07 қар, 2016 сағат 14:02

Шығыс Еуропадағы бабалардың ізі

Тарихтан жеткен мəдени құндылықтарымыздың ұрпақ тəрбиесінде алатын орны орасан. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы далада күллі Еуразия құрлығын уысына ұстаған талай алып мемлекеттер болды. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан сол бабалардың заңды мұрагері», – деп арнайы тоқталған болатын. Біз де өзіміздің жас оқырмандарымызға қатпарлы тарихымыздың ашылмай қалған беттерінен мағлұмат беруді мақсат тұтқан едік.

Халықаралық Қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Сейсенбай Құдасов армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеп, ғылымға өзіндік үлесін қосқан ғалым. Қазақ ғылымы зерттеп үлгермеген армян және армян жазулы қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттеу нәтижесінде 1 монография (1990), 3 кітап: екеуі Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша (2000, 2010, 2013), армян-қыпшақ ескерткіштері және түркі мұралары бойынша республикалық және шетелдік ғылыми басылымдарда қазақ, орыс, қырғыз, түрік тілдерінде 70-тен астам ғылыми мақала жариялаған. Міне, Сейсенбай ағамен сұхбаттас болудың сәті түсіп, әңгімемізге кірісіп те кеттік…

– Əдебиет пен тарих шалғай жатқан екі ауыл ма, əлде бір пұшпақ па? Əуелі осыны тарқатып айтсаңыз…

– Өзім тіл білімінің маманы болғандықтан айтарым, тіл сол тілде сөйлейтін халықтың тарихымен, этнографиясымен, яғни əдет-ғұрып, салт-дəстүрімен, діни-рухани дүниесімен, дүниетанымымен, тіршілік еткен ортасымен, шаруашылығымен байланысты болады. Осы аталған жəне аталмаған өзге  де адамзат тіршілігінің аясындағы атаулар мен ұғымдар тілде көрініс табады. Сондай-ақ, бір халықтың тарихи даму кезеңдеріндегі өзге халықтармен, өзге өркениеттермен түрлі байланыстары да тілдің сөздік қорында сақталады. Жер-су атаулары мен кісі аттарында, яғни ономастикалық атауларда тарихи деректер молынан сақталатындықтан оларды сенімді тарихи дереккөз ретінде пайдалануға болады. «Тіл – халықтың қазынасы» деген қанатты сөздің айтылуы да сондықтан. Мысалы, тіліміздегі «Барар жерің Балқан тау, Ол біздің барған тау», «Ұлын – Ұрымға, қызын – Қырымға» деген тіркестерде ата-бабаларымыздың тарих көшінің бір кезеңінде басынан өткен оқиғалары көрініс тапқан жəне ол сапар бір рет қана емес, қайталанып отырғанын көрсетеді. Алдыңғы тіркесті Шыңғысханның Батысқа жорығы кезінде Венгрияға қоныс аударған Қыпшақ ордасының кейін Балқанға өтуімен байланыстыруға болатын сияқты. Ал Ұрым дегеніміз – Византия, Қырым – ортағасырларда қыпшақтардың кеңінен жайлаған жері. Батыс Түрік қағанатының Византиямен қарым-қатынасы жайында Естеми қағанның 568 жылы Константинопольге елші жібергені тарихи деректерде хатталған. Батыс Түрік қағанатының елі қазақ халқының негізін құраған ру-тайпалар болғаны мəлім.

Қазіргі түркі тілдері қыпшақ, оғыз, қарлұқ тілдері деп аталатын үш үлкен топқа кіретіні белгілі. Осының ішінде қыпшақ тілдері тобына жататын қазақ тілінің қалыптасу, даму тарихын зерттеуде ортағасырлық қыпшақ тіліндегі жазба мұралардың алатын орны ерекше. Орта ғасырлар қыпшақ тілдерінің іштей жіктеліп, жергілікті ерекшеліктеріне байланысты ара-жігінің  ажырай бастаған кезеңі болатын. Қыпшақтардың тарихын білмейінше, ортағасырларда сына (руна) жазуымен, араб, көне готика, армян əліпбилерімен хатқа түсіп, бүгінгі күнге дейін жеткен қыпшақ тіліндегі жазба мұралардың тарихи, тілдік, этномəдени ерекшеліктерін білу де мүмкін емес. Сондықтан да жазба мұралар тілін зерттеумен айналысатын адамның тарихпен еріксіз болса да айналысуына тура келеді. Өйткені, тарихи қыпшақ тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің сабақтастығы тек тілдік материалдармен ғана емес, тарихи деректемелермен де негізделуі тиіс.

Орта ғасырларда қыпшақтар тек қазіргі Қазақстан аумағын ғана мекендеп қоймағаны, Шығыс Еуропа, Византия, Қап тауының арғы-бергі беті мен Мысыр, Шам, тіпті, Үндістанға дейін жеткендері белгілі. Жетіп қана қоймай билік жүргізген, жергілікті халықтармен қоян-қолтық араласып, олардың өркениеттерінің дамуына өз үлестерін қосқан. Бейбарыс сұлтанның Мысырды билеген уақытында əр аптаның сəрсенбі күні «Қымыз күні» болып белгіленіп, қымызханаларда (бұл жерде арабтардың жылқының еті мен сүтін пайдаланбайтынын айта кетуіміз керек) қымыз таратылатынын араб тарихшылары жазып кеткен. Мəмлүк сұлтандары араб тілін біле тұра ресми кездесулерде, дипломатиялық құжаттарда қыпшақ тілін пайдаланғандары да тарихтан белгілі. Қыпшақ тіліндегі жазба мұралардың көпшілігінің арабша-қыпшақша сөздіктер болып келетіні осындай қажеттіліктен туындаған.

Құдасов Сейсенбай Жолайұлы

Сонымен қатар, мадияр (венгер), латын, славян, армян, грузин тілдерінде сақталған жазбалардан жеткен тілдік деректерді зерттеу үшін де сол кездегі тарихи оқиғаларды, ол еңбектердің жазылуының алғышарттарын  тарихи деректермен дəйектеп отыру керек.

Шет жерде, жат ортада жүрсе де олар өздерінің ата-бабаларының тілін, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрыптарын жоғалтпай сақтауға тырысып қана қоймай, өз биліктеріндегі халықтарға таратып та отырғанын тарихи деректер болмаса білмеген де болар едік. Сондықтан да тіл тарихы мен ұлт тарихы өзара байланысып, астасып жатады.

– Түркологияға қалай келдіңіз? Сол кезгі саясаттың ғылымға, соның ішінде бұратана халықтар тарихына көзқарасы алалы бола тұра ғылыммен шұғылданған жастардың өмірі қалай болып еді?

– Университетті бітірген жылы (1979) ҚазКСР ҒА Тіл білімі институты жариялаған конкурстан өтіп, ғылым докторы, ҚазКСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Ахмеди Ысқақов басқаратын Түсіндірме сөздік бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым.

Ол кезде Институтта «Жас ғалымдар ұйымы» деп аталатын, əр аптаның бейсенбі күндері ғалымдардың қатысуларымен өтетін жиын болатын. Баяндамашыға ғалымдар сұрақ қойып, өз пікірлерін білдіріп, ақыл-кеңестерін беріп отыратын. Институтқа сол кезде біршама жастар қабылданған еді, бірі лаборант, енді біреулері кіші ғылыми қызметкер дегендей. Институт директоры академик Əбдуəли Қайдаров əрқайсымызға баяндаманың тақырыптарын беріп, дайын болғандарына сол жиында баяндама жасататын. Бұл өзі жас ғалымдардың білім деңгейін тексерудің жəне кімнің неге икемі барын білудің бір жолы еді. Осындай жиынның бірінде қазақ тілінен мен де баяндама жасадым. Кейінірек Əбекең кабинетіне шақыртып: «Түркологияда аз зерттелген ортағасырлық армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеумен шұғылдансаң қайтеді», – деп сұрады. Мен қиналсам да тақырыпты қарап көруге келістім. Сөйтіп, зерттеу тақырыбыма байланысты 1981 жылы Түркология жəне қазақ тілінің тарихы бөліміне ауысып, ортағасырлық армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеумен шұғылдана бастадым. Академик Ісмет Кеңесбаев бас-қаратын бұл бөлімде Əбжан Құрышжанұлы, Құлмат Өмірəлиев, Бабаш Əбілқасымов, Əрсен Ибатов, Есет Жұбанов,  Балқаш Бафин, Тоқтар Арынов сияқты тіл тарихының беткеұстар мамандары жұмыс істейтін.

Зерттей келе менің білгенім, армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеу Қазақстанда ғана емес, əрісі əлемдік түркологияда, берісі Кеңес Одағында кенжелеп дамып келе жатқан ғылым саласы екен. Ол жылдары шетелдік басылымдарға қол жете бермейтін, ал Т.И.Груниннің 1967 жылы жариялаған, 1559-1567 жылдарды қамтыған, немістермен соғыс кезінде жоғалып кеткен №4386 акт кітабынан басқа дүние аз. Украинада А.Н.Гаркавец пен Я.Р.Дашкевичтердің, Қазанда И.Абдуллиннің еңбектері енді-енді жарық көре бастаған кезең еді. Осы қиын да қызық тақырыпты зерттеу тапсырылған менің алдымда армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің мəтіндерін оқып, тіліне талдау жүргізу үшін алдымен армян əліпбиінің орта ғасырлық нұсқасын игеру, оның қыпшақ тілінің сөздерін белгілеудегі ерекшеліктері мен өзіндік жүйесін (армян тілі мен түркі тілдерінің дыбыстық құрамы сəйкес келе бермейтіндіктен, таңбалардың позициялық қолданыс, қосар таңбалармен белгілеу ерекшеліктерін), мəтіндерде көп кездесетін славян, армян сөздерінің мағыналарын анықтаудан басқа, славян тілдерінің əсерінен құрылымы бұзылған сөйлемдердің грамматикалық ерекшеліктерін дұрыс айқындау сияқты айтуға жеңіл болғанымен, орындалуы қиын міндеттер тұрды.

Ең алдымен маған армян əліпбиін үйрену керек болды. Армянша білетін ешкім жоқ, Арменияға іссапарға баруға қол қысқа. Груниннің кітабында келтірілген армян əріптерін жаттауға кірісіп, оларды тез-ақ үйреніп алдым. Сөйтіп, армян-қыпшақ ескерткіштерінің тілін зерттеп жүрген ғалымдармен – Польшада Эдвард Трыярски, Украинада А.Н.Гаркавец, Татарстанда И.Абдуллиндермен хат жазысып, ғылыми байланыстар орнаттым. 1982 жылы Киев, Қазан қалала-рында іссапарда болып, жоғарыда аталған мамандардан кеңес алдым. Киев архивіндегі армян-қыпшақ тіліндегі қолжазбалармен таныстым. Мұқабасы былғарымен (кейбірі картонмен) тысталған, көлемі негізінен 27х40 см, қалыңдығы 200-300 парақтай қыпшақ тіліндегі акт кітаптарын қолыма ұстағанда, көңілім қобалжығаны рас, өйткені бұл осыдан төрт жарым ғасыр бұрынғы қыпшақтардың қолынан шыққан дүниелер еді. Өз бетімше үйренген армян əліпбиінің баспалық нұсқасы жайына қалды, əртүрлі қолтаңбалармен жазылған кітаптарды оқу үшін басынан бастау керек болды. Сол жолы Александр Николаевич Гаркавецпен достасып, ол ұстаз, мен шəкірт болып, бір апта сол кісінің үйінде тұрып, акт кітаптарының біраз парақтарының көшірмелерін алып, олжалы қайттым да, келе салып түпнұсқаларды оқумен шұғылдандым. Нəтижесі жаман болған жоқ, армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін түпнұсқадан оқитын деңгейге жеттім.

1984 жылы Украинаның Киевтегі Орталық-тарихи архивіне алты айға іссапарға жіберілдім. Ол жерде сақтаулы тұрған 1572 жылдың 19 наурызы мен 1663 жылдың 13 тамызына дейін түрлі іс қағаздары тіркеліп отырған қыпшақ тілінде жазылған Каменец-Подольскі войты сотының 28 акт кітабымен (көлемі 15438 бет) толық танысып, зерттедім. Акт кітаптарында тіркеліп отырған құжаттарда кеңсе қағаздары стиліне тəн штамптар, сөз оралымдары, əр документтің датасы мен билердің аты-жөндері, мазмұндас текстердегі қайталаулар көптеп кездеседі. Сондықтан да бұл құжаттарды бір ғасыр бойы хатқа түсіп, өзінің функционалды стильдері қалыптасқан қыпшақ тілінің іс-қағаздары стилінің үлгісі ретінде бағалауымыз керек.

Армения. Қыпшақаванк. 2005 ж.

– Армян жазулы қыпшақ тіліндегі жазбалар қай дəуірдің ескерткіштері?

– Қолда бар деректер бойынша, ХІV ғасырда қазіргі Украина, Молдова, Румыния жерлеріне қоныс теуіп, қауым (община) болып өмір сүрген, христиан дінінің армян-григориан бұтағын тұтынып, қыпшақ тілінде  сөйлеген этникалық топтың армян əліпбиімен қыпшақ тілінде жазып қалдырған, сипаты жағынан əртүрлі, көлемі мол мұралары – армян жазулы қыпшақ ескерткіштері.

Қыпшақ тілінің XVI-XVII ғасырлардағы сипатынан мол мағлұмат беретін, əзірге белгілі жазба деректер, негізінен, қазіргі Украинаның Каменец-Подольск, Львов қалаларында армян əліпбиімен қыпшақ тілінде хатқа түсірілген, сипаты жағынан əртүрлі, көлемі мол жазбалар түркітану ғылымында «армян-қыпшақ ескерткіштері» деген шартты атаумен белгілі.

Біздің дəуірімізге жеткен жазба ескерткіштер ХVІ ғасырдың 20-жылдары мен ХVІІ ғасырдың аяғын қамтиды. Одан бұрынғы кезеңде жазылғандары жоғалған, əзірше тағдырлары белгісіз. Дегенмен, кейінгі кездерде табылып жатқан қолжазба кітаптарға қарағанда бұл мол мұраның ерте дəуірінен хабар беретін жазбалардың бір жерлерде сақталып, табылып қалуы да мүмкін. Олай деуіміздің себебі, 2012 жылы Украинаға барған іссапарымызда, Каменец-Подольск Армян войттығы сотының 1572-1663 жылдарды қамтитын қыпшақ тіліндегі 28 акт кітабы мен Андрей Торосовичтің «Философиятасының құпиясы» (1631) атты шығармасы сақталған Киевтегі Украина мемлекеттік тарихи мұрағатының директоры И.Кисиль мырзадан Белоруссиядан тағы бір акт кітабының табылғанын, бірақ оның XIX ғасырда украин тілінде жазылған еңбек екенін білдік. Армян-қыпшақтардың жазба мұралары олардың экономикалық, саяси-əлеуметтік, мəдени өмірінен мол  мағлұмат беретін, жанры мен стилі жағынан əртүрлі, көлемі үлкен жадығаттар. Осы саладағы кейінгі зерттеулерде бұл жазба мұралар: 1) тарихи жазбалар; 2) құқық кодекстері мен акт құжаттары; 3) филологиялық еңбектер; 4) діни əдебиеттер; 5) көркем шығармалар; 6) жаратылыстану-ғылыми əде-биеттер деп алты топқа бөлініп қарастырылып жүр.

Армян-қыпшақ ескерткіштері Украинаның Киев, Львов қалаларындағы мұрағаттарында, Арменияның Ереван қаласындағы көне қолжазбалар кітапханасы Матенадаран қорында, Мəскеу, Санкт-Петербург кітапханаларында, сондай-ақ, Польша, Франция, Румыния, Нидерланды, Италия, Австрия елдеріндегі мұражайлар мен мұрағаттарда, жеке адамдардың қолдарында сақталған.Бұл мұралар Арменияда емес, негізінен, қазіргі Украинаның Каменец-Подольск, Львов қалаларында жазылған. Матенадаранда сақтаулы «Қыпшақ тілінің грамматикасы», армянша-қыпшақша сөздіктер, жыл қайыру, діни еңбектер Украина жерінде жазылып, Арменияға кейіннен əкелінген дүниелер. Қыпшақ тілінде сөйлеп, христиан дінінің армян-григориан бұтағын тұтынған, қауым (колония) болып өмір сүрген бұл этникалық топтың армяндар əлде қыпшақтар екендігі ғылымда басы ашық қалып келеді. Осы мəселеге байланысты пікірталастарда: «Егер олар қыпшақтар болса, онда христиан дінін қабылдаған күннің өзінде ұлттық, рулық менталитеттерін жоғалтуға не себеп болды? Армяндардың əлемнің жартысын билеген қыпшақтарға діни, саяси əсері ондай дəрежеде бола алмаған, сондықтан олар қыпшақтар емес, Қырымда ассимиляцияланған армяндар», – деген пікірлермен қатар, лингвистикалық, яғни тілдік тұрғыдан зерттеушілер тарапынан: «Бір халықтың тілін екінші бір халықтың армян-қыпшақтар сияқты терең меңгеруі мүмкін емес, сондықтан олар қыпшақтар болуы керек», – деген пікірлер бар. Бұндай пікір қайшылықтары түйіні қиын бұл мəселені əлі де түбегейлі түрде, жан-жақты – этнолингвистикалық, экстралингвистикалық, тарихи-эт-нографиялық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.

Украина. Львов. 1628 жылғы Армянша-қыпшақша сөздік.

– Аударма жасау, ескіше армян жазуы мен қазіргі қазақ грам-матикасының айырмашылықтарын жіктеп кесте құрастыру, армян тіліне сіңіп кеткен қыпшақ сөздерін қопару қалай жүрді? Қалай еңбектенгеніңізді сөз етіңіз…

– Əрине, қазіргі қазақ тілімен жазба мұралар тілі түгелімен сəйкес келеді десек қателескен болар едік. Тіл де заман көшіне ілесіп дамиды, жаңа ұғымдар мен атаулар пайда болады, сөздің лексикалық мағынасы кеңейеді немесе тарылады, тіпті, қолданыстан шығып, архаизмге айналады. Ал грамматикалық құрылысына келер болсақ, құрылымы  басқа тілдік ортаның қыпшақ тілінің сөйлем жүйесіне əсері күшті болғанын көреміз. Сондай-ақ, діни мəтіндерде көне армян тілінен, ал құқықтық, акт құжаттарында славян, латын тілдерінен енген сөздер көп кезде-седі. Сондықтан, сөздікпен болса да, армян, латын, поляк тілдерінен хабардар болмаса болмайды.

Армян əліпбиінің бір ерекшелігі, араб жазуындай емес, дауысты, дауыссыз дыбыстар толық таңбаланып отырады. Қыпшақ тілінің өзіндік дыбыстарын белгілеу үшін дыбыстық жағынан ұқсас, кейде қосар əріптер қолданылып отырған. Қыпшақ тілінің сөздік құрамы өте бай, синонимдер мен теңеулер кеңінен қолданылып отырғанына бір мысал келтіре кетейін: «Теңрідəн аваз келді, иемге кетмəк ойым бар – тəңірден əуез келді, иеме (о дүниеге) кетпек ойым бар». Осындай ерекшеліктерін ескеретін болсақ, аударма емес, қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілінің қалпына түсіру дегеніміз дұрыстау болар.

Ал енді армяндар мен қыпшақтардың байланысына келсек, Оңтүстік Кавказға Сыр бойының қыпшақтары Селжүктердің құрамында (ХІ ғ. оңтүстік арқылы барған. Ал Шаруханның ұлы Артық хан бастаған Дон өзенінің бойын жайлаған 40000 үйлі қыпшақ (200000-дай адам) Грузин патшасы Давидтің шақыруымен 1118 жылы Дарьял асуы арқылы Қап тауының арғы бетіне өтіп, күйеуге сүйеу болғаны «Давид патшаның тарихы» атты грузин жылнамасында жазылған. Грузияның егемендігін қалпына келтіруді көздеген Давид патша сол кездегі үлкен саяси жəне əскери күш болған қыпшақтарға арқа сүйеу мақсатында, 1109 жылы армян əйелінен ажырасып Артық ханның қызы Гурандохт/Турандохтқа үйленген болатын. Қыпшақ əскерінің күшімен Давид патша Грузия мен Арменияны селжүктерден тазартып, Арменияны қоластына қаратады. Давид патшаның ұрпақтары да – ұлы Григорий мен Тамар патшайым – əкесінің салған ізімен қыпшақтардан қол үзбей, үнемі байланыста болады. Сол кезеңдерде қыпшақтар толқын-толқын болып Оңтүстік Кавказға өтеді. Сонда тұрып қалған қыпшақтардың бір бөлігі христиан дінін қабылдағандары жайында грузин тарихшылары жазып қалдырған. Тамар патшайымның (1166-1213 жж.) ел билеген кезінде Құтлұ Арслан, Шиабер, Апридон, Құбасар сияқты қыпшақтар билікке араласып, мемлекеттік қызметтерде болады.

Тамар патшайымның əскери қолбасшысы ағайынды əмірсыпасалар Закария мен атабек Иванэ Арменияны селжүктерден азат етуде үлкен еңбек сіңірген. Жаудан босатылған өңірлерден жер сатып алып, онда қоныстар мен шіркеулер салдырғаны жайында армян тарихшыларының еңбектері мен эпиграфиялық ескерткіштерде нақты деректемелер келтірілген. Солардың ішінде атауын сақтағаны Ғыпчах (1946 жылдан Һарич) ауылы мен 1206 жылы салынған Ғыпчакаванк (ғыпчақ+аванг (монастырь) шіркеуі.

Армения Республикасының Түркиямен шектесетін Ширақ облысында Артик (Артық) деген аудан бар. Аудан орталығы Артик (қазіргі атауы) қаласының күншығысында 2-2,5 шақырымдай жерде, таудың баурайына қоныс тепкен Қыпшақ деген шағын ауыл бар. Ауылдың атын 1946 жылы Һарич деп ресми түрде өзгерткенімен, жергілікті тұрғындар күні бүгінге дейін бұрынғыша Ғыпчағ деп атайтындарын көрдік. Бұл осы жерге қоныс тепкен қыпшақтар жайындағы нақты мысалдың көрінісі. Туф тасынан қаланған монастырьдың қабырғасында əр кезеңде қашалып жазылған жазулардың арасынан қыпшақтар жайында деректер кездесіп отырады. Ең соңғы дерек 1696 жылы жазылған екен. Соның бірінде Хупасарандардан жүзім сатып алынғаны айтылған. Яғни, Артық ханның қосынымен Грузияға келген қыпшақтардың Арменияға да қоныстанғанын көреміз. Бұл ойымызды соңғы жылдары Арменияның Қазақстандағы елшісі болып қызмет атқарған, қазақ-армян халықтарының тарихи-мəдени байланыстары жайында еңбектер жариялап жүрген Э.Хуршудянның «Хупсаренц» – «Хупсардан шыққандар», яғни əмірсыпасалар болған Қубасардың ұрпақтары деген пікірі дəлелдей түседі.

