Шығыс Қазақстан облысында 40-қа жуық жылқы ұрлаған 4 ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осыдан бірнеше күн бұрын полиция қызметкерлері Абай ауданында еркін жайылымнан 13 жылқы ұрлаған 24 жастағы тұрғынды ұстады. Осының салдарынан мал иесіне келтірілген материалдық залал – 5 млн теңгені құраған.
«Сондай-ақ тәртіп сақшылары 25 және 40 жас аралығындағы тағы үш ер адамды құрықтады. Олар өткен жылдың маусым-қараша айларында қараусыз жайылып жүрген 24 бас жылқыны ұрлаған. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігіне (мал ұрлығы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.