Археолог Зейнолла Самашев бастаған зерттеушілер Шығыс Қазақстанның Ақбауыр шатқалынан сақ заманынан бері сақталған металлургиялық жәдігерлерді тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Ақбауыр шатқалында Зейнолла Самашевтің басқаруымен жүріп жатқан қазба жұмыстары тағы бір құнды ғылыми жаңалыққа жол ашатын түрі бар. «Алтай-Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырларға дейін» атты жобаның аясында археологтар бес ірі елді мекенде, екі қоршауда, екі ежелгі қазбада және жерлеу-еске алу сипатындағы нысанда зерттеу жүргізген.
Экспедиция жетекшісі Зейнолла Самашев табылған жәдігерлер ежелгі сақтардың тек мал бағып қана қоймай, қолөнермен, металлургиямен шұғылданғанын айғақтайды деп отыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Ақбауыр шатқалында болып, зерттеу барысымен танысты.
«Біз бұл жұмыстардан ата-бабаларымыздың металлургия мен тау-кен өндірісін меңгергенін көреміз. Бабаларымыздың кеннің сырын жетік меңгергенін дәлелдейтін жәдігерлер мақтаныш сезімін туғызады. Сондай-ақ, сол кездің өзінде еңбек бөлінісі болғанын байқауға болады. Біреу егіншілікпен, біреу металлургиямен айналысқан. Мұнда өндірістік кешендер, металл және ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін шеберханалар, сүйектерді өңдеп, тас құралдар жасайтын шеберханалар, қыш пештері, темір ұстасы болған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 11 ғасырда біздің ата-бабаларымызға тек көшпелі өмір салтын ғана емес, отырықшы өмірде қатар алып жүргенін дәлелдейді», - деді Даниал Ахметов.
Ол табылған заттар туристерді тартуға таптырмайтын жәдігер болатынын атап өтті. Көп ұзамай бұл жерден табылған құнды заттардан экспозиция залы жасақталмақ. Ерекше кескінді прото-қаланы шыны күмбезбен жауып, аспан астындағы музей ету жоспарланып отыр.