08 мау, 2020 сағат 12:49

Шығыс Қазақстанда орта ғасырлық қалашықтың орны табылды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының аумағынан орта ғасырлық қалашықтың орны табылды. Бұл жайлы белгілі археолог Әбдеш Төлеубай мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Археологтың айтуынша, көне шаһардың орны Қаратал ауылына қарасты Жіңішке өзенінің бойы мен Саржыра ауылының маңынан табылды. Алайда оның нақты қай кезеңге жататынын дөп басып айтуға ерте. 

«Орта ғасырлық қалашық 5 ғасыр мен 12 ғасырға дейінгі аралыққа тиесілі болуы мүмкін. Осы Зайсан ауданындағы Саржыра деген жерден де қалашық табылған. Екеуінің аралығы - шамамен 25-30 шақырым. Қалашықтардан қыш құмыра сынықтары, құрылысқа пайдаланған шақпақ тастар, мыс ыдыстардың сынықтары, мыс пышақ, тастан ойылып шебер жасалған әшекей бұйымның қалдықтары табылды. Бұны әйгілі Жібек жолының кішігірім бір тармағы десе де болады. Негізгі жол Жоңғар қақпасына қарай кетеді. Яғни, Жетісудан басталады. Екінші бір тармағы Тарбағатайды бөктерлеп, Ақсуат, одан ары Зайсан, одан Жеменей, қара Ертістің бойымен Қытайға қарай өткен. Осы жолда қала жұрттары, қоныс орындары табылып жатыр», - дейді Әбдеш Төлеубай. 

Оның сөзінше, енді қазба жұмыстары жүргізіледі. Қалашықтың нақты кезеңі сол кезде белгілі болмақ.

Айта кетейік, археолог Әбдеш Төлеубай Зайсан ауданы Шілікті ауылынан үшінші «Алтын адамды» тапқан.