12 қар, 2016 сағат 12:32

Шығасы болмай, кіресі болмайды

Биылғы жыл жамбылдық диқандар үшін береке-молшылығымен есте қалатын шығар, сірә. Жауын-шашын мол болғандықтан, биыл Жамбыл облысы 250 мың гектар жерден дәнді дақыл жинап, тәуелсіздіктің ширек ғасырында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Әр гектардан орта есеппен 23 центнерден өнім алынды. Барлығы 592 мың тонна астық бастырылды. «Нан бол­са, ән де болады» деген, әрине, қамбамыздың тоқтығы мен дастар­қанымыздың молдығы, елдің амандығы мен тыныштығына ештеңе жетпейді. Лайым, бұл молшылық еліміздің шаруасын оңалтып, берекеге кенелте бергей.

Дегенмен де, биылғы жыл Табиғат-ананың тосын мінез танытып, әулие­аталықтарды әбігерге салуымен де ерекшеленді. Әрине, қыс жұмсақ болғанымен кей күндері аяз күшіне мініп, борандатып, Күйік пен Қордай асуларынан көлік өте алмай, ұзақ-сонар кептеліс болғаны рас. Бірақ бұл жағдай жыл сайын қайталанып жүргендіктен жұрттың бұған еті әбден үйренген. Мәселенің бәрі күн жылынған соң басталды. Жылда «Ағын су жоқ, егін қурап кетті» деп кетпенін лақтырып, жер тепкілейтін диқандар биыл «Қыр­ғыз жақтан су көп кеп қалмаса екен», деп үрейленумен болды.

Қырғыз еліндегі «Киров» су қой­масы Тараз қаласынан небәрі 40 шақы­рым қашықтықта орналасқан. Бұл су қоймасының жалпы сыйымдылығы 550 млн текше метрді құрайды. Биыл жауын-шашын мол болғандықтан жазда су деңгейі 540, 48 млн текше метрге дейін жетті. Өйткені, Қырғызстанның Талас облысының таулы аймақтарында жау­ын-шашын мол түсіп, су қоймасына секундына 244 текше метр су құйылып жатты. Қырғыз мамандарының айтуына қарағанда, мұндай телегей-теңіз судың ағып келуі бұрын-соңды болмаған екен. Нәтижесінде Таразды жанап ағатын Талас өзені арнасына сыймай, Жамбыл ауданының Жасөркен ауылының кей тұстарына су жайылып, осы елді мекенге тартылған газ құбырларын үзіп, одан облыс орталығындағы кейбір жер учаскелерін су басып қалды.

Әрине, ағын су арнасын табады десек те, арықтағы судың аз болғаны да, кенеттен көп болып кеткені де өте қауіпті екенін аңғарған Жамбыл облысының басшылары сәт сайын айыр қалпақты ағайындардың билігімен хабарласып, қадағалап отыру үшін сол жаққа арнайы адамдар жіберіп, жандарын шүберекке түйіп жүрді. Бұл қауіп әлі күнге сейілген жоқ. Сон­дық­тан жергілікті билік өзен-сулардың мәсе­лесін бір сәт назардан тыс қалдырған емес.

Ал 3 қараша күні түстен кейін бас­талған дауыл жамбылдықтарды тіптен, есеңгіретіп тастады. Желдің жыл­дамдығы бірте-бірте 35 м/секундқа жетті. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев тілшілерге берген сұхбатында Тараз қаласы мен бес ауданда барлығы 1754 нысан бүлінгенін айтады. Оның 454-інің шатыры желге ұшқан. Дауылдың күшті болғаны соншалық 53 мың тұрғын жарықсыз, 5 ауыл табиғи газсыз қалды. 36 адам дене жарақатымен ауруханаға түсіп, оның үшеуін дәрігерлер бақылауға алып, қалған 33 адам алғашқы көмектен кейін үйлеріне қайтарылды.

Облыста төтенше жағдай жария­ланып, алдын ала есеп бойынша шығын 470 млн теңгені құрады. Мұнда да төтенше жағдайы бар, басқа да шұғыл қызметтер, құқық қорғау, тіпті, мемлекеттік мекемелердің қызмет­керлері, «Оңтүстік» әскери округінің жауынгерлері жұмылып, қалпына келтіру жұмыстарымен әлі де айналысуда. Бүгінде бүлінген нысандардың 65 пайыздан астамы жөнделді. Облыс басшылары мемлекеттік материалдық резервтен көмек сұрап, арнайы хат жолдады. Төтенше жағдай зардаптарын жою үшін жергілікті атқарушы билік органдарының қорында 240 млн теңге бар. Барлық коммуналдық меншіктегі нысандар жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіріледі. Су, жылу, жарық, газ берілді.

Тағы бір мәселе – дауылдың кесі­рінен 8,7 гектарды құрайтын 10 жылы­жай бүлінді. Шығын 175 млн теңгені құрайды. Бұл жылыжайлардың несие ақшасына тұрғызылғанын және нағыз маусым кезінде бүлінгенін ескерген жергілікті билік банк басшыларымен сөйлесіп, несие соммасын төлеуді кейін­ге шегере тұруға келісіпті.

Әрине, табиғаттың мұндай тосын мінезіне қарсы тұрар шама жоқ. Дегенмен де, арқаны кеңге салмай, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет екен. Жұртты әбігерге салып, үлкен шығындар әкелген бұл жағдай­лар жергілікті билік үшін үлкен сабақ болғандай.

«Шығасы болмай, кіресі болмайды» деген, алтын күздің берекеге толы арайлы күндері әлі алда екеніне күмән жоқ.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы