10 там, 2021 сағат 17:33

ШҚО-да сақ қорымдарынан табылған жәдігерлер Ұлыбритания музейінде көрсетіледі


Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорымдарынан табылған 300 алтын артефакт қыркүйек айында алғаш рет Ұлыбританияның Кембрид қаласында орналасқан Фицуильям музейіне қойылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл туралы 10 тамызда Би-Би-Си және басқа да жетекші британдық сайттар жазған. 

«Шамамен 2700 жыл бұрын жерленген ежелгі жауынгерлерге тиесілі алтын артефактілер алғаш рет Ұлыбританияда көрсетіледі. Шығыс Қазақстан облысындағы Сақ қорымдарынан алынған қазыналар Кембридждегі Фицуильям музейіне қойылады. Онда зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдері және басқа да заттар ұсынылады. Зерттеушілер оларды инвазивті емес технологияларды қолдана отырып зерттейді», деп хабарлады BBC News.

Беделді басылымдардың бірі – The Times көпшіліктің көңілін аударатын элемент – жас садақшының жерленген қорымы болатынын және үш сақ қорымынынан табылған қазыналар 28 қыркүйектен бастап көпшілік назарына ұсынылатынын хабарлаған.

Күнделікті шығатын Daily Mail газеті көрмеде 300-ден астам артефакт ұсынылатынын және олардың кейбіреулері мыңдаған ұсақ бөлшектерден тұратынын мәлім еткен. Сондай-ақ «Гардиан» басылымы көрмеде бұдан бөлек Қазақстанда соңғы жылдары ашылған ең керемет археологиялық жаңалықтар көрсетілетінін хабарлады.

Еске сала кетейік, ШҚО әкімі бұған дейін Елеке Сазы археологиялық кешеніне барып, ғалым Зейнолла Самашевтің басшылығымен жүргізілген археологиялық жұмыстардың барысымен танысқан еді. Содан кейін облыс зиялыларымен кездескенде аймақ басшысы Елеке Сазы шатқалындағы қазба жұмыстары барысында және Ақ-Бауыр ғибадатханасы кешенінен табылған бірегей олжалар Лондондағы көрмеге қойылатынын хабарлаған болатын.