27 қыр, 2023 сағат 10:51

«Шенеуніктің көмекшісімін»: Алматы тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін ұсталды

Фото: Halyq Uni

Алматы тұрғыны өзін құқық қорғау қызметкері, жоғары лауазымды шенеуніктердің көмекшісімін деп таныстырып, параға әртүрлі мәселені шешуді ұсынған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдардың қызметіне байланысты қандай да бір мәселені шешу сылтауымен алаяқтықтың, оның ішінде пара беруге итермелеумен ұштасқан алаяқтықтың жалғасып жатқан жағдайларына назар аударады.

Атап айтқанда, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 1986 жылы туған қала тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

Ол өзін құқық қорғау органдарының қызметкері, жоғары лауазымды шенеуніктердің көмекшісі ретінде таныстырып, әртүрлі мәселені шешу бойынша өз қызметтерін ұсынған. Сондай-ақ, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы азаматтардың мүлкін аса ірі көлемде жымқырған. Ақшалай қаражат мемлекеттік органдарда оң шешім қабылдатуға арналған" - делінген хабарламада.

Агенттік мәліметінше, күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Ал қолда бар мәліметтерге сәйкес, азамат басқа да осындай қылмыстар жасаған болуы мүмкін.

"Егер Сіз немесе Сіздің таныстарыңыз күдіктінің әрекетінен зардап шегіп, сондай-ақ тергеу амалдарына пайдалы ақпаратқа ие болса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келесі тәсілдердің бірімен хабарласуыңызды сұраймыз:

1. Департаментке мына мекенжай бойынша хабарласыңыз: Алматы қаласы, Жібек жолы көшесі, 15

2. 8 (7272) 78-73-00 немесе 1424 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз

3. Telegram-бот @antikorkz_bot жазыңыз" - делінген хабарламада.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.