22 мау, 2023 сағат 12:52

Шымкент әкімдігі басқармасының басшысы ұсталды

Көрнекі фото: Massimo Ravera/Getty Images

Шымкентте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы басшы ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

"Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

Соттың санкциясымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды" - делінген ведомство хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.