қорығының жақсы жақтарын еселей түседі. Мұндағы бай өсімдіктер әлемі жүздеген бірегей өсімдіктерді қамтиды. Олардың бірқатары Қызыл кітапқа енгізілген. Қорықтың фаунасы жабайы жануарлар мен құстарға толы. Олардың құрып кету қаупі төнген түрлері қазір сақтауға қойылған.

Шымкенттен 50 шақырымда Бүргүлүк тоғайлы сай-саласы орналасқан. Онда айналадағы өсімдікке ылғал беріп және шатқалды салқындатып, мөп-мөлдір аттас өзен ағады. Осы жердің ауасы адам денсаулығына қолайлы әсер ететін фитонцидтерге қанық.  Бұл – тыныс алу органдарын, жүйке жүйесін, жүрек ауруларын емдеу үшін қолайлы  жер.

af97010a1de5729876e70bc83a153894

Сайрам-Су шатқалы

Мөлдір өзендер ағатын, тау текелер, аюлар, тіпті қар қабыланы да кездесетін көркем Сайрам-Су шатқалы өзінің екі түсті көлімен әйгілі. Көлдің бір жағы көгілдір, ал екінші жағы ақшыл-көк түспен көмкерілген. Аңыз бойынша, осы тауларда бір замандарда бір тайпа тұрған. Тайпаның көсемі ханмен құдаласып, оған қызын бермек болған. Бірақ мұны естіп қойған қыз әжесінің батасын алып, қарапайым бақташымен қашып кетеді. Қоштасарда кемпір немересіне көгілдір тасы бар сақина мен жылан тәрізді көк білезікті сыйға тартады. Мына тірлікке қатты кейіген әкесі қызы соңынан қуғыншыларды жібереді. Қыз манағы сақинаны жерге тастаған кезде, көгілдір түсті көл пайда болады, ал жерге білезігін тастаған кезінде ақырсыздық белгісі болып табылатын сегіз саны түріндегі тағы бір көл шыға келеді. Содан бері осы екі көл қатар тұрып келеді деседі…

rl5wtf3owvc

Ақмешіт үңгірі

Шымкенттің жанында «Ақмешіт үңгірі» деген де жер бар. Ағаш өсетін, құстар ұшып жүретін ең құпиялы жер. Мұнда жылдың кез келген кезеңінде үңгірдегі 9-15 градусқа жуық бір ғана температура сақталады. Оңтүстік төңірегі түрлі аңыздармен әйгілі, бірақ дәл осы үңгір туралы әңгімелер ең көп. Оның бірінде жоңғарлар шабуылы кезінде үңгірде балалар мен әйелдер тығылғаны туралы баяндалады, екіншісінде бұл адамдар мен малға шабуыл жасайтын айдаһар тұрғаны туралы баяндалады. Үңгір  бақылаушысының сөзі бойынша, ертеде бұл жерде жер асты жолдары бар мешіт болған. Айтушылар үңгір өзінде оқылған мыңдаған дұғаларды сақтайды және ғажайып күшке ие болады дегенді жеткізеді. Мұнда келген ауру кісілер өз денсаулығы туралы, әйелдер ана бақытын сұрап, дұға оқиды.

7sfynosei_g

Қазығұрт тауы

Өңірдегі тағы бір тарихи тамаша мекен Шымкенттен 40 шақырым жерде орналасқан Қазығұрт тау массивіндегі Нұх кемесі келіп тоқтаған жер. Осы оқиға құрметіне қазіргі шеберлер мұнда ағаштан және металдан «ұшатын кемені» жасады. Оның төбесіне көтерілгенде, ұшы-қиыры жоқ даланы және айбынды тауларды көруге болады. Ал Ата-Ана тауы туристерді өзінің тылсым жұмбағымен тартады. Жергілікті халық олардың Адам мен Хауа екенін айтады. Жартас екіге  қақ жарылған және одан өткен адам күнәсіз, яғни оның ойы таза деп есептеледі.

Қазіргі таңда оңтүстік өлке  жақсы демалысты бағалай білетін барлық адамдар үшін ашық. Қала қарқынды өсуде, туризм дамуда, тауларда, шатқалдарда, өзендер мен көлдерде тамаша демалыс аймақтары ашылуда. Шымкент тек қазақстандықтардың ғана емес, таяу және алыс шетел тұрғындарының назарын өзіне аударып, туристік орталыққа айналуды жоспарлайды. Оңтүстік өңірдің дамуын, соңғы уақытта білдірген туристердің қызығушылығын бақылай отырып, керуендер қайта оралып келе жатқаны туралы сенімді түрде айтуға болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы