
Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы 2021 жылғы 30 қаңтардағы №3 қаулысына келесі өзгерістер енгізілді.
Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналы хабарлады.
«Шығыс Қазақстан облысының аумағында шектеу шаралары 2021 жылғы 14 ақпаннан 27 ақпанға дейін ұзартылады;
мешіттерде адам саны 30%-ға дейін болғанда, бірақ 100 адамнан аспаған кезде намаз оқуға (бес намаз), ұжымдасып құлшылық етуге рұқсат берілген. Сондай-ақ, сыйымдылығы 150 адамға дейін, толтырылуы 25%-дан аспайтын ауылдық жерлерде орналасқан мешіттерде ғана жұма намаз өткізуге рұқсат берілген;
облыс тұрғындары маска режимін ұстануды жалғастыру қажет. Қаулыда медициналық немесе матадан тігілген маскаларды дұрыс кию талаптары нақты көрсетілген: маска мұрынды, ауызды және иекті жауып, шеттері бетке тығыз жанасуы және бекітілуі тиіс;
қайта әлеуметтендіру және бейімдеу орталықтарына, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарына мәжбүрлеп емдеуге түсетін, тұрғылықты жері жоқ адамдар COVID-19-ға ПТР әдісімен зертханалық тексерулерден өтетін болады»,-делінген хабарламада.
