23 жел, 2019 сағат 12:10

ШҚО-да жолдар ашылды

Шығыс Қазақстан облысында 3 жолаушылар автобусы мен 19 жеңіл көлік қар құрсауында қалды, – деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Демалыс күндері бұрқасын болып, жол көрінбегендіктен республикалық және облыстық маңыздағы тасжолдар жабылды. Ескертуге қарамастан, құтқарушылар қала сыртындағы автожолдарға баруға мәжбүр болды.

Семей қаласынан 30 км жердегі «Омск-Майқапшағай» тасжолының 786-километрінде жеңіл көліктер тұрақтап қалған.

«ШҚО ТЖД мен «Қазавтожол» ЖШС қызметшілері жабылған жол аумағынан ішінде 37 адамы бар 19 жеңіл көлікті Семейге дейін жеткізді. Ал «Алматы-Өскемен» тасжолының 683-километрінде, Таскескен ауылынан 10 км қашықтықтағы жабық жерде Алматы-Семей және Тарбағатай-Алматы бағытындағы 3 автобус тоқтап қалған. Салонда 55 адам болған. Жолаушылар жылыту пунктеріне орналастыру туралы әкімдік ұсынысынан бас тартты. Медициналық көмек қажет болмады», - деп түсіндірді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы барлық жол ашық.

Дегенмен, ТЖД мамандары ШҚО тұрғындарына сапарға шықпас бұрын ауа райының жағдайын біліп отыру қажеттігін ескертті.