13 қыр, 2017 сағат 11:51

Шерхан Талап. Жаңа әліпби төңірегендегі дауға қатысты бірер сөз

Латынға көшу мәселесін біздің билік неге күрделендіреді? Кешегі мәжілістегі жиыннан кейін қоғам арасында қызу талқы басталып кетті. Жаңа әліпбиді асыға күткен халықтың сеніміне селкеу түсті. Күткені көңілдегідей болмай, үміті алдағандай болды. Мынау бір жүйесіз жұмыс кирилл қарпінен құтылуға құштар көңілдерді кері итермесе болғаны.

Осындай маңызды шешім қабылданар тұста жауапты тұлғалар жарға жықпаса керек-ті. Ал, жаңа әліпби жасаушылар әлі толық піспеген, шалажансар дүниені жұрт алдына жариялай салды. Қазір қазақ қоғамының белсенділігі артқан. Кез келген оқиғаға уақытылы пікір білдіріп, өз көзқарасын ашық айтып жүр. Оны кешегі жер дауы кезінде де көрдік. Әлеуметтік желілерде басталған наразылық әлеуметті қозғап жіберуі мүмкін.

Әуелгіде талқыға тасталған бір нұсқа шығар деп топшылап едік. Әлі де сараланып, кем-кетігі түзеле ме десек, құрастырушылардың қарқыны қатты. Іле-шала ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде «ұнады, ұнамайды дейтіндей бұл көлік не пәтер емес» депті тағы төтесінен. Әңгіме ауанына қарағанда осы нұсқаның бекітілуі үшін жан сала күреспек. Бұл жобаның негіз ретінде таңдалғанын да жоққа шығармады.

«Латынға көшу – заман талабы, жаһандық бәсекеге қабілеттілік» дедік. Ішімізге бір бармағымызды бүгіп, «кирилл қарпінен құтылу – орыстан он қадам әрі жылжу» деп күбірледік. Сол арқылы Ресейдің ықпалынан біржола босайтындай байыз таппадық. Ал, енді сенім артқан серкелеріміз онсыз да алаң көңіл халықты әрі-сәрі күйге салып қойды.

«Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» атты оқу құралының авторы, оқытушы-профессор Құралай Күдеринова да бұл әліпбидің ең тиімсіз, сорақы нұсқасы екенін кесіп айтты.

Наразы жұрттың көбісі көптаңбалықты қолай көрмей отыр. Оның үстіне дыбыстардың жоғалу қаупі тағы бар. Сол себепті «бір дыбыс - бір əріп» принципін ұстануды жөн санайды. Кейбір кірме дыбыстарды ("в", "ф", "ц", "ч", "х") қайта қарау қажеттілігін де талап етушілер көп.

Қалай болғанда да, ұсынылған әліпбиді тез арада қайта қарамай, мәселені ушықтырып аламыз. Онсыз да әркім өзінше долбарлап, сан түрлі пікір сапырылысып кетті. Бұны қазақтың латынға көшуін қолдамайтын топтар өз мүддесіне пайдаланып кетуі де мүмкін.

Тағдыршешті кезеңде Шаяхметов атындағы орталық халықты шатастырмасын. Әліпби ауыстыру – ұлттық тарихи қадам. Тәуекелге байланған тағдырлы сәт. Биліктің соңы белгілі кезекті сахналық қойылымы емес. Ұлтты ұйыстыратын, бір мүдденің төңірегіне топтастыратын оқиға. Әліпбидің әр әрпі, таңба-белгісі біз үшін маңызды.

Қазір біз жаңа әліпбиге жатырқай қарап, қырықпышақ боп қырқысып жататын уақытта емес едік. Біз қазір жас пен жасамыстың жаңа әліпбиді қалай үйренері туралы бас қатыруға тиісті едік. Ал, енді мына тартыс - қай тартыс?!.

Шерхан Талап