Грузияда билік басында болған Қубасардың ұрпақтары  аталарының атымен аталуын заңды құбылыс, қазаққа тəн дүние деп қарасақ, онда ауданның Артық атауын да кезінде Артық ханмен Дешті Қыпшақтан Грузияға өтіп, бір ғасырдан кейін (əлде ертерек?) Арменияға қоныс тепкен, қолбасшысының атымен аталып жүрген Артық ханның қосынымен байланысты қарауға негіз бар. Арменияны мекен еткен қыпшақтардың уақыт өте келе Түркияға қоныс аударып, кейіннен Украина жеріндегі армян-қыпшақ қауымдастығының құрамына енулері де əбден мүмкін.

Армян тіліндегі тұрмыстық атаулар мен кейбір этнографиялық ерекшеліктерден берісі қыпшақи, əрісі жалпытүркілік байланыстарды анықтауға болады. Мысалы, армян-дардың 7 атаға дейін қыз алыспауы 11-12 ғасырлардан басталыпты. Жігітке қалыңдықты ата-анасы таңдап, құда түсіп алып беру əлі күнге шейін сақталып келеді екен.

Украина. Львов. Бөренедегі қыпшақ тіліндегі жазу.

Армян тіліндегі əрісі жалпытүркілік, берісі қыпшақ тілі элементтеріне келер болсақ, ол арнайы зерттеуді қажет ететін өзекті тақырып. Мысалы, қойды армянша очхар, хой деп атауы көне армян жазбаларында  көрініс тапқан. Қоржын мен алашаның түр-түрі жасалуымен ғана емес, аталуымен де ұқсас (хорджун, алача), кат – сүт (қатық сөзімен салыстырыңыз), суджук –жаңғақтың дəндерін ұзындығы 60 см-дей етіп жіпке тізіп, қайнап қойытылған жүзім шырынына малып алып (қою шырын жаңғақ дəндерінің сыртына ішектей жабысып, ауа жібермейді) жасалған тағам түрі, хаш – ас, хашлама – қой етінен бұқтырылып жасалған тағам. Сонымен бірге малшылардың тасқорығы, сорпаны томыртқалап ішу, далада сірне пісіру, шикі еттен бастырма жасау, айраннан, қатықтан сорпа жасау, құрт, ірімшік жасау сияқты этнографиялық ерекшеліктер армяндарды қыпшақтармен  жақындастыра түседі, яғни тұрмыстық деңгейдегі өзара байланыстар болып саналады. Ал ондай байланыстарды ғасырлар бойы сақтаудың тамыры тереңде жатқандығының куəсі болса керек.

Армян антропонимдеріндегі түркілік қабат əр тілді халықтардың ұзақ уақыттар бойы аралас-құралас өмір сүріп, саяси-мəдени ықпалдастықта болғандығын көрсетеді. Этноантропонимдер жүйесін құрайтын Абдал-ян, Баяндур-ян, Ғазах-ян, Ғазах-ес-ян, Ғазар-ян, Алаш-керт-ян, Байлар-ян, сияқты атауларда ежелгі тайпалар туралы ақпараттар сақталған. Мысалы, Абдал – армян тарихи жазбаларындағы эфталиттердің атауы; Алаш, Алаш-керт (алаш қала) – бұл сөздің қазақтың алаш атауымен байланысы болуы мүмкін, алаш атауы  өте көне жазбалардан белгілі, олай болса Алаш этнонимі де қазақ атауы сияқты ежелде пайда болып, мыңжылдықтар бойы Кавказда ономастикалық атауларда, ал қазақтардың тарихи жадында сақталып, Алтын Ордадан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтерген елдің атауына айналған деп қарауымызға мүмкіндік береді. Қазақ тілінің қазіргі қолданысында «атам қазақ айтқандай», «Алты алаш» дегендей ұғымдар халықтың тарихи жадында сақталып келіп, тарихи сананың оянуына байланысты жаңғырған Алаш, қазақ сөздерінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Т.Аветисян армян жалқы есімдерінің құрамындағы Ғазах/Kасах атауларының пайда болуын Қазақ топонимімен байланыстырады. Арменияны арнайы зерттеген П.Шопеннің айтуынша, он төрт рудан құралған қазақтар қазіргі Армения жерін, оның ішінде аталған Артық ауданын мекендеген. Сондықтан армян патронимдеріндегі қазақ атауы тек топоним ғана емес, этнониммен де байланысты деп қарауымыз керек болады.

– Ғылыми іссапарларыңыз турасында…

– Басында айтқанымдай, армян жазулы қыпшақ ескерткішін зерттеу мақсатымен Украина (Киев, Львов 1982, 1984, 2012), Армения (Ереван, 2005, 2006, 2011, 2012) архивтері мен кітапханаларында жұмыс жасадым.

1993 жылы ҚР ҰҒА Тіл білімі институты ғалымдарының құрамында ҚХР ШУАР Ұлттық тіл жəне жазу комитетінің шақыруымен Құлжа, Үрімші қалаларында ғылыми іссапарда болып, ортатүркі жазба мұраларының Қазақстанда зерттелуі жайында ғылыми қызметкерлерге дəріс оқығаным бар.

