29 қаң, 2021 сағат 10:00

Шенеуніктердің сән-салтанатты өмірге құмарлығын құр шектеумен тыя алмаймыз - Шпекбаев

Қарапайымдылық пен кішіпейілділік – мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының қалтқысыз қағидасына айналуы тиіс. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Біз тек шектеу шараларымен шенеуніктердің сән-салтанатқа толы өмірге құмарлығын жоя алмайтынымызды түсінуіміз қажет. Қымбат шипажайда отбасымен суретке түсу, бренд дүкендерден шоппинг жасау, қымбат көлік міну – бір сәтте әлеуметтік желілерде тарап, халықтың заңды сынына ұшырайды. Дана халқымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айтпаған», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Оның пайымынша, қарапайымдылық пен кішіпейілділік – мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының қалтқысыз қағидасына айналуы тиіс. 

«Бұл ең алдымен, басшы лауазымдағы шенеуніктер мен оның отбасы мүшелеріне қатысты. Біз барлық қоғамды жұмылдыра отырып, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет», - деді агенттік төрағасы.