
Шымкентте коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесімен ерікті түрде вакциналау науқаны басталды, – деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шаһарға коронавирусқа қарсы вакцинаның 1000 дозасы жеткізілді.
«Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалада вакцина қабылдаған алғашқылардың бірі болды. Ол №3 емханаға барып, екпе алдында дәрігерге тексерілді. Қарсы көрсеткіштер анықталмағандықтан, ерікті түрде вакцина салдырды. Қазіргі таңда денсаулық жағдайы жақсы», - деді әкімдіктен.
«Спутник-V» вакцинасының 1000 дозасы қалалық Қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылып, бүгін таңғы сағат алтыда төрт емханаға жеткізілді. Егу жұмыстарын жүргізу үшін қаладағы емханалардың базасында 4 вакцинация кабинеті ұйымдастырылып, вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыштар орнатылды.
Мәлім етілгендей, медицина қызметкерлеріне ерікті түрде вакцина егу үшін тізім қалыптастырылған. Сонымен қатар, барлық медицина қызметкерлері үшін вакцинация бойынша семинар-тренигтер өткізілген.
Айта кетейік, вакциналауға қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексереді.
«Вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу және қатаң локдаун енгізбеудің жалғыз баламасы», - деді Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
