08 сәу, 2026 сағат 12:31

Шекара асып жасалған сұмдық: қазақстандық әйел бала саудасы үшін 12 жылға сотталды

 

Фото: ашық дереккөз


Қырғызстанда кәмелетке толмаған балаларды сатумен айналысқан қазақстандық әйел ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметінше, ол адам саудасына қатысты ауыр қылмыс жасағаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Тергеу деректеріне сәйкес, қазақстандық азамат пен оның сыбайласы –  Қырғызстан азаматы балаларды ел аумағынан заңсыз шығарудың тұтас схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық топ кәмелетке толмағандарды сатып алып, оларды үшінші тұлғаларға берген.

 

Анықталғандай, қазақстандық әйел Израиль азаматының қатысуымен ақша және мүлік үшін үш баланы сатып алған. Тергеу барысында балаларға қатысты ауыр және адам шошырлық әрекеттер жасалғаны белгілі болды: оларды жалаңаш күйде суретке түсіріп, интимдік мазмұндағы материалдарды шетелдегі адамдарға жіберген.

 

Сонымен қатар қылмыстық топ тағы екі баланы «қорғаншылыққа алу» арқылы заңды түрде иемденіп, оларға да осындай заңсыз әрекеттер жасаған.

 

Іс Бішкек қаласындағы Бірінші май аудандық сотында қаралып, 2026 жылғы 12 наурызда үкім шықты. Нәтижесінде:

 

Қазақстан азаматы – 12 жылға,
Қырғызстан азаматы – 11 жылға бас бостандығынан айырылды, мүліктері тәркіленді.

 


Тергеу бұл істі трансұлттық сипаттағы ауыр қылмыс ретінде бағалап отыр.

 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 23 жастағы әйел жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған жерінде ұсталған еді.