Армян жазулы қыпшақ ескерткіштері саласының маманы ретінде ҚР Мəдениет, ақпарат жəне спорт министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті тарапынан Мемлекеттік «Мəдени мұра» бағдарламасының аясында Арменияның М.Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар институты мен АР Ұлттық мұрағаты қорында сақталған Қазақстан тарихына қатысты армян деректемелерін ғылыми-іздеу, анықтау жұмыстарын жүргізу үшін 2005, 2006 жылдары Армения Республикасында арнайы іссапарда болдым.

Месроп Маштоц атындағы Матенадаран Көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтының қорында 14 000 қолжазба сақтаулы, оның ішінде армянша 11000 қол-жазба, 3000 қолжазба парсы, араб, шағатай, осман жəне басқа тілдерде жазылған, 8 қолжазба – армян жазуымен қыпшақ ескерткіштері (олар Украинаның Каменец-Подольск жəне Львов қалаларында жазылып, Арменияға кейіннен əкелінген).

Матенадарандағы көне қолжазбалар жер астындағы арнайы залда сақталады екен, ауаның температурасы 7 градус. Қызметкерлер ақ халат, қолдарына қолғап киіп жұмыс жасайды. Оқуға берілген қолжазбаны қайтадан орнына қоймастан бұрын арнайы лабораторияда тазалаудан өткізеді.

Армян халқының кітапқұмарлығы таңғалдырады, кітапханаларда отырғандар – кілең жастар. Бір күні (2005 жылы) Матенадаранның кітап көрмесі залына балабақшаның жоғары тобының балаларын тəрбиешілері ертіп алып келіп, көне кітаптармен таныстырып жатты. Жас балаларға кітаптардың қорға келіп түсу тарихын, авторларын түсіндірген музей қызметкері осы мəдени мұраның армян деген ұлы халықтың мұрасы екендігін, ал балалар болса сол мұралармен мақтанып, көздерінің қарашығындай сақтаулары керектігін айтып бергенде қарап тұрған біз таңғалдық. Ұлтқа, ұлт мəдениетіне, ұлтжандылыққа тəрбиелеуді бесіктен бастаудың асыл үлгісі осы болар деп іштей қызыға да, қызғана қарадық.

Рисунок3

Халықаралық «Түркі академиясы» тарапынан 2011, 2012 жылдары Арменияға, 2012 жылы Украинаның Киев, Львов қалаларына арнайы ғылыми іссапарлар ұйымдастырылды. Филология ғылымдарының докторы, Мəмлүк қыпшақтары ескерткіштерінің маманы, профессор Сандыбай Боранбаев екеуміз қатысқан іссапарлардың нəтижесінде Армения аумағындағы араб жазулы эпиграфия-эпитафиялық ескерткіштердің, Киев, Львов қалаларының мұрағаттары мен кітапхана қорында сақталған армян жазулы қыпшақ тіліндегі көлемі 17 000 бетке жуық жазба мұралардың – Украинаның Киев қаласындағы Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы Каменец-Подольск сотының қыпшақ тіліндегі 28 акт кітабы мен Андрей Торосовичтің «Философия тасының құпиясы» атты алхимия, жаратылыстану бойынша жүргізген эксперименттері жазылған қолжазбасының, Львовта сақталған «Армянша-қыпшақша-полякша сөздік», түрлі заңнамалық-құқықтық құжаттар мен үйдің төбесіне салынған бөренедегі эпиграфиялық жазулардың цифрлық фотокөшірмелері алынып, Қазақстанға əкелінді. Зерттеушілерін күтіп жатқан бұл жəдігерлер Қазақстаннан басқа ешбір түркі елдерінде жоқ теңдессіз мол қазына.

– Аға, архивтің иісін суреттеп бере аласыз ба?

– Украинаның Киев қаласындағы Орталық мемлекеттік архивінде миллиондаған құжат сақталған. Архив қызметкерлерінің аяқ басқаны сезілмейді. Көне қолжазбаны ашқанда мұрныңа алдымен қағазды өңдеген дəрінің иісі келеді. Архивке кіргенде бойыңды біртүрлі сезім билеп, мыңжылдық тарихпен кездесердей əсерде боласың. Кітаптыңəр бетін ашарда үгітіп алар ма екенмін деген қорқыныш ұялайтыны да рас. Оқыған сайын тарих қойнауына сүңгіп, өзіңді сол кездегі оқиғалардың, сол адамдардың  арасында жүргендей сезінесің.

–  «Дана Хикар сөзінің» тілі» қалай дүниеге келді?

–  «Дана Хикар сөзінің» тілі» кітабының жарық көруіне халқымыздың біртуар азаматы, жүрегі қазақ деп соққан Өзбекəлі Жəнібеков ағамыздың тікелей ықпалы болды. 1987 жылы Инсти-тут директорының орынбасары Бабаш Əбілқасымов ағамыз мені шақырып алып, өзінің Орталық партия комитетінің идеология бойынша хатшысы Жəнібеков өткізген жиынға қатысып келгенін, сол жиында Өзекеңнің Тіл білімі институтын сынағанын айтты. Өзекең: «Армян жазулы қыпшақ ескерткіштері бар екенін білеміз, бірақ қолымызда бірде-бір жарияланған еңбек жоқ, не бітіріп отырсыңдар?» – депті. «Əңгімені естідің, ал енді армян-қыпшақтан не бересің?» – деп Бəкең сұрақты төтесінен қойды. Мен «ойланайын» дедім, ол кісі «ойлануға уақыт жоқ, жоспарға енгізуіміз керек» деді. Ойлана келе, армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің ішіндегі көркем аударма – «Дана Хикар сөзін» қазақ оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім. Ондағы ойым, бұл шығарманың сюжеті Көне Шығысқа кеңінен таралған, пайда болған уақыты Ассирия-Вавилония дəуірі, христиан діні туралы бірді-екілі жер-де айтылатындығы –кейіннен қосылған қоспа, жалпы идеясы – адамгершілікті, адалдық пен арамдықты, баланы жастай тəрбиелеу, мораль, яғни дидактика. Сондықтан да шығарманың тек тілші қауымына ғана емес, əдебиетшілер, педагогтар үшін де пайдасы болар деп ойладым. Өкінішке қарай, əдебиетшілер бұл тақырыппен айналыспады. 1990 жылы шыққан сол кітапты 2013 жылы шыққан «Əдеби жəдігерлер» сериясының 20 томдығына сол қалпында енгізіпті. Зерттеу жұ-мыстары енді қолға алынатын болар деп ойлаймын.

– Əлемдегі жəне Қазақстандағы түркологияның қазіргі ахуалы қандай?

– Кейінгі жылдары Мемлекет тарапынан ғылымға қаражат бөлініп, біраз ғылыми жобалар жүзеге асырылды. Мемлекеттік «Мəдени мұра» бағдарламасының аясында дүниежүзі кітапханаларында сақталған Қазақстан тарихына, мəдениетіне, тіліне қатысты еңбектердің көшірмелері жинақталды. Ендігі мəселе соларды рет-ретімен ғылыми айналымға енгізу. Ол үшін көне тілдерді меңгерген мамандар даярлау қажет. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінен мамандар даярлау үшін 2011 жылы мені Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шымкенттен арнайы шақыртып, магистранттарға дəріс жүргіздірді. Нəтижесі жаман болған жоқ, төрт магистрант армян-қыпшақ ескерткіштерінен магистрлік диплом жазып, сəтті қорғады. С.Төребекова қазір осы сала бойынша докторантурада білім алуда. Сөйтіп елімізде алғаш рет ортағасырлық армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінен арнайы мамандар даярланды.

Десе де, көңілге күдік ұялататын жағдайлар да жоқ емес, ол – ортаға-сырлық араб жазулы, латын жазулы ескерткіштер бойынша мамандар тапшылығы. Сондай-ақ, көне парсы, орта парсы тілдерінен мамандарды көптеп даярласақ тарихымызға қатысты парсы тіліндегі көлемі мол, құнды дереккөздерді пайдаланған болар едік.

Қазір Түркияда, Украинада түркология жақсы дамып келеді.Қырғыз ғалымдары мен əзірбайжандар қыпшақ дəуірі ескерткіштеріне назар аудара бастады. Жалпы орта ғасыр кезеңінің түркі тілдері мен тарихы үшін маңызды кезең болғандығын жоғарыда айтқанбыз. Ендігі мақсат бабалардан қалған сол мұраларды төкпейшашпай ұрпаққа аманат етіп қалдыру.

– Неге сенесіз, нені армандайсыз, неден қорқасыз, тапқан шындығыңыз қайсы? Ұрпақ тəрбиесіне алаң көңіліңіз не дейді?

– Аллаға сенемін. Жақсылықты көп көрсем деймін. Іздеусіз қалудан қорқам. Ғылымның киесі бар, ғылымға қиянат жасауға болмайды, киесі соғады. Қазақы қалыпты бұзатын жатжұрттық тəрбиеден аулақ болсақ, жас ұрпақты алдымен ана тіліміз-дің уызына жарытып тəрбиелесек деймін. Жастардың өз халқының мол мəдени мұрасын меңгергенін қалар едім. Ауыз əдебиетін терең білмей тұрып тілші боламын деген бос сөз.

– Əңгімеңізге рахмет!

 

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен», №9

(қыркүйек, 2016)